Балалықтан бастау алған бал сезім

Махаббат туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Әрине,ол кез келген адамның басынан кешкен оқиғасына байланысты. Осы жолда сәтсіздікке ұшырап,өмірден өз теңін таба алмағандар бірден: "Махаббат,шынайы сезім жоқ!" деген пікір айтуға көшеді. Ал бұл оқиға пәк көңілдің, адал махаббаттың бар екендігін маған дәлелдеп көрсеткендей болды...

Мектеп қабарғасындағы 10-шы сынып оқушылары болатын. Екеуі бір мектепте білім алмаса да, шағын аудан орталығындағы екі мектептің бозбаласы мен бойжеткені еді. Олардың алғаш тілдескен сәттеріне ашық аспан,әсем табиғат, өзеннің мөлдір суы мен нұрын төккен күн куә болған. Сыныптастырмен көкке шыққан сол күн қос ғашықтың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.Бір-біріне үнсіз,тілсіз тек нұрлы, жылы көздерімен сезімдерін білдірген ғашықтардың  қарым-қатынасы алғашқы таныстықтан   кейін де үзілмеді. Түрлі басқосуларда олар бірін-бірін үнемі іздейтін болды... Тіпті мүмкіндік болса азаннан кешке дейінгі уақытты бірге өткізуден де жалықпайтын.Күндер өте келе арадағы кіршіксіз сезім үлкен махаббатқа ұласты. Өздерінің бір-бірі үшін жаралған жандар екенін олар о баста сезген еді...

Араға уақыт салып үлкен өмірге қадам басып, балалықпен қоштасатын сәт те келіп жетті. Осы тұста олардың бағыттары екіге айырылды. Жас жігіт Алматы қаласына жол тартса, бойжеткеннің студенттік шағының куәсі елордамыз Астана қаласы болды. Алшақтық ғашықтар үшін ең күшті сынақ деуші еді ғой, міне сол сынақты жүректері үнемі бірге соққан кіршіксіз махаббат  иелері де бастарынан кешірді.

Балалықтан бастау алған сезім махаббат кемесіне отырып отбасын құруға аттанды. Қазір олардың шағын мемлекеттерінде өздерімен бірге үш баға жетпес қазынасы бар. Олар-анасының қолқанаты,әкесінің артынан еріп атын шығарып келе жатқан үш ұлы. Қаншама жылдар артта қалса да олардың көздерінен, жүздерінен бір-біріне деген мейірімділікті, махаббатты, ыстық сезімді көруге болады. Жас жүректері әрдайым бірге соғатын бұл кейіпкерлердің өмірі нағыз махаббатқа мысал бола алары хақ.



Бөлісу: