Өзге ұлт өкілдері түсінбес комедия

Өзге ұлт өкілдері түсінбес комедия
жеке
блог

Сенімсіздікпен қарап отырмын. Ойымда фэйсбуктегілердің жазған пікірлері. Қазақтар кино түсіре алмайды. Бұл бір жағынан. "Төреғалиді әдемі қолданған" деген сөз екінші құлағымда. Жанымда екі інім де бар. Шақырған мен, олардың да уақыты бос өтпесін деймін. Бір қатар төмен отырған қыз "Фильм же на русском?" - деп сұрады. Қарап қоямын, "Қазақша мүлдем түсінбейді-ау, мына қыз".

Алғашқы минуттан-ақ зал ду күлісті, қазақы әзіл, қазақы темперамент, қазақы орта. Мен болсам өзімді тоқтата алмай отырмын. Екі езу екі жақта. Сабырға келер емес.

Көршімнің әйелі еске түсті. "Мәәә" дегенде Мақпалы. Анау, Тегістіктегі бір-екі жігіт те осы фильмде. Шай ішіліп, дастархан жайылғанда, 6 сағат отырып, ет енді келгенде ауылды еске алдым.

Пах, шіркін, ауылым-ай... Мен қазақтығымды жақсы көремін. Қазақтың үлкенге деген құрметін, қазақтың қарапайымдылығын, қазақтың кеңпейілділігін. Қарапайымдылығымызды сүймеу мүмкін емес қой. Ал осының барлығын әдемі жеткізу қаншалықты мүмкін?! Нұрлан жеткізді.

Айналамдағылардың барлығы, жаңағы орыстілді қыз да, артымда отырған әйелдер де, жанымда отырған азаматтар да қазақтар. Себебі күліп жатыр. Ал бұл фильмдегі әзілдерді тек қазақ қана түсіне алады.


Жарайсың, Қоянбаев, "Бизнес по-казахскийің" мықты шығыпты. Мықты шыққаны соншалық, мен әлі сол атмосферада отырмын. Сол қонақ үйге кіріп келдім міне, жаңа ғана. Алдымнан езуін жиып швейцар шықты, "Хау а ю?" дейді маған, үндемей қоя салдым. Есігімді ашып, өткізді, шұғыл артыма бұрылып қарадым. Кім біледі, сығалап тұрған шығар?!