Қандай мамандықты оқыған дұрыс - экономист пе, әлде юрист пе?
Менің жауабым: программист!
Әрине, басқа мамандықтарға менің ешқандай қарсылығым жоқ. Барлық мамандықтың өз орны бар. Барлық мамандар қажет. Дегенмен, қазақ халқының санасына орнап қалған бірнеше мамандықтар бар. Дипломды алған соң қайда жұмысқа кірсем екен деп қиналады. Көке-жәкең болса жақсы жұмысқа кіресің, болмаса жұмыспен қамту орталығына барып 20 мың теңге айлыққа кемінде бір жыл жұмыс жасауға тура келеді. Содан соң, жолың боп кетсе айлығы кішкене жоғарырақ жұмысқа кіріп кетуге үміттенуге болады.
Мен 2009 жылы мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, ЕНУ-ға "халықаралық қатынастар" мамандығына грантқа түстім. Бұл мамандық гуманитарлық болып саналады. Ешқандай математика, физика пәндері бағдарламада болмады. Оқуда ешқандай қиындықтар болмады деуге болады. Бірақ өзім мектеп кезінен бастап математикаға бір табан жақын болатынмын. Математикадан әртүрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатысып жүрдім. "Кім болғың келеді?" деген сұраққа: программист деп жауап беретінмін). Бірақ, тағдырдың тәлкегімен ағылшын тілін таңдап, осы мамандыққа түстім(не үшін екендігі мүлде басқа оқиға). Студент болып жүргенімде әртүрлі жұмыстар жасауға тура келді, оқушыларға репетитор болудан бастап, құрылыста күзетші болғанға дейін. Студенттік өмір оңай емес, ақша табуға тура келеді).
Әлқисса
Бір күні достарымен шәй ішіп отырып веб-сайт жасау тақырыбын талқылай бастадық. Бірге тұратын достарымның барлығы программисте оқитын өзімнен бірнеше жас үлкендер болатын. Англияда Computer Since мамандығында оқып жүрген Әсет атты жігіт әңгімені бастады. Мен қызығып сұрақтар қоя бастадым. Есімде, сол кезде Нұр кз порталы енді ғана шығып, дамып келе жатқан тұғын. Сайт жасау арқылы жақсы ақша табуға болады деген ой көкейіме тыныштық бермей қойды). Сол кезде мен де сайт жасауды үйренемін деп алдыма мақсат қойдым. Сайт жасауға арналған Joomla деп аталатын оңай бағдарлама бар, соны үйреніп бастасаң болады деп кеңес берді жігіттер. Сол күннен бастап осы бағдарламаны үйренуге кірістім. Туған күніме ата-анам сыйлаған ноутбук бар тұғын. Соны фильмдер қараудан басқаға қолданатын да уақыт келді.
Алғашқы 10 000 теңге
Екі күн бойы интернеттің түкпір-түкпірін ақтарып, барынша көп нәрсе үйренуге тырыстым. Осыны көрген достарымның бірі маған ұсыныс жасады. Өзі екі жерде жұмыс жасайды. Бір сайтын жасап үлгермей жатыр екен. Жасап берсем 10 000 тг беремін деп уәде етті. Сол күні таңға дейін ұйықтамай сайтын бітіріп бердім. Бұл программист ретінде тапқан алғашқы табысым болды. Қуанышымда шек жоқ! )) Бұл бар болғаны 2 күндік білім мен 1 түндік еңбектің жемісі еді.
Осымен әрі қарай осы бағытта жылжуды тоқтатпай, білімімді арттыра бердім. Бірнеше сайттар жасап азын-аулақ ақша да тауып жүрдім. Бірақ менің білетінім тек Joomla еді. Бұл жақсы программист болып, жұмысқа кіруге аз болды.
Кодтар әлемі
Достарыммен ақылдасып, HTML, CSS деген тілдерді үйрену керектігін түсіндім. Joomla - да ешқандай кодтар жазу керек болмаған болса, бұл тілдерде код жазу басты жұмыс болып саналады. Интернеттен сабақтар қарап, оны да үйрене бастадым. Содан соң сайт жасаумен айналысатын бір кішігірім компанияға қашықтықтан жұмыс жасайтын болып кірдім. Ешқандай құжатсыз. Тек, олар маған өздері үлгермей жатқан жұмыстарды беріп тұрады, ал мен соны жасап беріп, ақысын алып отыратын болып келістік.
Алғашқы айлығым - 150 000 тг!
Осылай бірнеше ай өтті. Оқу жылы соңына келе бастаған соң бір жерге жұмысқа кіруге әрекет жасап көргім келді. Білетін нәрселерім көп емес, бірақ ынтам жоғары, көздерім жанып тұр)
Жұмыс іздейтін сайттардың біріне резюме орналастырып, жұмыстар іздей бастадым. Бірінен соң бірі сұхбатқа шақыра бастады. 5 жерге бардым, ешқайсысы қабылдамады) Бір қызығы - жаңағы барған 5 компанияның ешқайсысы жоғары білім жайлы сұраған жоқ! Диплом жайлы мүлде әңгіме қозғалмады. Бұл компаниялар кішігірім контора емес үлкен ұйымдар болатын. Соңғы барған жерім "Самұрық Қазына" болатын. Олар да диплом сұрамады. Сұрайтыны не білесің, не жасадың, не жасай аласың. Екінші курс студентімін, ешқайда жұмыс жасамағанмын, аз ғана білімім бар, дипломым жоқ) Сонда да кері шегінгім келмеді.
Бір күні "Нұр Астана" мешітінен шығып үйге барайын деп жатқан кезімде, біреу қоңырау шалды:
- Бақтиярсың ба?
-Иә.
-Жұмыс іздеп жүрсің бе?
-Иә.
-Мен "Атамекен" Ұлттық Экономикалық Палатасынан қоңырау шалып тұрмын. Кездесуге келе аласың ба?
-Иә, әрине.
Кездесуге бардым. Резюмеге 100 000 тг айлық алғым келеді деп жазып қойғаным бар. 50 мың айлық берем десе келісемін, 70 мың берсе мүлде керемет болар еді деп ойлап тұрмын ішімнен. Департамент директоры резюмемді қолына алып 100 000 тг дегенді қаламымен сызып тастады. Астына 150 000 тг деп жазды.
- Қабілетің бар екені көзіңнен көрініп тұр, барыңды салып жұмыс жасасаң осынша айлық беремін - деді.
Сол күннің ертесінен бастап жұмысқа кірістім. Айлық 150 000 тг, оған қосы 20 000 тг ай сайынғы бонус. Басқа да премиялар жиі болып тұрды. Сол кездері 1 000 АҚШ доллары 150 000 тг болатын. Осылайша 1000 доллар алатын студент болдым)
Әрі қарай одан да айлығы жоғары жұмыстарда істедім. Қазірде кішігірім өзімнің сайт жасайтын студиям бар. Today.kz ақпараттық порталының IT-менеджері болып жұмыс жасаймын.
Кәсіби жолымды бастан аяқ жазатын болсам өте көп уақыт керек болады. Мүмкін болашақта сол жолдағы кездескен қызықты әрі пайдалы жайттармен бөлісетін болармын.
Қорытынды
Өз басымнан өткен тәжірибеме сай айтатыным, программист мамандығын үйреніп, сол бағытта білім жинауларыңызға кеңес беремін. Ол өте қиын емес. Үйрену көп уақыт алмайды. Бірақ нәтиже өте жақсы болады. Жұмыс іздеу деген қиындық жоқтың қасы. Жұмыс өзі сізді іздейді деуге болады) Сонымен қатар, өзіңіз әр-түрлі қосымша жұмыстарды жасауыңызға да болады. 21 - ғасыр технологиялар ғасыры. Заман жаңалықтарынан әрдайым хабарда болып жүресіздер.
Егер сұраныс болатын болса, қалай программист болуға болатыны, қай бағытта жұмыс жасау керек, қандай дереккөздері бар екендігі жайлы пост жаза аламын.
Соңына дейін оқығандарыңызға рахмет!
Жалғасы: Қалай программист боламын? Программист болу жолындағы 3 қадам.