ТАЛҒАМСЫЗДЫҚ ТАУҚЫМЕТІ немесе мүгедек мәтіндер хақында

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы»- демекші бұл тақырыпқа қалам тербегенде өнер өлкесінде өзіндік ізін қалдыруға талпынған жандардың тауын шағып, тұқыртып алуды мақсат еткен жоқпыз. Керісінше, кейбір жандардың желпіндіріп, аспандатып айтқанына иланбастан, өнер жолының қиын жол екенін және де адал жол екенін сезінсе деп едік. Осыдан 6 жыл бұрын қазақ  эстрадасындағы мәнсіз мәтіндер төңірегінде "Талғамсыздық тауқыметі" атты мақала жазған болатынбыз... Біршама уақыт өтседе, бұл тақырып әлі де өзекті... "Баяғы жартас, бір жартас". Өзгерген кейпі көрінбейді. Енді осы аралықтағы әндердің басын қосып, "Талғамсыздық тауқыметі-2" атты мақала дайындап жатырмыз. Оған дейін алғашқы мақаланы оқымағандар үшін қайта салып отырмын... Танысып шығыңыздар, мархабат!

Қазіргі таңда «тыңдаушының құлағын тескен» есер дауысты әншісімен бірге, талғам-талаптан жұрдай, мағынасыз, дені дұрыс емес, дүмбілез,  мәнсіз мәтіндер қаптап кетті. Иә, этика-эстетикасы тырдай жалаңаш, көркемдік сапасы сын көтермейтін «миғұла», «мүгедек» мәтіндер де жетерлік. Сосын, қара сөзді ырғақсыз, ұйқассыз гөй-гөйлетіп, құр дабырлататып айқайлай беретіндер де көбейді. Қисынға келмейтіндей жазылып, қисық айтылатын немесе о баста түзу жазылғанмен, сөз мәнісін ұқпайтындар бұра тартып, «майыстырып, қайыстырып» алған әндер де баршылық.  Әбден, айтыла-айтыла ауыз көпіріп, жазыла-жазыла жауырланған тақырып болса да, нәтижесі  шамалы болғасын, тағы бір қайта оралып соққан артықтық етпес деп отырмыз. Бәлкім, айтыла берсе, «сөз де, тыңдаушы да» түзелер.

 

Құр айқай бақырған
Жүрекке ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?

Еске тағы да Абай түседі. Иә, құлақ етін жеген шудан жүйке қажыды.  Қазіргі әндерді тыңдап отырып қазақ эстрадасын мағынасыздық жайлап барады-ау деген ойға еріксіз қаласың. Біз бүгін осындай мәнсіз мәтіндердің бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.Осы күні Сырым Исабаев айтып жүрген, «Мен сені сүйеді екем...» әні былай басталады: «Уақыттың жылжымайтын, Теңізі арада тұр». Жылжымайтын теңізді көріп пе едіңіз?! Логикалық байланыс қайда? Ойлары шашыраңқы, ашып жеткізе алмаған. Немесе «Мен сені сүйеді екем, Атыңды жаттай алмай, Мен сені сүйеді екем, Жыласам тоқтай алмай». Не мән бар осы мәтінде... Атын жаттай алмайтындай не көрініпті, сүйсе жүректе жазылып тұрмай ма?! Хош делік, атын жаттай алмай-ақ қойсын. Бірақ бұл «мен сені сүйеді екемді...» ақтап тұр ма?! Ал, немесе төртінші  тармақтағы тоқтай алмай жылау арқылы сүйетінін дәлелдеу қаншалықты нанымды. Ойлап көріңізші... Мәтіннің өн бойынан дені дұрыс, төрт аяғын тең басқан, бір сөзді кезіктіре алмайсыз... Кейінгі кездері «Жігіттер» тобы да ән мәтініне салдыр-салақ қарайтын болып жүр. Бір танылып алғасын болды дей ме екен, тыңдарман талғамымен санасуды қойды. Мысалы: «Қалаға келген қара қыз» әнінің қайырмасы мынандай:

Ертеңгі күннің бәрі аңыз,

Болғанмен көркем қаламыз.

Абайлап алға қараңыз,

Қалаға келген қара қыз.

Төрт тармақ төрт жаққа тартып тұр. Ұйқастыру үшін ғана алынған сөздер. «Ертеңгі күннің бәрі аңыз, Болғанмен көркем қаламыз» арасында не байланыс бар. Не мағына бар... Мұның ұйқасады демесеңіз «қара қызға» не қатысы бар?! Үйлесім, үндестік дегеніңіз атымен жоқ.«Аспанға» дейтін той әнінде, «Көрген кезде сәлеміңді аяма, көрмесең де сәлеміңді аяма» деген жолдар бар. Осыдан не түсінесіз?! Құрастырылған, үйлесімнен ада, өлі сөздер жиынтығы. Немесе «Сен ойлама, Сен жылама, Жүрегіңді қинама. Бұл сәттер де өтіп кетер, Сен көзді ашып жұмғаныңша. Тәтті күндер әлі алдыңда, Бақыт табарсың әлі өмірден». Өлең мен әнді әуезді ететін алдымен ұйқас болу керек. Мынау қара сөз ғой.  Ал, «Ана» әнінде:

Ана сүтін сен де емдің,

Ана сүтін мен де емдім.

Ана сүтін пайғамбарым,

Мұхаммед (С.Ғ.С) ол да емді.

Мұны жіктемей-ақ, бір тармаққа сыйдыруға болады. Әрі жаныңа қозғау салатын куатты күші жоқ жаттанды сөздер. Мұндайдан қашу керек қой, өнер адамы. Ұйқас жағынан да ұятты. Жоқ, әнмен ұйқастырып жіберуге болады деп ойлай ма екен?! Не десек те, бұл «Жігіттердің» ән мәтініне деген талғамының күрт төмендегенін көрсетеді.

Ал,  Арман Дүйсеновтің: « Айналайын жеңешем, Аймалайын жеңешем», «Аяулы дидарың, ағама қимадым» - деген жолдарында қандай тәрбиелік мән бар. Орашолақ ой айтудан алдына жан салмапты. Осы, өзі ән салатын, өзі сөзін жазып, өзі әнін шығаратын «талантты» жандарға «таңқаласың». Ән бір буынды тәрбилейтін құрал болғасын, өнерпаздар өзі үшін емес, тыңдарман үшін жұмыс істесе жөн болар еді-ау. Бейбіт Қорғанның орындауындағы  Серік Сыздықовтың әніне жазылған Арман Дүйсеновтің «Тыңдашы жаным» дейтін туындысын тыңдап көрелік: «Аязда тоңған құстай боп қалтырайын, Елестеусіз бір таң атырмай жаным...» Санаңызға бірдеңе барды ма?! Осындай мағынасыздық, ойсыздық, эстрадамыздың бетіне лай жағып тұрғанын «классиктеріміз» түйсінер ме екен.

Қар түсті қалың,

Жауып сенің салған жолыңды маған.

Сен үнсіз қалдың,

Махаббат жоқ, бәрі, бәрі де жалған...

Неге екенін білмеймін,

Не жылап, не күлмеймін,

Жүрегім сен дейді...Бұл Айгүл Иманбаева орындайтын «Күздің соңғы күні» әнінің  мәтінінен үзінді. Жұмыр да шымыр ойды, ой түгіл  ұйқасты емге таппайсыз. Міне, бір дертке бір дерт қосылып жатыр. Сахнаның төрінен көрініп жүрген Қайрат Нұртастан да сансыз қате табуға болады. Алдымен, қайбір жылы «хит» болған «Арман» әнін таразыға салып көрсек:

Арман!

Адастырмай  мені қоя тұр,

Жалған!

Құшағыңды маған жая тұр!

Бір қайнауы ішінде жатқан шала-жансар шикі дүние. Ән мәтінін өлең деуге болмас. Қарапайым логикага салғанда арман дегеніміз - адастырмайтын шырақ сияқты  болу керек қой. Ал оның әнде «адастыратынын» біле тұрып, «қоя тұр» деген де еш қисынға келмейді. Өлеңді енді бастаған жас та бұлай жазбайтын шығар. Сосын қазір жастар арасында кең таралып, айтылып жүрген осы Қайрат Нұртас орындауындағы Олжас Отардың сөзіне жазылған Бауыржан Есебаевтың «Ауырмайды жүрек» әнінде де қисынсыздық өріп жүр:

«Неге ояттың мені, жүрмедің бе?

