Таксидегі оқиға

Таксидегі оқиға
жеке
блог
    Жақында үйден Астанаға таксимен қайтқан едім. Қасыма қазақтың 70-80 жас шамасындағы әжесі отырды. Өзін қызымын деп таныстырған әйел анасын отырғызып, «Жолды анам өзі көрсетер» деп шығарып салды.
    Астанаға жақындай бергенде, жүргізушінің «Қай жаққа апарып тастайын?» деген сұрағанына әжей «Қарттар үйі» деп қана жауап қатты. Не дерімізді білмей, сасқанымыздан бәріміздің түсіміз қашып кетті. Жеткенше әжені аяп, көкейімді жаңа ғана бетінен сүйіп қоштасқан қызы анасын бақташыға мал өткізіп қойғандай, қарттар үйіне қалайша апарып тастады екен деген сұрақ мазалап қоймады. Аталмыш үйді әзер дегенде тауып, енді тоқтайын деп жатсақ, әжей «Мен мында тұрмаймын ғой. Қарттар үйі деп үйімнің қай жерде орналасқанын түсіндіру үшін ғана айттым. Ұлымның қолында тұрамын.  Ал үй әне тұр» деп қоңыр шатырлы үйді нұсқады. Бәріміз бір ауыздан «Уф!» деп иығымыздан жүк түскендей жеңілденіп, күліп жібердік. 
           Бірақ, былай қарасаң, күлетін жағдай ма? Демек алаңдайтын себептің бар болғаны ғой. Қазақ қоғамына да жеткен нәрсе, естігенде таң қалмайтын болдық. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі 67 қарттар үйін 35 мың адам мекен етіп отыр. Олардың баласы жоқ емес. «Он бала бір әкеге жүк болмайды, бір әке он балаға жүк болады» деген осы ғой. Жарық дүниеге әкеліп, бауыр еті баласы үшін барын аямаған ата-ананың жүрегі баласының бұндай қылығы үшін қалай ауырмас? 
         Қарттарымызға ыстық ықылас пен құрметімізді қаншалықты көрсете алып жатырмыз, әлеумет?