ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды
жеке
блог

   Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылғы 31 қаңтар күні «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнайы жариялаған Жолдауына орай сараптамалық талқылау өткізілді.

  Талқылауға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылым жөніндегі орынбасары Жәкен Таймағанбетов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов, Халық қазынасы институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істер комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының кеңесшісі Аманбек Мұқашев, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының халықаралық бөлімінің басшысы, PhD докторы Елдос Мәртенов, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғылыми қызметкері Ернар Естемесов және Бейбітшілік және келісім музейінің қызметкерлері қатысты.

  Сараптамалық талқылаудың мақсаты – елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын талқылап, оның маңызды жайттары мен бағыттары жайында пікір алмасып, жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға әр азаматтың қосатын үлесін анықтау.  

   Талқылауды Бейбітшілік және келісім музейі директорының орынбасары Ерлан Асқарбеков кіріспе сөзімен ашты.

    Өз сөзінде Ерлан Асқарбеков, еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Осы кезеңде еліміздің табыстары мен жетістіктері айтарлықтай. Елбасы Жолдауда қазіргі таңда әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді, бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз, деп атап өтті деді.

Осыған орай Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы болашақты айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұруға бағытталған және еліміздің жаңа даму кезеңін, яғни  Қазақстан Үшінші жаңғырту кезеңіне қадам басу міндетін қойып отыр, деп ойын түйіндеді.

   Келесі сөзді негізгі баяндама жасау үшін Жәкен Таймағанбетов алды.

    Баяндамада Жәкен Таймағанбетов тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында қоғамымыз түпкілікті түрде қайта жаңғырудан, экономикалық және саяси қайта құрудан, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңінен өтті. Бүгінде еліміз «Қазақстан-2050» бағдарламасы бойынша даму жолын жалғастыруда. Елбасы атап өткендей, Қазақстан жаңғырудың үш кезеңін басынан өткерді. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан аман-есен шығып, еліміз өз даму жолын тапты. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Елбасымыз сол кезеңнен елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпай алып шықты. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді деді.

   Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кіргенін айрықша атап өтті.

   Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.

  Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі деп атап өтті.

   Қорыта айтқанда, бұл Жолдау нақты әрекетке бастайтын, елімізді жаңғыртатын ұлт жоспары болып табылады деді.

    Келесі баяндаманы ­Бейбітшілік және келісім музейінің Құқықтық қамтамасыз ету және мамандармен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрлан Мәшімбаев­ жасады. 

 

   Баяндамашы сөзінде Жолдауда көрсетілген бес негізгі басымдығына тоқталды. Аталған бес бағыт экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге бағытталғанын атап өтті. Нұрлан Мәшімбаев бес бағытқа жеке-жеке тоқталып, әр қайсысының маңыздылығын ашып көрсетті. Әсіресе, бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына кеңінен тарқатты.

   Дөңгелек үстел жұмысында келесі кезек жарыссөзге берілді. Онда сөз сөйлегендер Жолдаудың өздері үшін өзекті деген маңызды тұстарын қаузады.

   Аманбек Мұқашев Елбасы Жолдауында институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты –бесінші басымдық аясында айтылған маңызды жайттарды қызу қолдайтынын атап өтті.

   Атап айтқанда, Елбасы қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр, осыған орай деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады деп басып айтты.

   Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу, қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру міндеттерін Президент дәл атап өтті деді. Сонымен қатар, осы шараның бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілетіндігі қуантады деді.

    Марат  Әбсеметов өз сөзінде төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту мәселесін кеңінен тарқатты.

    Оның ойынша, бұл кезекті Жолдаудағы ең маңызды жайттардың бірі. Себебі Елбасы белгілеген 30 озық елдің қатарына ену және Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру сынды нақты міндеттерді жүзеге асыру үшін адами капиталдың сапасын арттыру шешуші рөл атқаратын болады деп атап өтті.  

 

    Ақан Оңғар екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту турасында айтылған кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту міндетінің маңыздылығын баса назар аударды.  

     Елбасы осы турасында жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет деп атап өткенін жеткізді. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында ғылыми-зерттеу институттары, ғалымдар өздерінің қызметін дамытуға кеңінен мүмкіндіктер алады деп атап өтті.

 

   Ернар Естемесов бірінші басымдық аясында айтылған тұрғын үй нарығына ерекше тоқталды.

   Себебі бұл саладағы бағдарлама ел жастарының тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне кеңінен жол ашады деп сенім білдірді. Осы бағытта Елбасы тапсырмасы бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отырғандығына тоқталды.  

  Бейбітшілік және келісім музейі халықаралық бөлімінің басшысы Маржан Бекенова өз сөзінде Жолдаудағы бес басымдықтарда тұжырымды түрде жан-жақты сарапталған бағыттар мен міндеттер айқындалған. Бұл бағыттар әлемдік даму үдерісіне жауап беретін, дер кезінде қолға алынатын шаралар деп атап өтті.  

1

   Елдос Мертенов Президенттің Жолдауда атап өткен жауапты міндеттердің бірі – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін абыроймен өткізу болып табылады. Осы көрме аясында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттауға керемет мүмкіндік туатынын айтты. Сондай-ақ «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру оңтайлы идея екендігін тілге тиек етті.

3

    Жолдауды талқылауға қатысқан сарапшылар онда әр саладағы қызметкерлер үшін нақты міндеттер қойылған, демек әр қайсымыз өз саламызда осы міндеттерді орындауға ат салысуымыз керекпіз деген ортақ ойтүйін жасасты.