Ой-санамды мәңгі жауламай» Мұнда  «мәңгі» сөзі орынын тауып тұрған жоқ. Сондықтан «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіреді»- деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы сөздің сәнін кетіріп тұр. Әрі ұйқастары да әлсіз. Бір сөзді «болмаса» мен «ауырмайдыны» қайталап, «күндер» мен «түндерді» ұйқастырып айта беруге болады екен-ау. Сосын екінші шумағындағы мына бір жолға көңіл бөлсек:

Біздей емес, ол жақ жылы дей ме?
Самғай бер, қанатың талмасын.
Жылатасың-дағы, жұбатасың,
Әрбір сөзің батқан қорғасын
.

Не түсіндіңіз?! Бұлдыр ой, бұлыңғыр мағына, көмескі сурет.Ойды анықтап жеткізе алмаған. Ал «Үнсіз жүрек» әнінде:

Үнсіз жүрек, үнсіз кеуде, 
Өтіп жатты үнсіз түндер.
Тура қарап айтшы маған, 
Бар ма бақыт бұл өмірде?

Ұйқасқан бір буынды көріп тұрған жоқпыз. Сонымен қатар, «Тура қарап айтшы маған, Бар ма бақыт бұл өмірде» бұл не сөз?! Ой мен ойды үйлестіру,  қиюластыру жағы кемшін. Әрине бұл Қайраттың кемшілігі емес, бірақ әнге, мәтініне талғаммен қарау әншінің басты міндеті болса керек! Қазіргі көп әншілеріміз ән әдемі болса болды, сөзге мән бере бермейді. Екеуі үйлеспесе, оның жүрекке жетуі де неғайбіл. Шынтуайтына келгенде, бұл нағыз қасірет! Ал, енді Алмас Кішкенбаевтың орындауындағы Арман Дүйсеновтің әніне жазылған Ринат Зайтовтың «Сағына беремін» мәтінін безбенге салсақ:

«Үнсіз ғана ішудемін,
Сағыныш деген шырынды,
Қол жеткізбес құсым менің,

Пәк жаның кімге жылынды?» - дейді. «Сағыныштың шырынын»  ішкені қалай?! Сағынышты сусынға теңеуге болады ма екен?! Хош, сағынышты сусынға балауға болатын күннің өзінде, «қол жетпеген құсына» - деген сағыныш, шырындай тәтті болатынына күмәнім бар, жусандай кеңсірігіңді алған кермек болатын шығар. Соңғы тармағында «пәк жаның кімге жылынды»  дегенінде де олқылық бар, дұрысы «Пәк жаның кімге жылыды». Ал, қайырмасында:

Сағына беремін, табыспағаным, алыстағаным,
Тек қана сен едің
- тілегімде, жүрегімде, бұл өмірде...

Күлдібадам! Ұйқас бар демесеңіз, мағына ашылмаған. Құр ұйқастар тобы. Айтыскер ақын Ринат Зайтов сөзге мән бермесе, жолдан қосылғандарға айтар сөз жоқ!

Енді «Бақай» тобының әншісі Бек Шәріптің әні мен сөзіне жазылған «Аягөзді» сараптап көрелік:

Келемін, келемін жүрек езіп,

Қай жүректер, қалайша нені сезіп,

Тоқтамақпын мәңгілік белді шешіп.

Түсініп болмайтын не далбасалау. Кішкентай баланың былдырауынан жаман. Сонда бұл не, салақтық па, әлде салғырттық па? Немесе қазақша ән айтатын өнерпаздарымыз ана тіліндегі сөздердің мағынасын түсінбей ме? Қазір кім көрінген мәтін жазғыш болды. Сазгерлігіне ұялмай ақын атын тіркеп алуды да сөкет көрмейді. Тіпті әншілеріміз де ән мәтінін өзі жазуға, кей ақын сөзін «күзеп, түзеп» жіберуге «шебер-ақ». Шамасы жетпесе, композиторлар қол ұшын созады.  Әрине қызғанбайсың ғой... Жазсын, шығарсын! Бірақ сөзбен ойнамаса, сөздің қасиетін сезінсе дұрыс болар еді. Кезінде шыққан «Аққайыңның басында...» деп басталатын ән де кең танымал. Түкке тұрғысыз ән. Іші ішек-сілеңді қатыратын «Ол да біреудің жалбыраған баласы» сынды тіркестерге толы болатын. Жаулап алды махаббат, Әнім саған арналад,-дегенді де құлақ естіді.Тілін сыйлаған, тілін ұғынған адам мұндай орашолақтыққа жол бермейтін шығар. Құдай, ақырын берсін, ақын мен сазгер көбейіп, сөзден қадір қашқан заман болды ғой.

Ринго тобы орындайтын «Ұмытылмас» әнінен де бір шырайлы сөз тіркесін кездестіре алмайсыз.

Қолымда қос қолың,

Көзімде тек сенің қос көзің

Бір қадам ат та

Сұлулығыңды құшағыма жасырып

Бар әлеммен тыныштыққа тебірен.

Жер бетінен алыстағым келеді.

 

Әрбір әсем сәттерді

Әрбір ұмтылмас елесті

Жүрек түбінде мәңгі

Мәңгі сақтауға мүмкін бе?

Тағы да бір рет кел де

Тағы да бір рет күлімде

Тебіренсін сезім жүрек түбінде

Тағы да бір рет- деп қара сөзбен, мән-мағынасы болсын, болмасын ұра береді! Е, ырғағы жоқ, не ұйқасы жоқ.  Осылай бос сөздермен толтыра салады. Кей қайталанған сөзді дұрыс дейін десек те, мағынаға жұмыс істеп тұрған бір сөзді, таппайсың. Осындай шатпақты, осындай тақпақты ән қылып жүрген «Рингоға» не айтсақ екен?! Немесе бұл жігіттердің «Ғашықпын»:

Ренжіп кеткеніңе талай күндердің жүзі өтті,
Қайдасың жаным сен қайда жүрсің іздеймін сені.
Түсіндім мен бұл кінәмді ренжімеші сен маған,
Кешір мені жаным кешір де маған тез орал -
әнін де құлағыңыз шалған болар. Мәтіннің өзі ән салып тұру керек қой,  бұдан да жымдасқан бір сөзді таба алмадық. Есімі ел аузына алынып, жұрттың көз қуанышына айналған «Меломенде» де шашыраңқылық бар. Мысалы «Абайла, сұлу қыз» әнінде:

Балаған балдай қыз саған жыр төгермін,

Бақытсыз болмаймыз қосылсақ егер біз.

Жан білмес мекенін жасырын сарайға,

Бәрібір жетермін сен жүрген маңайға,

Абайла сұлу қыз абайла - дейді.

«Балаған балдай қыз саған жыр төгермін» дегенінде «балаған» орнын таба алмай мөңіреп тұр. «Төгермін» мен «егер біздің» ұйқасып тұрғаны да шамалы. Сосын «Табамын жолыңды болсаң да тең айға» деген сөйлем де мағынасын толық  ашуды талап етеді. «Меломенннің» «О, махаббат» (сөзі    Д. Қалмырзаев деп көрсетілген) әні де көпшілікке таныс:

О, Махаббат қосу, алу,
Шығарып салып тосып алу,
О, Махаббат күйіп жану,
Бір көргеннен сүйіп қалу.

Махаббатқа әжептәуір-ақ «анықтама» беріпті. Меніңше, махаббатқа анықтама берудің қажеті жоқ. Махаббаттың аты - махаббат! Оған «қосу, алуыңыз да», «тосып алуыңыз да» өлшемге жүрмейді, көрсеткіші бола алмайды.  Басқаша нәзік, сырлы сезімге толы балама беруге болатын еді...

Мұнан да сорақы өрескелдік Азия тобы орындайтын «Жүрегімді жауладың» әнінде шұбырып жүр. Әні - Нұрсұлтан Батырқұловтікі (осы топтың әншісі), сөзі - Данияр Қамбардікі.  Данияр өлеңнің не екенін де білмейтін жігіт болса керек. Себебі сөз саптасы ақынға ұқсамайды. «Қызғанамын» мен «тамсанамынды» ұйқастырса не дейсің бұл жігітке. Қайырмасы да сәтсіз шыққан «Бір өзіңді жоғалтсам, Қайдан іздеп табамын». Қосылмай тұрып жоғалтуды ойлағаны несі. Ары қарай былай жалғасады:

Қара көзің маған қарай күлімдеген,

Сүйем деген сөздерің елжіреген.

Еріндерің қып-қызыл күлімдеген,

Қара шашың самалға желбіреген.

Хат жазайын, хат жазасың сен маған,

Гүл де теріп беремін мен саған.

Сағынамын, сарғаямын әр қашан,

Құмар отым еш тоймай бір саған.

Адамның жаны елжіреуші еді, «Сүйем деген сөздерің елжіреген»-деп сөзді елжіретіп жіберген Даниярдың «тапқырлығына» «сүйсінуден» басқа шара жоқ.  Ән мәтінінде төрт буынды ұйқаспен бастап, үш буынды ұйқаспен аяқтаған  «ер» екен. «Құмар отым  еш тоймай саған» деген тармақта да кілтипан бар. Құмарды отқа теңесе, ол - «тоймай сағанның» мәнін аша ала ма? Ал, «сен маған» мен «бір сағанды» ұйқасқа жатқызуға бола ма?! «Азия» тобының осы шамалас «Махаббат аралы» деген тағы бір әні бар. Жастар арасындағы «хит» ән десек те болады. Ұйып тыңдайды. Ішінен селт еткізетін бір сөз таппайсың. Өңшең айтылған, таптаурын сөздер. Оның өзін дұрыс құрастыра алмаған. Сосын мынандай шумағы бар:

Сені  көрдім, таң алдында,

Салқын тартты арамызда.
Ақ маралым қамалдың ба?

Махаббаттың аралында!
Көгімнен ай ауғандай,

Асылым жоғалғандай,
Кеттің ғой аялдамай

Алысқа,  ееееуууууу! - дейді. Бір қарағанда бәрі дұрыс секілді. Үңіле қарасаңыз түк те жоқ. Құрама ұйқастар.  «Таң алдында» оны қайдан көріп жүр, түсін де ме, бұл жағы бізге беймәлім. «Салқын тартты арамыз да» бірінші тармақтағы ойға үндесіп тұрған жоқ. Бастапқы шумақта ақмарал аралға қамалып қалса, кейінгі шумақта аялдамай алысқа кетіп қалады. Жалпы нұсқасы осы. Сосын, қазақта сөз құрып қалғандай, буын жетпеген соң «оууу», «еууууу» деп соза беру қаншалықты қажет!!! Не десек те, бұл бүгінгі қазақ эстрадасындағы көбісінің ортақ кемшілігі. Бәрінің айтатыны, сол жылау, жауапсыз махаббат, бір көріп ғашық болып қалу, жоғалтып алу, бұдан басқа жаңа тақырып жоқ. Еңіреумен, сүйіп қалумен аясы тарылып қалған...

Бүркіт пен Аиша орындайтын, сөзі А. Көпжасарова  деп көрсеткен «Туған жер» деген әнде мынадай жолдар бар:

Өшпес оттай ыстық сезім,

Сағыныштан сынып төзім,

Буланды көзім.

Өшпейтін от болады ма?! «Алаулайды ыстық сезім» десе де мағынасы майысып қалмайды. «Буланды көзім» дегені не сасқаны? Әсілі, көзім жасаурайды дегенді айтқысы келген болар.  Терезенің булануы заңдылық, ал, көздің буланғанын көрмеппін. Бұл - сөздің мәнісін ұқпай, жаза салудан туындаған кемтар тіркестер. Міне, «жүре берсең, көре бересің» дегендей, мұндай мәтіндерді мыңдап тізе беруге болады, түгесіп бітпейтін тәріздіміз...

Ал, Асан Пердешовті кім сынамады дейсіз?! Ол орынды да. Бір анығы қанша сыналса да оңалған түрі көрінбейді. Қайтаға күннен-күнге «ақындығы» артып барады. Мейлі ғой, ән шығарсын. Бірақ, «сөз мәнісін ұқпаса, өлең жазып не керек». Бағасы арзандаған сөзге жаның ашиды да... Дәйек керек пе, онда әнін, сөзін өзі шығарып, өзі орындаған «Ұмыта алмаймынды» талқылап көрейік:

Жоқ. Сені жаным ұмыта алмаймын.
Жоқ. Сені мәңгі есте сақтаймын.
Жоқ. Сені жаным ұмытқаным жоқ.
Жоқ. Қадамашы жүрегіме оқ.
Қалай ғана ұмытайын мен,
Өзіңменен өткен күндерді.
Балшырына қана алмай қалған,
Сол ғажайып айлы түндерді.

Қалай болса солай жазылған. Жұтаң... Көркемдік атаулыдан түк жоқ. Ұйқасы әлсіз. «Балшырына» деген «жаңа сөз» қосыпты. Әсілі, бал, шырынына болу керек! «Қолың жетпей сенің шашыңа, Шаштарыңның исін сағындым. Күлімсіреп тұрып қасымда, Еркелегеніңді сағындым». Бір шумақтың ішінде «шашты» екі рет қайталаудың қажеті қанша? Сәулесін шашып тұрған сөз көрінбейді..Өңкей, шуақсыз, сөлсіз мәтін... Сосын, осыдан бір мысқал кем болмаса, артық емес «Екі қыз» деген ән орындайды. Сөз қолданысы, ұйқасы, жоғарыдағыдай. Бәлкім Асаннан татымды ой, сүбелі сөз күтудің өзі - есерлік шығар. Әйтпесе, махаббат туралы әнде, «Бір оқпенен екі қоян атқым келді» деуші ме еді. Мәтіннен аңдағанымыз, (дәлдүріштеу, бәлдір-батпақ болса да) екі қызды алдағанына өкініп тұрып, «ей, жігіттер есің болса бір қызды сүй» -деп, ақыл айта отырып, қайырмасында:

Неткен сезім керемет,

Көзіңнен сезім себелеп,

Екі қызды бірдей сүйген

Жаныма артық не керек-деп қуаныштың, шаттықтың күйін шертеді.  Өз ойына өзі қарсы шығып отыр. Көзінен сезімнің себелегені де қызық...Осыған қиқулап, шыңғырып, қосылып айтып отырған жастарды көргенде қарның тіптен ашады. Кінә кімде? Талғап тыңдау үшін де, тыңдау керек делік. Әй, бірақ, мәнді, мәнсізін айырып талғаммен тыңдайтын тыңдарман да азайып барады...Осындай әндердің бірі «Денар» тобының орындауындағы «Қара көйлек» әні. Тұтастай, түбірінде түк жоқ. Оқып көрелік:

...Мен әнші, мен биші, мен жігіттің сұлтаны,
Қара көйлек киген мықтылардың мықтысы.
Жігіттің жүрегі махаббатың мекені,
Қыздарға мәлім ғой мендей жігіттің қадірі.
Көйлегім қара болса да, өзегім қағаздай аппақ.
Маған ғашық болған қыздар ешқашан болмайды қапа.
Ал мендей жақсы жігітті ұнатпаған қызға айтамын,
Сүймесең проблема қанша қош бол, бақытты бол жаным.
Ақ көйлек кисем болар еді, ақ көйлек аппақ мақтадай.
Көк көйлек кисем болар еді, түсі көктей көк аспандай.
Қызыл көйлекті кисем болар еді, түсі гүл сүйген даламдай,
Бірақ кидім қара көйлек бір нағыз крутой адамдай.

Әннің мәтінін талдап көрелік. Айтамын-ау! Талдауға тұрмайды. Мәтінде ұйқас түгілі, дұрыс қолданылған сөз таппайсыз. Олақтың қолынан шыққан кестедей олпы-солпы... Орыс тіліндегі сөздер туралы ештеңе демей-ақ қоялық... Әйтпесе, «Сүймесең проблема қанша қош бол, бақытты бол жаным», Сондай-ақ, «Бірақ кидім қара көйлек бір нағыз крутой адамдай». Бұл не сөз, бұл не мақтан?!  Айта берсек, қате деген жайылып жүр. Жеңіл-желпі жазыла салған. Тыңдарман тереңдей, тұшынып тыңдайтын дүние емес. Осындай қиямпұрыстық, осындай орашолақтық Айқын Төлепбергеннің «Пах-пах-пах қандай ғажап иісінде де» өріп жүр. Бұл сан мәрте сыналды да. Сыналатындай жөні бар. Жұрт бекерге дүрлікпейді ғой. Мысалы:

Пах-пах-пах қандай ғажап иіс,

Шат-шат-шат қиялыма ілес.

Қандай ыстық жүрегімнен сүйіс,

Сызылған кірпігімнен күй ұш.

Робот сөздер. Санаңа сіңбейді, жаныңа жылы тимейді. Не айтып тұрғанын әншінің өзі де түсінбейтін шығар. Ән мәтінінің өне бойы осындай сөздерден құралған. Және  мынандай да сөздер бар: «Сәнің, тәнің, талғамың өзіңде, Және мендей жігіттің қарсы емессің етуіне» дейді. Жігіт не ете алмай жүр сонда?! Айқынның «Сәлем хат» әні туралы да осыны айтуға болады. Жұмыр сөздерді емге таппайсыз. Ерболат Құдайбергеновтің «Біздің жігіттер, жігіттері де...» «екен», «екен» аяқтала беретін қарабайыр, қарадүрсін ән. Жалпы Ерекеңді ұйқас қызықтырмаса керек, көп әндері қара сөз. Соны өзі беріліп айтқанда тамаша ән екен деп қаласың.

Айналып келгенде мұның бәрі - асығыстықтан, ізденбеушіліктен, өзіндік ішкі «көркемдік кеңеске» салмай қалайда ән шығару үшін болған ықтиярсыздықтан туындайды. Сонымен қатар, өзімбілермендік, «не болса, ол болсын» дейтін немқұрайлылық, әлжуаз мәтінді, татымы жоқ шалағай дүниені көбейтуде. Орындаушылардың көбі әннің сазы да, сөзі де маңызды екенін мойындай бермейді. «Орда» тобының өрендері бір сұхбатта «жалғыз ауыз сөзді қайталап-ақ ән айтуға болады, шетелде бұған мысал көптеп табылады, демек, сөзге шұқшия қадалудың қажеті жоқ» деп салды. Кәсіби білікті әрі қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын жігіттер осылай десе, басқасынан не үміт, не қайыр? «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы»- демекші бұл тақырыпқа қалам тербегенде өнер өлкесінде өзіндік ізін қалдыруға талпынған жандардың тауын шағып, тұқыртып алуды мақсат еткен жоқпыз. Керісінше, кейбір жандардың желпіндіріп, аспандатып айтқанына иланбастан, өнер жолының қиын жол екенін және де адал жол екенін сезінсе деп едік. Мұны айтып отырғандағы себебіміз - «мүгедек мәтіндерді» арамшөп дейтін болсақ, одан  аршып, қазақ эстрадасын тазартуымыз керек. Өйткені, арамшөп - атамұра өнердің тынысын тарылтып, кең қанат жаюына мүмкіндік бермейді. Мәнсіз мәтіндер жастарды ойсыздыққа жетелеп барады. Жеңіл музыкаға елірген жастардан талғамды ұрпақ күтудің өзі әбестік болар. Міне бұл - алаң. Бір сөзбен айтқанда, осы күні әннің сөзін жазу еріккеннің ермегіне айналып бара жатқандай. Сыры терең, ұлттық бояуы қанық әндерді табу қиындап барады. Жоғарыда айтқанымыздай, о баста дұрыс жазылғанмен қазір қате айтылып жүрген мәтіндер де баршылық. Мұндай мысалдарды тізіп тауысу мүмкін емес те шығар... Сонымен қатар, тек қазақ әндерінің мәтініне мән беріп қоймай, ішімізде тарап жатқан өзге тілдегі әндердің мағынасына да аса сақ болғанымыз абзал. «Құлақтан кіріп бойды алған» әуен арқылы  ойды да жаулап алуға болады. Әрнәрсе қайталана берсе, сүйекке сіңді әдетке айналады. Сондықтан танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырып сол жолдан жаңылмау керек. Сөз бен әннің жүйесін, киесін түсінбейтін жағдайға қалай жеттік? Талғамда талас жоқ деп жиі айтамыз. Талғамға талас бар, бар болғанда қандай. Анау дүбара әнді тыңдайды екен деп, жұрт бәрі сол әнді тыңдап кетпейді... Бұл күнгі топырлаған топтар мен жарығы жоқ жыпырлаған жұлдыздардың асылы мен жасығын уақыт өзі сұрыптар. Орыстың  белгілі  ғалымы Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді»  деген сөзі бекер айтылмаса керек-ті... Сондықтан, сахнаның төрінде ән әуелететіндер Һәм халықтың көз алдында жүргісі келетіндер сырт көздің солардың өнері арқылы бүгінгі қазақ эстрадасының деңгейіне баға бе­ретіндігін түйсінсе жөн болар еді-ау. Сөз - қазақ үшін қашан да қастерлі, қасиетті. Сол сөзді дұрыс қолдануға, мәйекті әнде пайдалануға, айтуда да аса ыждаһатты болғанға не жетсін!

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

2011ж.



Бөлісу: