Сұлулық пен сенімділік сыры

Кейбір жағдайларда, көпшілік ортада əр адам өзіне өзі сенімсіз болып, немесе ынғайсыз сезінетін кездері болады. Ал сіз күнделікті сенімді əрі сұлу көрінгіңіз келсе, өзіңізді əрқашан жайлы сезініп жүруді қаласаңыз мына бір қарапайым ережелерді есте сақтағаныңыз жөн!
Жинақы əрі жарасымды киім. "Адам көркі-шүберек"-,демей ме?! Қазіргі күнде көпшілікке таныс сəн яғни "мода" ұғымынан гөрі "тренд" сөзі көп ұшырасады. Бүгінде қарапайым əрі жинақы киім үлгілері сұранысқа ие екені белгілі. Сəн қумай керісінше өзіңізге жарасымды, дене бітіміңізге сай киім үлгісін таңдаңыз. Бұл сізге сенімділік сыйлайды, ал сіздің сенімділігіңіз тартымдылығыңызды арттыра түсетіні сөзсіз. Күнделікте өмірде табиғи түстердегі (ақ,көк,қызыл,қара,сары т.с.с) киімдер киген жөн. Сондай-ақ абайсызда киіміңіздің бір жерін жыртып алғаныңызды немесе дақ тигенін байқап қалсаңыз, оны тезірек ретке келтіріңіз. Себебі, егер сіз шкафқа салып қойып, бірнеше күннен кейін бұл жағдай есіңізден шығып кетіп қайта киіп, жұмысқа не болмаса сабаққа барғанда байқап қалсаңыз, күні бойы сенімсіз əрі ыңғайсызданып жүретін боласыз.
Жеке бас гигиенасы. Бұл өте қарапайым əрі ең маңызды қағида. Таза жүргеннің өзі адамға əлдақайда сенімді болуға көмектеседі. Тіс тазалығына мəн беріңіз. Себебі сіздің күлкіңіздің əдемілігі-көркіңізді келтіріп, ажарыңызды аша түседі.Сондай-ақ, иіс суды дұрыс таңдаңыз. Қыс кезінде балғын əрі "салмақты" иістерді қолданыңыз. Иіс су табиғи жүннен жасалған киімдерде көбірек сақталады. Ең дұрысы денеге сепкен жөн. Ал жаз айларында керісінше жеңіл əрі табиғи иістер қолданған дұрыс.
Шаш күтімі. Сіздің күнделікті сырт бейнеңізді одан ары аша түсетін жəне ең маңыздысы шаш үлгіңіз болып табылады. Шашыңыз табиғи жылтырлығын жоғалтпас үшін жуғаннан кейін сүлгімен құрғатыңыз. Өз ерекшеліктеріне байланысты аптасына 3-4 рет жуып тұрған жөн. Жұмыртқа немесе сары су маскасын жасап тұрыңыз. Кунделікті бал, табиғи шөптер сығындысы қосылған немесе кератинді сусабын қолданыңыз.
Бет күтімі. Күнделікті айна алдында бірнеше минут немесе сағаттап уақытыңызды жұмсағаннан гөрі, жатар алдында бір сəт бет терісін толық тазалаңыз. Жəне оны əдетке айналдырыңыз.Сүлгі орнына табиғи жолмен кептіріңіз. Ылғалдандыратын крем жаққан соң 3-4 минут уқалап, массаж жасаңыз. Бұл күні бойғы шаршағаныңызды басып, ертеңгісін табиғи таза əрі көптеген бояусыз ақ тартымды көрінетін боласыз. Бет күтімінде кез келген нəрсені мейлі ол қымбат, сапалы болсын орынсыз жəне бірінен соң бірін қолдана беру тиімсіз.
Қол күтімі. Кез келген адам алғаш танысқанда немесе əңгіме барысында сіздің қолыңызға назар аударуы мүмкін. Тырнақтарыңызды күтіңіз. Оның айналасындағы тері тез қатайып, құрғап кетеді. Əрдайым ылғалдандырып тұрыңыз. Есіңізде болсын ұқыпсыз əрі жартысы өшіп қалған тырнақ бояуынан гөрі , күтілген ещқандай бояусыз-ақ тырнақ əдемі көрінеді.
Аяқ киім тазалығы. Бұл да маңызды тоқталып өтетін жайт. Көшеде, ғимарат ішінде болсын таза майланған аяқ киім-сізге сенімділік пен тартымдылық береді.
●Бір жақа жиналғанда немесе күнделікті жұмысқа, сабаққа барарда ертең киетін киіміңізді, сөмкеңізді алдын ала реттеп қойыңыз. Негізгі ең керекті заттарды міндетті түрде түгендеп қойыңыз. Себебі ертеңгісін асығып жұмысқа шыққанда, əлденені ұмытып кеттім-ау деген ой күні бойы сізді сенімділігіңізден айырады. Барлық нəрсені алдын ала жоспарлап үйреніңіз.
Уақытты тиімді пайдаланыңыз. Ертерек шығуға үйреніңіз. Себебі бірнеше минут бұрын ғана шығып асығып жылдам жүргеннен гөрі, ерте шықсаңыз күніңізді жоспарлап, жол бойында табиғатты тамашалап сергіп аласыз.
Музыка.Егер ерте тұрып керегіңізді алып , сонда да əлденеге көңіліңіз толмай, мазасызданып, киіміңіз ұнамай, болмаса жараспай тұрғандай сезінетін кездер болады. Бұндай жағдайда көңілді позитив сыйлайтын əуен немесе классика тыңдаңыз. Бұл өте тиімді əдіс. Күні бойына сергектік пен сенімділік сыйлайды.
Өмірлік маңызды қағида. Бос əңгіме немесе орындай алмайтын уəде жəне өтірік айтпаңыз. Себебі, бұлар сіздің ішкі жан дүниеңізге əсер етіп, сенімсіздіік тудырады. Ал əрдайым шынайы болу-шын мəнінде сенімділік сыйлайды.
Сөз соңында ҰСЫНЫС. Адам Джексонның «10 секретов» сериясымен жарық көрген кітаптарын оқысаңыз рухани лəззат, керекті кеңес, адам өміріне қатысты сұрақтарға жауап табасыз. Бақытты болудың,денсаулықты күтудің, махаббаттың жəне бай болудың құпияларын таба аласыз. Ендеше іске сəт! Сенімділігіңізді жоғалтпаңыз.



Бөлісу: