2011 - жұлдызды жыл!

     2011 жыл - құтты жыл болғаны үшін Құдайға мың шүкір. Әдетте, әр жылдың еншісінде кеткен әдемі сәттерді ақ парақтың бетіне түсіріп отырушы едім. Бүгін, айналайын Массагет,  жылдың үздік сәттерін өзіңе қалдырамын. Бұл жыл - мен үшін жағымды әсерлі сәттерімен қол бұлғайды, өткенге көз жүгіртсем. Жылдың 300 күнінде үздік сайт - ОН.КЗ-те тіршілік кештім. Ешкімге айтпаған, айтқым келмейтін сырларым мен мұңдарымды, сүйіншілеп жеткен хабарымды да сонда ақтардым ең бірінші. Ең, ең әсерлі танысу - Он.КЗ-тің қыздарымен жаздың жайма шуақ кешінде қасиетті Оразаның "ауыз ашарында" танысу. Жылдың жұлдыздары - алаштық журналисттер. Үздік тележурналист - Мейіржан Әлібекұлы. Жағымсыз тележурналист - Дина Төлепберген.  Таңдаулы әнші - Тамара Асар. Үздік әзіл-ысқақ театр -  Базар жоқ. Үздік кітап - Розатайдың берген кітабы. Үздік газет - Алаш айнасы мен Мойынқұм таңы. Журнал - Жұлдыздар отбасы. Үздік блогшы - Болатбек Мұхтар. Жылдың зу-зу алдаушысы - Жарқын Алаш,үздік ән - Руслан Мамытбековтың "Жаса қазағым" әні. Жылдың үздік ансамбльі - әрнине, Музарт. Осы жылдың ақпан, қараша айларында Таразда өткен концерттері ең әсерлі кештерім. Жұмысым да алға басты. Көптеген мерекелерге байланысты ұйымдастырылған форумдарда мінбелерде баяндама жасадым. Менің сүйікті ісім. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен құттықтадым мінбеде аудан жұртшылығын. "Тәуелсіздігім - алтын тұғырым" атты форумда жасаған баяндамамнан кейін, қатысқан Парламент мәжілісі депутаттығына үміткер ағамыз келіп, "жарайсың қызым, баяндама жасауды сенен үйрену керек екен дедім" деп қолымнан алып, қайта-қайта мақтағаны мен үшін жылдың үздік марапаты. Сондағы барлық игі жақсылар "жарайсыңдап" қолымды алып, бетімнен кезек-кезек сүйгендері үлкен мәртебе болды. Сондай-ақ, "Мемлекеттік тілге" байланысты өткен облыстық конкурста 22 команданың ішінен 3-орын алғанымызда да "жарайсың" деп игі жақсылар тілектерін жаудырған. Тағы бір жетістігім, арманым - көлікті болғаным. Сол бір күндер әдемі кештерге ұласқаны тағы бар. Жылдың тосын кездесуі - пиццерияға жиналған блогшылар қауымына жылдың алғысы! Сол кездесуді ұйымдастырған Ғазиза мен үшін - жыл адамы. Көкейде жүрген қызығушылықты жүзеге асырған Әзиздің мафиясы - үздік ойын.) Үздік мереке - Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, жыл өкініші Жаңаөзендегі тәртіпсіздік. Жыл қорқынышы - машинамен жолдың шетіндегі бордюрге шығып кетіп, елдің жағасын ұстатқаным.

   Міне, 2011-жылым осылайша есте қалып отыр. Бұның барлығы менің ең, ең, ең сүйікті істерім. Бастысы, ата-анам, бауырларым шапқылап,  солардан күш-қуат алып жүруім бар бақытың бастауы болары сөзсіз. Мен, осылайша өмір сүргенді жақсы көремін. Санаулы күндері қалған өтер жылға өкпем жоқ. Келер жыл құтты болсын!




Бөлісу: