Эссе жаза аласың ба?

Эссе жаза аласың ба?
жеке
блог

ҰБТ форматының жаңаруына байланысты енді әр түлек міндетті түрде эссе жұмысын жазуы керек. Ал, біз эссе жаза аламыз ба? Оқушылар арасында жүргізілген шағын сауалнама қорытындысы эсседе бастысы өз ойың болуы керек дегенге әкеліп тіреді. Ол да дұрыс, алайда біз эссе композициясы, тезистік тақырып, көзқарас туралы не білеміз? Осы тұрғыда сауатты бола түсу үшін эссе құрылысымен таныс болайық. Мемлекеттік стандартқа сай эссе кемінде 250 сөзден тұруы керек. Оған қоса, оның 10%-кіріспе, 65%-негізгі бөлім, 25%-қорытынды болуы шарт. Баршамызға түсінікті болу үшін "ХХІ ғасыр: кітап және компьютер" тақырыбына эссе жазып көрелік. Кіріспеде негізгі тақырыптың кірпіші қалануы керек.

Мысалы, 
""Айшылық алыс жерлерден,
Көзді ашып жұмғанша,
Жылдам xабар алғызды",-дейді ұстаздықтың ұстасы Ыбырай Алтынсарин. Шын мәнінде, өнер мен білім қазіргі таңда өте биік деңгейде. Тіптен, кітаптардың өзі теxникамен алмастырылуда. Менің ойымша, кітаптан құндырақ дүние жоқ, болмаған да." Бұл-біздің эссеміздің кіріспе бөлімі. Кіріспе бөлімде міндетті түрде тезистік тақырып болуы керек. Керегесіз үй болмайтынындай, тезистік тақырыпсыз эссе де болмайды. Қарастырып отырған мысалымызда "кітаптан құндырақ дүние жоқ" - тезистік тақырып.

Негізгі бөлімде осы тезистік тақырыпты барынша ашуымыз керек. Әртүрлі дәлелдеулер ұсынып, мәселеге жан-жақты қарай білуіміз шарт. Негізгі бөлімде «неге кітаптан құндырақ нәрсе жоқ?» деген сұрақ төңірегінде ой толғаймыз. Ол үшін кітап пен электронды құрылғыларды салыстыру - өте жақсы әдіс. Мысалы, «Біріншіден, электронды кітаптан оқылған көркем шығарма оқырманды өзіне баурай алмайды. Себебі, оқиғаның бар желісін жүрекпен түсіну үшін, ең алдымен, кітапты ұстап, сезіну қажет. Екіншіден, электронды құрылғыдан оқыған туынды бізді шынайы әлемнен алыстатады да, виртуалды әлем құрбаны етеді. Психолог мамандардың айтуынша, ес білгелі қолына электронды құрылғы ұстаған баланың өсе келе қоғаммен қарым-қатынас жасауы қиындай түседі екен». Міне, осы сынды дәлелдеулерді ұсынғаннан кейін қорытынды бөлімге көшеміз.

Қорытынды бөлімде тезистік тақырыпты шешу жолдарын қарастырамыз, жаңа идеялар ұсынамыз. Мысалы, «Кітап – жан азығы. Мемлекет тарапынан кітаптарды насихаттауға, жастардың арасында кеңінен таратуға ерекше көңіл бөлінсе екен деймін. Ол үшін қоғамдық орындарда кітап көрмелері, талқылаулар жиі өткізу керек. Оқушылар арасында да «Жас оқырман» ұйымдары құрылса, белсенді мүшесі болуға дайынмын. Себебі, «кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы»». Осымен, біздің эссеміз дайын. Эссе жазу барысында әртүрлі даналық ойларды, мақал-мәтелдерді, мысалдарды орынды пайдаланған дұрыс. Іске сәт, жас түлек!