2019 жыл қалай өтті? (Эстафета)

Жыл сайын Аяз атаға хат жазамын дегенімді естіп, әріптесім Айбар "Қиял екенсің" деп бір күліп алған еді. Шынымен, жыл аяғына жақындаған сайын биыл не істедім, келесі жылы нені қалаймын, нені істей аламын деген сауалдар туады. Биылғы жылды әріптесім Әсел Асанова бастаған эстафетаны жалғау арқылы аяқтасам деймін. 

Жыл цитатасы: "Адамдар тағдыр деп жүрген нәрсе, шынында, олар жасаған ақымақтықтың жиынтығы". Артур Шопенгауэр

Орындалған арман: Биыл тауда түнеп, жұлдызды аспанды тамашаладым және паспортым жаңа мөрлерге толды.

Үздік әнші: Мен үшін биылғы жылдың үздік атағына лайықты әншілер – Оңтүстік Кореялық топ BTS. Одан бөлек, Қазақстанды Аршат Хайролланы атап өтер едім.

Үздік ән: "Microcosmos" (BTS), "Everything i wanted" (Billie Eilish), "Young Dumb and Broke" (Khalid), "Үнсіз" (ARShAT).

Үздік фильм: Мен – киноманмын. Әр демалыс сайын бірге тұратын қыздармен кино қараймыз әрі оны талқылаймыз. Өз басым триллер, драма жанрындағы фильмдерді жақсы көремін. Комедия жанрындағы фильмдерді сирек көремін. Бүгін ТОП-5 фильмдерді ұсынамын:
1. Суровое испытание (Оңтүстік Корея, триллер)
2. Паразиты (Оңтүстік Корея, триллер)
3. Лучшее предложение (Италия, драма)
4. Мой первый клиент (Оңтүстік Корея, драма)
5. Клаустрофобы (АҚШ, триллер)

Үздік сериал: Мені жақсы білетін адамдар міндетті түрде бір кәріс дорамасын атайтынымды біледі. Содан бастайын:
1. Когда цветет камелия (Оңтүстік Корея)
2. Сверхъестественное (АҚШ)
3. Bir Toqsan (Қазақстан)

Үздік әртіс: Гон Хе Чжин. Ол – қызықты жобаларды таңдай білетін актриса. Оның кәрістің қуыршақ секілді қыздарына ұқсайтын "жасанды" сұлулығы емес, эмоциясы әрі шынайлылығы баурап алады.

Үздік кітап: Биыл қағаз кітапты қолыма алмадым. Есесіне, ұялы телефонымдағы электронды кітаппен достастым. Биыл оқыған кітаптарымның арасында "Гении и аутсайдеры" (Малкольм Гладуэлл), "Оливер Твист" (Чарльз Диккенс) қатты ұнады. Қазір "Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы" деген кітапты оқып жатырмын.

Үздік бағдарлама: "Большой выпуск"(Антон Птушкин), "Жизнь других". Екі бағдарламада саяхатпен тығыз байланысты. 

Жылдың үздік тағамы: Карбонара пастасы. Әсіресе, үйде “махаббатпен” дайындалған пастадан артығы жоқ.

Жыл сусыны: Сәуір майы салынған ыстық сүт. 

Ең керемет күн: Апам (әпкем) мен жездемнің ұлды болып, сүйінші сұраған күні.

Үздік кеш: Менің туған күнім. Мені таңғалдыру оңай емес. Өйткені, тосынсый ұйымдастырып жатқанын алдын-ала сезіп жүремін. Бірақ, білдірпеуге тырысамын. Туған күнімде Америкада бірге жүрген құрбым келеді деген ой келмепті. Нағыз күтпеген сый болды.

Жылдың үздік сайты: Фотографтардың жұмыстары мен идеялары туралы birdinflight.com сайты мен түрлі рецензиялары арқылы қуантатын soyuz.ru сайтын атап өтер едім. 

Жыл әсері: Биыл сіңілім Алматыда колледжді аяқтап, диплом алды. Атыраудан ата мен мамам (әжем), апаларым мен жеңгелерім қуанышқа ортақтасу үшін келді. Тілек айтып отырған кезде, біз қаламасақ та есейіп жатқанымызды түсіндім және соны қабылдау маған қиын болған сияқты

Ең керемет адам: Апам (әпкем) – Гүлназ. Ешкімге айтпайтын нәрсені ең бірінші оған айтамын. Ең бірінші қуанышыммен бөлісемін. Кез келген уақытта сенім арта алатынымды білемін. 

Жыл сыйлығы: Досым құмырадағы гүл сыйлаған. Сол гүлді өсіріп, оған арнайы ыдыс сатып алып, оны қайта егіп, күтім жасадым. Гүлім өсіп жатыр.

Керемет жаңалық: Университеттегі құрбымның тұрмысқа шығатыны қуантты.

Жыл өкініші: Биыл ағылшын курсына барып үлгермедім. Жоспарымда IELTS тапсыру болған еді. Бірақ, келесі жылға қалды.
Жыл қаласы: Мәскеу

Жыл шытырманы: Жездем мен апам Алматыға келіп, кешкісін үшеуміз мейрамханаға бара жатқанбыз. Жездем ұялы телефонын такси ішінде түсіріп алды. Оны іздеп біраз сандалдық. Кейін такси жүргізушісі телефонды көтеріп, тауып алғанын айтты. Біраздан соң, телефоны қолына тиген жездем рахаттанып тамақ ішіп алды.

Үздік YouTube арна:Әріптесіміз Ернар Алмабектің Sayahat Time арнасын жылдың үздігі деп атар едім. Қатарға Украиналық блогердің "Фальшивый критик" пен АҚШ видео-мейкері Tim Milgram арналары ұнайды.

Жыл блогері: Айна Досқызы, Данат Алиев есімді блогерлерді инстаграмнан оқимын.

Эстафета кезегін массагетте жиі блог жазып жүрген Kim Goiyan лақап атымен танымал блогерімізге, әріптестерім Алибек Оразбай, Аслан Қажиев пен Айбар Рысдаулетке жолдаймын.



Бөлісу: