Арманыңыздың айтары бар!

         « - Мен туралы ойла. Қиялыңа ерік бер. Маған деген сеніміңе қорқыныш пен үрей атты серік қоспа. Мен туралы ойлау мен қиялдың шарықтау шегіне жетіп алып, мен аяқ астынан бола қалатыныңдай күй кешпе. Сен әрекет етпесең мен өздігімнен бола салмаймын. Мен саған ғана қажетпін. Өйткені мен туралы ойлаған сен. Мен саған тиесілі болғандықтан сенің еркіңнен тыс жүзеге аспаймын. Мен сенің мақсатың болу керекпін. Сен маған жету жолында тыңбай ету керексің. Маған деген үзілмес үмітің мен сөнбес сенімің болу керек. Есіңде сақта, өмірде саған ылғи жарық күн нұрын шашып тұра бермейді. Ол өмір болғандықтан шуақты да, тұманды да, бұлтты да, дауылды да кездер болады. Сондай сәттерде мен саған мотивация болуым керек. Мен тау шыңындай биік болғандықтан әрдайым сені алға жетелеймін. Қандай жағдай болмасын менен ешқашан теріс айналма. Сен маған жете аласың. Мені жасау сені қолыңнан келеді. Маған жету жолында қорқынышты ойыңнан шығарып, тәуекелді ту ет. Үнемі ізденісте жүр. Егер сен мені расымен де қаласаң сен маған міндетті түрде жетесің. Мен саған сенемін. Сенен де маған сенуіңді талап етемін. Өйткені, сенің маған деген сенімің маған жету жолыңдағы мызғымас алғашқы баспалдақ. Екіншісі сенің ерен еңбегің мен әрекетің. Үшіншісі маған адал болуың. Мен сені алдамаймын, сенде мені алдама. Адамдар мен туралы өте көп ойлайды. Мен олардың мені ойлап қана қоймай мені әрекеттеріне айналдырғанын, маған жеткендерін қалаймын. Білемін, маған жету оңай емес. Мен адамдардан көп нәрсені талап етемін. Менің жолым – қиындығы мен қызығы қатар жүретін жол. Қиындықтарда сен еш мойыма. Оларға күліп қарада, мені есіңе алып  алға ұмтыл. Ұмытып барады екенмін саған тағы бір айтарым жалқау болма, маған қажет істерді жасауда ерінбе. Көп адамдардың мені ойлап алып, маған жетпей қалуына да осы жалқаулық себеп болған. Айтқандарымның бәрі түсінікті шығар. Ендеше менің артымнан ер, маған ие болуға лайық жалғыз жан!».

        Ойлап отқан боларсыз, « Мына жазба кімнің кімге айтқаны»- деп. Бұл менің армандарымның маған айтқан жалынды сөздері. Меніңше әр адамға өз армандары осылай үн қатуы керек.Мүмкін айтатын да шығар. Егер есте сақтайтын, құлақ асатын жан болса.

      Армансыз адам қанатсыз құспен тең деген. Құстың қанаты болмаса өзге тіршілік иелерінен не айырмашылығы болды. Сол сияқты адамның да арманы болмаса жан-жануарлардан еш айырмасы жоқ. Егер құстың қанатын оның өмір сүруіне себепкер деп түсінсек, арман да адамға  өмір сүруге қажет себепшілердің бірі болуы керек.

       Армандау мен арман – адамдарға берілген ерекшеліктердің ең биік нүктесінің бірі. Сондықтан  әр адам баласының өз қиялына ұштастырған, өз өмір жолына негізделген түрлі армандары болады. Адамда арман болатыны анық. Бірақ оған жете аламыз ба? Жеткендер жер жүзінде жетерлік пе? Менің бір білетінім арманға жету, жетпеу, жарты жолдан теріс айналып кету, оны тек ой жүзінде ғана жүзеге асырып қою деген сияқты дүниелер адамдардың өздеріне тікелей байланысты. Шын жүрекпен қаласаңыз оған міндетті түрде жететініңізге күмәнім жоқ.

        «МӘҢГІ ЛАУЛАП ЖАНУ ҮШІН ҒАЛАМДА,

        ҮЛКЕН БАҚЫТ ТАБУ ҮШІН ҒАЛАМДА,

        ҮЛКЕН БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ҒАЛАМДА,

        ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА.» - деп Мұхтар Шаханов бекер айтпаса керек. Иә, сіздің де үлкен арманыңыз бар.( Болмаса болдырыңыз!) Арманыңызға адал болыңыз. Оның сізге адал екендігі хақ.

 P.S. Армандар алдамайтын сәттер көп, адамдар армандарына алаңдамайтын сәттер жоқ болсын!

       

        



Бөлісу: