Менің "Кейсментім"

Индивид - тұлға. Сол тұлғаның кемеңгерлік деңгейге жетуі әр адамда әр түрлі болып келеді. Тұлғалыққа жетудің жолын бірі лулу тастарындай баға жетпес құны бар, рухани ортадан тапса, бірі материялды деңгейден табады. Өйткені, әр адам өзіндік - МЕН. “Менің Пушкинім” деген секілді мен де өмірлік құндылықтар мен қарым-қатынастың нәзік сырын Патрик Кейсмент деген индивидтан таба білдім. Ендеше, мен де мендегі МЕН ұғымын қалыптастырған жанды “менің Кейсментім” деп неге атамасқа?! 
Біз әдетте кез-келген нәрсенің мәнін, мағынасын белгілі бір дәрежеде анықтап үйренгенбіз. Көп нәрсе көзге көрініп, сезіліп тұрғандықтан оның мәні де тезірек байқалады. Алайда адамның көзіне көрінбейтін, уақытпен бірге ағып бара жатқан өмір деген абстрактілі ұғым мен адамдар арасындағы байланыстың мағынасын немен анықтап дәл айтуға болады? Міне, мен осының барлығын Кейсменттен таба білдім. Оның еңбегін оқып отырып күнделікті өмірде байқала бермейтін адамдар арасындағы ерекше құбылысқа көз жеткізесің. Өйткені, ол оны сан қилы мысалдар арқылы көрсете білген. Құдды сол Кейсменттің сеансында өзің отырғандай боласың. Немесе психолог пен пациенттің арасындағы диалогты сырттан бақылап, пациенттің хәлін өзің де сезініп және сонымен қатарласа отырып психологтың кеңесін алғандай күй кешесің. Патриктың “обучение у пациента” деген еңбегін оқу арқылы мен не түйдім? Ең бастысы, адами құндылық. Адам бойындағы даралық қасиеттер оның өзгелерге қарым қатынасынан байқалатынын ұқтым. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа туған нәресте де, ересек адам да, ақыл – иесі ауысқан да дара адам (индивид) болып саналады. Осындай ерекшеліктермен қатар қалыпты дамыған, өмір тәжірибесі мен өзіндік қасиеті, әлеуметтік ортада өз орны бар адам жеке адам деп аталады. Жеке адамның азаматтық, кісілік, тұлғалық қасиеттері болады. Жеке адам қоғамдық өмірде тіршілік етіп, өзге адамдармен қарым – қатынас жасайды. Осындай іс — әрекеттеріне сәйкес жеке адамның тұлғалық сипаттары сомдалады, қадір – қасиеттері қалыптасады.
Сыртқы нәрселер мен тіршілік ететін орта әлеуметтік жағдаймен ыңғайласып, адамға жанама түрде әсер етеді де оның психикасын дамытады. Адамның тіршілік ортасы үнемі өзгеріп те, өзгертіліп те отырады. Даралық сапалар тарихи қалыптасып, жеке адамның кісілік қасиеттерін құрайды. Әрбір адамның мінез құлық ерекшеліктері де әлеуметтік ортада дамып жетіледі. Сондықтан, біз жеке адамды қоғам мүшесі ретінде санап, оның әлеумет өміріне ықпал етіп, отыратын белсенділік әрекетін де ескереміз. Мінез бітімі, темперамент ерекшеліктері, ақыл – ой сапасы, қызығуының баста бағыты әрбір дара адамның өзіндік психологиялық тұрақты бейнесін жасайды. Әр түрлі құбылмалы жағдайларда адамның бір қалыпты бейнесін осындай тұлғалық қасиеттері көрсетеді. Сондай – ақ, мұндай, тұрақты қасиеттер жеке адамның жан дүниесі құрылымындағы даралық тұлғаны да бейнелейді. Адам бойындағы тұлғалық қасиеттер қоғамдық тәрбие нәтижесінде өзгеріп те, жаңа сапаларға ие болып та отырады. Мен бұл ой толғауымның басын “индивид – тұлға” деуімнің өзі де, осы жеке тұлға және оған деген құрметті үйренгенімді көрсетеді. 
Адамның жан дүниесін терең зерттеген психолог ғалымдар мынадай анық ақиқатты байқаған. Жас адам саналы ғұмырын бастамай жатып ауыр трагедияға ұрынып, оның бағалы тағдыры қайғы мен қасіретке айналғанда түпкі себебі біреу деген. Жап-жас өрімдей жігіт немесе қыз баласы өзінің өмірге не үшін келіп, не үшін өмір сүру керек екенін ұмытып, ақылы шатасқанда оның тағдыры қайғы мен мұңға тола бастайды. Сондықтан кез келген қоғамдық дерттен жас ұрпақты аман алып қалу үшін оларға өмірдің мәні мен тіршіліктің ақиқат тірегі туралы шындықтарды анықтап беру ең маңызды шаруа. Күндердің күнінде белгілі бір өткелге жеткен кезде кез-келген адам баласын «Адам не үшін өмір сүреді?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұрақ кез-келген екі аяқты саналы пенденің отыз жастың орта шеніне келгенде сүрінетін сауалы. 
Патрик Кейсменттің тәжірибесінде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Себебі, кез-келген адамға өмірден өз орнын табу өте қиын дүние. Шындығына келгенде, адамның қоғамда қалыптасуына оның жағдайы мен шыққан тегі емес, көзқарасы әсер етеді. Бұлай болғаны өте жақсы. Себебі жағдайыңызды өзгерте алмауыңыз не шыққан тегіңізге еш әсер ете алмауыңыз мүмкін. Алайда өмірге қатысты көзқарасыңыздың оң не теріс болуы өз қолыңызда. Ал, Кейсментті оқыған әрбір адамда өмірге деген жақсы көзқарас қалыптасады. Менің өзім де “оң көзқарас өмірді көркейтеді” деген пікірді ұстанатын болдым. 
Кейсменттің бұл туындысының тағы бір ерекшелігі мұнда тәжірибе жүргізген психоаналитиктың іс-әрекеті байқалады. Ол өзінің сол уақытқа дейін психолог ретінде бастан кешкендері мен пациентпен жұмыс барысында жіберген қателектері арқылы түйгендерін жазған. Және де бұл кітаптын айрықша айтып өтер тұсы оның қарапайым тілде жазылғаны. Әдетте психологиялық кітаптардың көбісі дерлік көптеген терминдер және ғылыми тілде жазылатыны белгілі. Алайда, Патрик Кейсменттен ғылыми сферадағы туындыны емес, жалпыға бірдей түсінікті нәрсені байқайсың. Меніңше, бұл тұрақты психология саласында қызмет атқаратын жандардан бөлек, психология әлеміне енді ғана қызығып келе жатқан жандарға өте үлкен көмегін тигізері сөзсіз. 
Бұл кітап әлі зерттеліп бітпеген психологияны зерделеуге, оның әдіс-тәсілдерін үйренуге жол ашатын секілді. Өйткені, зер салып қараса Кейсмент арқылы көптеген дүниені үйренуге болады. Психология саласына әкелінген жаңа бір бағыт деп ойлаймын. Еліміздегі психологтар қатары дәл осындай бағытпен жұмыс жасап, осы әдіс-тәсілдерді пайдаланса психолог тарапынан қиындықтар болмайды деп ойлаймын. Әрі қарапайым адамдардың да психология саласына қызығушылығы артар еді.
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекші егер де бұл кітап өзіміздің ана тілімізге аударылар болса психология саласындағы қолданысы артар еді. Бұл практика жүзінде де дәлелденіп қойған. Мысалы Ресейде бұл туындының қолданыс аясы өте кең. Қанша дегенмен орыс тілінде болғандықтан тұсінікті екені белгілі. Егер ағылшын тілінен аударылмаған болса осы кітап туралы қазіргі таңда білер ме едік? Білген күннің өзінде ішіндегі құнды дүниелерді оқи алар ма едік? Міне, сол секілді алдағы уақытта қазақ тілінде жарық көріп жатса нұр үстіне нұр болары хақ. Байқап қарасақ көптеген әлемдік бестселлер кітаптар бірнеше тілге аударылған. Халқымыз осы тұрғыда “жеті жұрттың тілін біл” деп бекер айтпаған-ау шамасы. Қазақтан шыққан небір дара тұлғалардың дана туындылары көптеген шет тілдеріне аударылған. Мысалы, халқымыздың ғасырлар бойғы мұрасы, қазақ әдебиетінің бойтұмары саналған Абай Құнанбайұлының шығармалары бірнеше тілге аударылғанының арқасында оны бүкіл халық таниды. Қара сөзден өрнек сала білген қаламгер Ғабиден Мұстафинның да ғасырлық мұралары ағылшын, неміс, француз, испан, поляк, чех, болгар, венгр, қытай тілдеріне аударылған. Мен мұнымен не айтқым келді? Ол кез-келген халықтың ана сүтімен бойына дарыған ана тілі қашанда мәртебелі, ең бастысы ең қарапайым түсінікті тіл екенін ұқтыру. Патрик Кейсменттің кітабы ана тілімізде көбірек дәріптелсе, расымен де жаңа бағыттағы өзгеше дүниелер қалыптасары сөзсіз.


Бөлісу: