Айтылмай қалған әңгіме...

Қазіргі таңда мектеп оқушылары мектепті аяқтай сала әр түрлі демалыс орындарына қарай асығып жатады. Әрине, бұл да жазғы демалысты құр өткізбеудің амалы. 
Мен көзімді ашып, ес жиғалы бірде-бір лагерьге (демалыс орынына) барып көрген емеспін. Әркез отбасылық жағдайлар менің жазғы демалысымды өзге балалар секілді жазғы сауықтыру орындарында өткізуіме кедергі болатын. Не керек солай жүріп мектепті де аяқтадық. Жоғарғы оқу орнының студенті атанып, маған бейтаныс болып қалған “лагерь” деген ұғымға қолымды бір сілтедім. Өйткені, кәмелетке толған шағымда балалармен бірге демалуды ұят санадым. Қазақта “Құдай өзі айдап келеді” дейді ғой, дәл солай маған да бір досым лагерьде жұмыс жасауды ұсынды. Санамның қауырсыны бұл ұсынысты жазып, талқыға салып та үлгермей, жүрегімнің үні “Ия” деді. Еш ақылға салмастан қасыма құрбымды алдым да, Алматы қаласында орналасқан “Сәлем” атты лагерьге ұшып келдім. Мендегі бір ғана ой – бала кезімнен көп естіген лагерь әлемін көзбен бір көру болатын. Мен “вожатая” болу арқылы лагерь дүниесін бір қырынан көре алатыныма қуандым. Алайда, “жүз рет естігенше, бір рет көр” деп алып-ұшып келген көңілім су сепкендей басылды. Қатты қиялға салған өзімнің кінәм бе, әлде лагерь деген осындай бола ма ештеңке ұқпадым. Сонымен 15 күн ішінде көз алдымнан өткен дүниелерді өзгелермен бөлісуді жөн санадым. 
Бірінші күн. Құрбым екеуіміз досымның сілтеуімен лагерьге келдік. Орналасқан жерінің кереметтілігі сонша табиғатына айтар сөзім жоқ. Табиғи дүниелері ауыз толтырып айтарлықтай. Ал, қолдан жасалған дүниелер ше? Мысалы, жай ғана корпустар. Балалардың жататын орындары тым көне, әрі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Балалардың келуіне 6 күн қалғанда вожатый, воспитательдер жандары шығып жөндеу жұмыстарын жасап жүр. Жөндеуші мамандар тұрғанда балаларға қараймын деп келген біздерге қолымызға краска мен су ұстатып жөндеуге жібергендеріне ішім ашыды. Жәрайды, 6 күн ішінде оған да етіміз үйренді. Солай сол жердің жөндеушісі, тазалаушысы ең аяғы суретшісі де біз болдық. Басқалардың жасаған қателіктері үшін сөзді де біз естідік. Біз дегенім “вожатый, воспитатель” болып келген қарапайым студенттер мен мұғалімдер. Балалар келгенге дейінгі күндер дәл осылай тазалап, жуумен өтті де шықты. 
Балалар келген уақыт. Таң атты. Түнімен ұйықтамаған ұйқылы ояу шаршаңқы түрімізді бояудың арғы жағына жасырдық та, ерінімізге күлкіні қолмен салып, балаларды қарсы алдық. Балалармен өткен алғашқы күніміз танысып, тобымыздың атын қойып, серуендеумен өтті. Балалардың шынайы күлкісі мен кіршіксіз көңілдері осы уақытқа дейін жасаған қара жұмысымызды ұмыттырып, жүзімізге шынайы күлкі сыйлады. Бірақ, бәрібір де бұл бақытымыз ұзақ болмады. Себебі, бұл сауықтыру-демалдыру орынында балаларға арналған ешқандай жағдай жасалмаған болатын. Балаларға корпустан ішетін таза су да табылмады. Ақыры аяғы барлығы ақшаларын алып әдеттегіден 3 есе қымбат тұратын буфетке қарай ағылды. Бір күн, екі күн, үш күн сатып алары анық. Ал, ары қарай ше? Үйлерінен алып келген аз-маз ақшалары да таусылып, қалталарының түбі көрінгесін, балалардың да шыдамы таусылды. Әрқайсысы әр түрлі сылтау айтып үйіме қайтам дегенді әдетке айналдырып алды. Күніне кем дегенде 1 бала кететін болғандықтан күнде кешкі жиналыста басымыз салбырап, бастықтан сөз естуге де әбден үйреніп қалдық. Олардың айтуынша, баларды қызықтыру біздің қолымыздан келмей, сол үшін де кетушілер көбейіп жатқан көрінеді. Қазіргінің балалары мұндай қалыпты тіршілікті үйден де таба алады. Оларға тек заманауи “Уау” дегізетін қызықты дүниелер керек болды. Біздің ойнататын ойындарымыз жасөспірім балаларға мүлдем қызықсыз болды. Оған қоса күн сайын неше түрлі конкурстар болатын. Олар да ерекше уақытты талап етеді. Өзге топтардан озық болу үшін ерекше дайындық керек. Ерекше дайындыққа жоғарыда айтқанымдай ерекше уақыт керек. Ол уақыт түсте ғана табылатындықтан конкурстарға балаларды түскі ұйқысынан бөліп, өздерінің еріктерінсіз дайындап, сахнаға шығарасың. Барлық бала бірдей белсенді бола бермейтіні тағы бар. Барлығын бірдей қатыстырмасаң тағы да болмайды. Онсыз да мектептегі түрлі конкурс пен “Сабақ” деген шырғалаңнан бастары қатып демалуға келгенде осындай дүниелермен бастарын айналдырып қойғаныңа да ұяласың. Алайда, тәртіп сондай болғасын, бағынбасқа да амал жоқ. Шатырдан су сорғаланы былай тұрсын, жарықтардың жанбай қалғанына да біз сөз еститінбіз. Дегенмен де, барлық дүние екі жақты болатыны секілді бұл лагерьдің де мұндай қателіктерін уақытша деп санадым. Өйткені ол жерде қанша жерден жағдай нашар болғанымен, адамдардың сыйлайтын атмосферасы өте керемет болатын. Жазатын болсам өте көп, алайда, қазақта “су ішкен құдығыңа түкірме” деген бар ғой сол үшін де осы жерден тоқтадым. Бұл жазбамды оқып бірі негативті ой қалыптастырса, бірі түсіністікпен қарары анық. Неде болса, бұл менің жеке ойым.
Міне, осылайша “ЛАГЕРЬ” деген арман болған жерді де көрдім. Әр адам өзінің ой таразысынан өткізер деген ойдамын.


Бөлісу: