Кемшілікті сезіну де бақыт...

 Дүние есігін ашқаннан бастап, айналаңды тану үшін, тылсым дүние, яки құбылыстар жайлы білу үшін ұмтылыс жасайсың. Кей кездері пендешілік басым тартып, бойыңды "менмендіктің" жайлап кететін кездері де бар. Әрине, өз қателігіңді мойындап, сабақ алу - екінің біріне беріле бермейтін өнер іспетті. Мінез деуге келмес, бірақ жан-жағыңды қоршаған адамдардың кейбір қылықтары адами құндылыққа кетпес дақ боп қалатындай. Бойын жайлаған өзімшілдікті көрместен, өзгеге мін таққанға құмарлар да жетерлік. Көпке топырақ шашпасақ да, әр адам бойынан табылар басты қателіктің бірі де бірегейі бұл. Бәлкім. қазақ халқына бұрнағыдан тән "қасиет" болар?!.

    Шындықты көпе-көрнеу бұрмалауға да келмес! Айналаңдағыларды сынамас бұрын, өз бойыңдағы мінді таба білген дұрыс. Кейде бойымнан осы қателікті сеземін. Енді опық жеместей, бұ қылықтан арылып, мінезді түзеуге тырысамын. Әрі жанымдағылардың "өзгеше" әдеттерін көріп-ақ, өмірде қайталамауды жөн санаймын. Бір жағынан, түрлі мінез жайлаған адамдарды өмірлік тәжірибеде кездестірген де жақсы: бірінен қолдау көрсете білуді, екіншісінен үлгі алуды, ал базбіреуінің қылығынан сабақ алуды үйренесің.

   Күні кеше дұрыс қарамаған жандар қиындықта жаныңнан табылып, ал "Құдайдай" көрген пенделердің өз басын ойлап кететінін көріп, сан ұрып қалатын кездер де болды. Сол себепті, жанығдағы жақсыларды "алтынға" балап, қадірінен айырылып қалмағаны абзал. Осындайда ойға бірден "Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ" деген келеді екен.

   Өмірді киноға теңесек, қандай ад бір оқиға куәгері атанбас бұрын, бас кейіпкер рөлін дұрыс сомдап шығайық! Басшылыққа- ақыл, жолдастыққа - терең ой серік болғай...



Бөлісу: