Есімі есте қалатын - Ес аға

Есенқұл Жақыпбек - ақындар мен батырлар елінің айтыскер-ақыны . Өзінің өнер жолын жас жігіт болып бастаған, алғаш айтыс лауреаты - Ес аға, өз өнері жайында былай деген: " Алғаш өлең жазып жүрген кезімде әкем Серікбай аса жақтыра қойған жоқ. Әкем өлеңді суырып салып та, жазып та айта беретін кісі еді. Өзі шертпе күйдің шебері. Домбыраны қырнап тартатын.  Күні кешке  домбырасын тыңқылдатып отырып, өлең, өнер, ақындар жайында ұзақ әңгімелер айтатын".

Өз басым, Есенқұл Жақыпбекке еліктем өстім десем, артық емес. Ұзынағашта тұрғанымда, Ес ағаға барып сабақ алып, өмірлік дана әңгімелерін тыңдап жүретінмін. Ең бір есте қаларлықтай, мен үшін, тарихи сәт болған күн осы күн: Мен шамамен 10-11 жасар болатынмын, сол кезде пиаонино мен домбыра сабақтарын алып жүрген шағым еді. Музыкалық мектебімде "Күз ханшайымы" атты байқауы өтті. Әрбір қатысушы қыз өз өнерін көрсету керектігі - талаптардың бірі еді. Мен сол кезде Есенқұл аға өлеңдерін күнде жаттап, бос уақытымда мәнерлеп айтып жүретінмін. Байқаудың күні, біз, қыздар қобалжу үстіндеміз, біреулер биін дайындап, біреулер, өлеңін айтып тұр, мен болсам, Ес аға кітабын қолыма алып, өлеңдерімді  2-3 қайталап шықтым да қойдым. Бірде, Есенқұл Жақыпбектің өзі кіріп келді. Менің қобалжуым одан әрі күшейді.Бірақ, жүрегіме бір жылу берілгендей болды. Өнерлерімізді көрсетер уақыт та келіп жетті. Сахнаға шығып Есенқұл ағаның "Алдай-ау" өлеңін бар дауысыммен, ынтаммен айтып, залдан Ес ағамның: "Жұп болсын" - деген сөзін естігенімде ерекше сезімге бөленіп, "Біздің елдің жігіттері" атты өлеңін тағы айттым. "Күз ханшайымы" атандым. Есенқұл Жақыпбек сол күні жеңімпазға өз алғаш айтысқа шыққан домбырасын сыйға алып келіпті. Мен үшін бұл домбыра - әлі күнге дейін баға жетпес сый, мұра.

Осы күннен бастап, Есенқұл Жақыпбек- мен үшін, поэзиядағы ең ұлы тұлға. Үлгі алар жан. Біртуар азамат.

Өкінішке орай, жақсы адамның ғұмыры қысқа боладыекен ғой, есімі есте қалатын Ес аға осыдан 4 жыл бұрын мәңгі сапарға аттанып кетті. Жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болғай...

 



Бөлісу: