Тұңғыш әскери ұшқыш – Жақыпбек Малдыбаев

Тұңғыш әскери ұшқыш – Жақыпбек Малдыбаев
жеке
блог

«Ескермесе – ер ұмыт» деген. Есімі ұзақ жылдар бойы ел жадынан тасада қалып келген ердің бірі Жақыпбек Малдыбаев еді.
Алтайдың ақиық қыраны туралы соңғы жылдарда ғана айтыла бастады. Отызыншы жылдары аспан әлемін әскери ұшақпен шарлаған жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш жайлы деректер жоқтың қасы.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге» демекші, қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыштың өмірін зерттеу, халқы үшін атқарған адал қызметтерін ашып көрсету, ерлік істерін бүкпесіз баяндай отыра, есімін қалың қауымға жария ететін уақыт туды.

Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылғы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының Шеңгелді ауылында шаруа отбасында туған. Ауыл мектебінен мұсылманша сауат ашады, оқуға зеректігі арқасында ауылда «бала молда» атананған Жақыпбек көзі ашық, көкірегі ояу, оқу – білімге құштар азамат болып өседі. Жастайынан алтын кендерінде, ауылдық кеңестерде әр түрлі қызмет атқарады. Ел ішіндегі лаңды басуға жергілікті жерде кеңес өкметінің саясатын орнатуға белсене араласады. Ол қаламы мен қаруын қоса жұмсап Зайсан, Марқакөл өңірінде тап жауларымен аянбай күреседі, чекистерге басшылық жасайды. [10]
1928 жылы Зайсан ауылдық Кеңесінде қызмет етіп, аудандық жалшылар комитетінің төрағасы болып сайланады. 1929 жылы қызыл әскерлер қатарына алынады және Түркіменстанның Мерв қаласында орналасқан Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкіне қызметке келеді.
Бұл ең алғашқыда 1918 жылы 1 сәуірде Саратов қаласында кеңестік бірінші атты әскер полкы құрылған, оралдық казактарға қарсы, Қоқанд, Наманған, Ош, Хиуадағы басмашыларға қарсы операцияларға қатысып шыңдалған әскери құрама болды. [6]
Полк мектебін бітіріп бөлімше басқарады, взвод командирінің көмекшісі болады. Осында жүріп 1930 жылғы маусым айының 22-күні большевиктер партиясының қатарына өтеді. Жақыпбек Малдыбаев 8- ерекше кавалериялық бригадасы партия комиссиясының мүшесі болып, полкта айтарлықтай беделге ие болады.
Мәселен, 1930 жылы 6 сәуірде өткен полк коммунистерінің жалпы жиналысында бригадалық жетінші партия конференциясына делегаттар сайлау жөнінде мәселе қаралады. Оған шешуші дауыспен сайланған жиырма бес адамның біреуі Жақыпбек Малдыбаев болды. [9]
1932 жылғы наурыз айында РККА-ның кіші командирі Жақыпбек Малдыбаев В.И Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебінің кавалерия бөлімшесінің бірден үшінші курсына қабылданып, взвод командирі дәрежесінде бітіріп шығады.
РККА командирі атағын алған жерлесіміз 1933 жылы 1 қаңтарда ұш-қыш¬тар даярлайтын әскери мектепке қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш рет қабылданды. [11]
9-әскери ұшқыштар мектебін бітірген 484 адамның он тоғызына, оның ішінде Жақыпбек Малдыбаевқа, “әскери ұшқыш-бақылаушы” атағы беріліп, Мәскеудегі РККА-ның әскери-әуе күштері жанындағы әскери арнайы қызмет мектебіне, фото-қызмет бастығының курсына қабылданады. 1934 жылы Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40 ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш - бақылаушы, сонымен қатар фотоқызмет бастығы болып тағайындалады. [1]
Архив құжаттарында Жақыпбек Малдыбаевтың Мәскеудегі Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясында оқығандығы туралы деректер де бар. Іссапар ретінде беріліп тұрған бұл бұйрықтарға қарағанда, Жақыпбек академияны сырттай оқып бітірген. Жақыпбек Малдыбаев интернационал¬дық борышын атқарып, Халхин Гол соғысына да, Испания соғысына да қатысқан. [13]
Жақыпбек Малдыбаев Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан қаза болды.

Қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы – Жақыпбек Малдыбаев

Әскери ұшқыштардың 9 - ші мектебі Кеңес үкметінің шешімімен 1930 жылғы қарашада Харьков қаласының оңтүстік шығысындағы Рогань теміржол станциясы маңында құрылған.
Харьков авиация училищесі директоры М. Е. Калижниковтың айтуымен 1928 жылы 31 тамызда құрылған 7- авиация мектебі (Орынбор авиация училищесі) және Борисоглебск ұшқыштар мектебінің бірнеше жылғы түлектерінің тізімдерінде бірде – бір қазақ болмай шығады. 1929-1934 жылдары Орынбор мектебінде орыстардан басқа осетин, мордва, чуваш, поляк, неміс, татар, грузин, башқұрт, латыш, корейлер оқиды, бірақ қазақтар болмайды. Ворошилов атындағы үшінші әскери ұшқыштар мектебінің (Приволье округі) 1929-1931 жылдардағы оқушылардың да тізімінен, 1923 жылы құрылған Борисглеб әскери-авиациялық мектебінің құжаттарынан да табылмайды [8].
Демек, Жақыпбек Малдыбаев 1933 жылдың 1- қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің қазақтан шыққан ең тұңғыш әскери ұшқышы деп айтуымызға толық негіз бар.
Айтмұханбет Қасымовтың «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев» еңбегінде: «Жақыпбек Малдыбаев 1933 жылдың 1- қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат» деп атап көрсетеді [9].
Жақыпбек Малдыбаевтың өз заманының озық та алғыр азаматтарының бірі екенін архив материалдарынан да білуге болады. Аэрофотобарлау, аэронавигация тактикаларын жетік меңгерген. 1937 жылы Әскери әуе күштерінің мерекелік парадына осы отрядын қатысқан үш экипаждың біреуін лейтенанттар Малдыбаев пен Мамотов басқарады. 1937 жылдың 19-шы маусымында аға ұшқыш-бақылаушы Малдыбаев звеноның флаг-штурман – звено командирінің экипажында ұшатын бас штурманы.
Архив материалдарында Жақыпбек Малдыбаевтың Мәскеудегі Жуковский атындағы Әскери - әуе академиясында оқыған. Кейбір құжаттар негізінде қарап, академияны Жақыпбектің сырттай оқып бітіргендігі туралы мәліметтер алуға болады [10].
Қызыл тулы 40-авиаотряд бойынша 1937 жылы 17 наурызда берілген бұйрықта былай делінеді: «Лейтенанттар Малдыбаев, Гришин, бірінші рангалы әскери техник Новиков 1937 жылғы 17 наурыздан бастап академияға емтихан тапсыру үшін Ташкент қаласына жіберілсін»
1938 жылы 14 қаңтардағы 6754 әскери бөлімнің командирі капитан Леонтьевтің қолымен жазылған № 10 бұйрықта:
«Звено штурманы, лейтенант Я. Малдыбаев (әскери бөлімдегі жолдастары Жақыпбекті Якуб деп атайды екен (Мәскеу қаласындағы Жуковский атындағы әскери-әуе академиясынан штурмандық бөлімнен келді деп есептелсін» деп жазылған.[11]
Бұл құжаттардағы дәлелдерді есепке ала отырып шындығында да қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбев екендігіне көз жеткіземіз.[11]
Жақыпбек Малдыбаев жайлы тарихи мақала республи¬калық “Қазақ әдебиеті” газетінде кезінде жарық көріп, оқырман жұртшылық арасында пікірталас тудырады. Сол “Қазақ әдебиетінде” 1991 жылғы 2 тамызда “Қазақтың тұңғыш ұшқышы кім?” деген материалда 1933 жылы Балашов азаматтық авиация училищесін бітірген қызылордалық Жолдасбек Нұрымұлы – қазақтың тұңғыш ұшқышы деп тұжырымдалған.
Сонымен бұл мақалалардан шығатын қорытынды: Жақыпбек Малдыбаев қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы да, Жолдасбек Нұрымов – қазақтың тұңғыш азаматтық ұшқышы (екеуі де училищені 1933 жылы бітірген).
Бұл автордың жан-жаққа жазылған жүздеген хаты мен ұзақ жылдар бойы жүргізген іздестіру жұмысының көңілге медеу болар бір сәттік қорытындысы, яғни “99 пайыздық еңбектің бір пайыздық қуанышы”. [14]Жақыпбекті Шығыс Қазақстан ғана емес, бүкіл Қазақстан танып жатса игі іс болар еді.

Жақыпбек Малдыбаевтың өз заманының озық та алғыр азаматтардың бірі екендігін көптеген зерттеушілердің еңбектерінен білуге болады. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің қиындығына қарамай, қай салада қызмет жасаса да ерен ерліктің үлгісін көрсете білді.
Әскер қатарына өзі сұранып ішкі, сыртқы жаулармен, басмашылармен күресіп, кейіннен қанша қиын болса да әскери ұшқыш мамандығын меңгеріп, әскери қызметін абыроймен жалғастырады. Жақыпбек Малдыбаев әскери ұшқыш курсын 1934 жылғы 24 шілдеде бітіріп, Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40 ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш - бақылаушы (қазірше – аға штурман), сонымен қатар фотоқызмет бастығы болып тағайындалады.
Жақыпбек әскери қызметке келе салысымен қиын-қыстау кезеңде қайнаған ұрыстың бел ортасында жүрді. Интернационал¬дық борышын атқаруда Халхин Гол соғысына, Испания соғысына да қатысып, сан мәрте ерлік жасайды.
Өкінішке орай, қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан қайтыс болады. Есіл ер, небәрі отыз бір жас ғұмырында ұрпаққа үлгі етерлік қаншама ерлік жасап мәңгілік ел есінде қалды.

 


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Әліпбай С. Тұңғыш әскери ұшқышымыз // Егемен Қазақстан. – 2002. -24 сәуір.
2. Әукебаев Е. Ерлік иесіне ескерткіш керек // Достық. – 1991. – 13 сәуір
3. Әміре Қ. Ер есімін заңдастыруымыз қажет: [ Ұшқыш Ж. Малдыбаев туғанына – 95 жыл] // Дидар. – 2002. – 7 мамыр
4. Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы. М. 1974, 50-бет.
5. Елубай О. Алтайым, алтын тамырым. Алматы: Әл –Фараби, 2000.-181б.
6. Елубай О. Алтайдың ақиығы // Егемен Қазақстан. -1997. -30 мамыр.
7. Зәкәрия Х. Алтайдан ұшқан ақиық. // Рауан. -2007. -12 мамыр
8. Қалдыбаев М. Қазақтың тұңғыш ұшқышы. // Рауан. -1997. -18 қазан
9. Қасымов А. Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев. Өскемен: Альфа- Пресс, 2007. -82 б.
10. Қасымов А. Тұңғыш әскери ұшқышы // Егемен Қазақстан. -2007. 25сәуір.
11. Қасымов А. Алтайдан ұшқан ақиық. Өскемен: Шығыс Баспа, 1999. -181 б.
12. Малдыбайұлы Ә. Өмірі өнеге боларлық жан. // Достық -1997. – 18 қазан
13.Сақажанова Ә. Жасын тағдыр жарқылы «Балағаз баурайында» // Достық -1997. – 27 мамыр
14. Тоқпатаев У. Тұңғыш әскери ұшқышы // Дидар 2008. 11 мамыр.
15. Валерия Стешенко. «История авиации Казахстана (1907-1940г.г.)». "КТО ПОДАРИЛ ЛЮДЯМ КРЫЛЬЯ? НАЧАЛО ПУТИ ВО ВСЕЛЕННУЮ". Астана, 2011. http://aviaengeneer.ru/istoriya-aviatcii-kazakhstana