Мен таңдаған мамандық...

Мамандық таңдау-өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау.Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар,өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес.Адам өмірде екі түрлі жағдайда қателеспеу керек.Бірі-жар таңдау болса,екіншісі-мамандық таңдау.Соның бірі адамның тумысынан өзіндік қабілетіне,бейімділігіне байланысты өміріңде бір-ақ рет біржола таңдалатын мамандық мәселесі кім-кімді де,толғандыратыны сөзсіз.Жалпы,үлкен өмірге қадам басқан сәттен-ақ көп дүниелерге таңдау жасауға тура келеді.Ата-анамыз бала күнімізде үнемі біз үшін таңдау жасап,болашағымыздың жарқын болуына ықпал етсе,енді міне,есейіп,бойжеткен шағымызда барлық таңдау тікелей өзіміздің қалауымызбен жасалатын болды.Сәби күнімізде ойыншық таңдап,ұнайтын пәнімізді таңдайтын болсақ,бүгінгі күнде болашақты айқындайтын сәт те жетіп қалды.Балалық шағында адам баласының асу бермес арман-қиялында шек бола ма?Кішкентайымнан ақ халатты абзал жандардың жүректілігіне қарап дәрігер болуды,мейірімі мол ұлағатты ұстаздың өнегесіне қарап мұғалім болуды,күміс көмей,жез таңдай әншілердің бойды билеп,көкейіңді кернеген әдемі әндеріне қарап әнші болуды көксеген арман иесі-мен де бүгінде болашақ маман ретінде өз таңдауымды жасап отырмын.Менің таңдауым-қиындығы мен қызығы қоса жүретін,жаңалықтың жаршысы журналист маманы болу.Иә,адам денесінің патшасы-жүректің әмірімен өзің сүйіп таңдаған мамандық,менің ойымша,адамды ешқашан тура жолдан тайдырмайды деп білемін.Шынында,мамандық таңдау-адам өміріндегі ең жауапты да шешуші іс.Мен үшін ол-жаңа өмірдің табалдырығын аттауда өзіңе деген нық сенімділікті,жүректілікті қажет ететін алғашқы қадам,өмірлік шешім.

  Журналистика-қызығатын мамандық емес,ол жұмысты,көп ізденісті талап ететін,қызығуды емес,махаббатты қалайтын мамандық.Журналист-қоғамның айнасы,өз дәуірінің үні,халқының сөзін сөйлеп,жоғын жоқтайтын,сөйте тұра көп сынға ілінетін кәсіп иесі.Бүгінде журналистика мамандығы-екінші билік басына айналған,жаңа заман талабына сай жаңарып та жасарып отыратын,өміршең мамандықтардың бірі.Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені тереңінен сіңіруде мемлекеттік тіліміз бен дінімізді насихаттауда бесігімізді түзейтін берекелі істің бастаушысы болған журналистер қауымының еңбегі зор.

 



Бөлісу: