Сән әлемі
жеке
блог

Сән әлемі

«Берік Исмайылов» сән үйінің сәнгері - Аяулы Дәменовамен сұхбат.

 Тілші: Сән дегеніміз - киім кию мәдениеті, өмірдің әр түрлі ортасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі деп жатамыз. Келісесіз бе? Өзіңіздің кәсіби сәнгер ретінде киім кию мәдениеті туралы ойыңызды айта аласыз ба?

Сәнгер:. Жалпы киім ұғымы адамдардың уақытқа және қоғамдық жағдайларға сәйкес сұлулық туралы белгілі бір ұғымын бейнелейтін сәнмен (мода) тығыз байланыста болады. Адамзат қоғамы дамыған сайын бұл көзқарастар өзгереді, яғни үнемі жаңарып отырады. Киімді әркім өз бетінше таңдайды, таңдау барысында адам жеке талғамы мен сән ағымына сүйенеді. Жақсы киіне білу де өнер. Киім таңдаудағы жақсы талғамды білдіретін кең тараған анықтамалардың бірі әдемілік, сәнділік. Сәнділік ұғымы ең алдымен киім түсімен сәніне қарай дұрыс құрай білуге тікелей байланысты,киімге деген талғампаздық адамның өзіне сынкөзбен қарай алатынының белгісі болып табылады. Қысқаша айтқанда, сән, мода әрдайым өзгеріс үстінде болғандықтан оны қуып жету мүмкін емес, сондықтан адам өзіне қонымды, жарасатын киім үлгісін таңдап сән ағымымен ұштастыра білсе, ешқашан ұтылмайды деп ойлаймын.

Тілші: Кейде ресми жиындарға, әр түрлі конференцияларға барарда не киетінімізді білмей, гардеробымызды ақтарып тастаймыз. Сондықтан ресми ортаға қандай киімдерді киіп барған жөн және киімдердің түсіне мән беру қаншалықты маңызды? 

Сәнгер: Көпшілігіміз ресми жиындарға, жұмысқа не киерді білмей, тек ақ кеудеше мен қара белдемше не болмаса шалбар ғана киюге болады деген стериотиппен ойлаймыз. Әрине, жауапты ресми жиындарда арнайы дресс кодпен киіну керек, оны жоққа шығармаймын, дегенмен мата түрімен, үлгі фасонымен ерекшеленіп, сәнді аксессуарлармен киімді толықтырып ерекше бейне құрастыруға болады. Қазіргі кезде қатып қалған белгілі заңдылық сән әлемінде жоқ, сондықтан сәнгерлер таңдауыңызға шектеу қоймай, шалбарларды, белдемшелерді қайталанбас үлгідегі бешпеттер, пиджақтар, жейделер және блузалармен үйлесімдеп қолдануға ұсынады. Сол себепті, сіздер өздеріңізге мысалы, колоритті үйлесімділік пен жабайы саваннаның образын таңдап, қарапайым классикалық шалбармен үйлестіріп, заманауи комплект жасасаңыздар болады. Киімнің түсіне мән беру өте маңызды, себебі әр түс адамға әр түрлі әсер береді. Қарапайым мысал келтірсек қызыл түс епті, активті, жылдам болуды талап етеді, кейде агрессия, ынтаны тудырады. Жасыл түс болса сабырлыққа шақырып, тыныштыққа үндейді. Ал сары түс позитивке бөлеп, қуаныш тудырады. Сол сияқты басқа да түстер адам психологиясына әсер етеді, бұның өзі үлкен ғылым, түстану деп аталады. Айтқым келгені, орынды киінумен қатар түстерді де тиімді үйлестіре білу қажет.

Тілші: Осы күзде қандай киімдер және қандай түстер сәнге айналуда? Қыздар мен жігіттер киімдеріне жеке-жеке тоқтала кетсеңіз?

Сәнгер: Осы күзде болсын, жалпы сезон талғамай сәнге еніп жатқан және сәннен шықпайтын стиль ол – этно стилі, менің ойымша. Себебі этно стиль біріншіден ыңғайлылық пен төзімділік принципі бойынша орындалады. Қазіргі кезде тұтынушылардың басым бөлігі шет елге еліктемей ұлттық нақышта киінуді, индивидуалды киім тіктіруді қалайды, ал отандық дизайнерлер сұранысқа сәйкес күнделікті өмірде, салтанатты жиын тойларда киетін көйлектерді этно стилінде орындап шығаруы қуантады. Аксессуар, киім, аяқ киімді этно стильде таңдағанда фасон, фактура және динамизмды ескеру тиіс. Ал ең динамикалық, ұтқыр ол түс болып табылады. Осы сезонда қызылтым, қоңырқай және қоңыр сарындағы бұйымдар тренд болмақ. Этно стильінде орныдалған бұйымдардың түстік гаммасы өте байсалды түстерден жасалады. Этно стиль киімге айрықша сезгіштікті байқалтады. Киімде кез келген этно элемент бар бойжеткен елдің байқауынсыз қалмайды.

Тілші: Жалпы Қазақстан сән әлеміне жас сәнгер ретінде өз бағаңызды бере аласыз ба?

Сәнгер: Қазақстан сән әлемі өте қарқынды даму үстінде. Жас сәнгер ретінде өте жоғары баға беремін. Себебі дизайн жағынан дамуға үлкен мүмкіндіктер бар. Жас мемлекет болғандықтан бастамамыз жаман емес, алайда бағындырар белестеріміз әлі көп. Дегенмен, көптеген дизайнерлеріміз қазірдің өзінде биіктен көрініп «ҚАЗАҚСТАН» атын әлемге танытып жатыр. Ұтқыр идеялар ұсынып, табиғи бұйымдар жасап, заманауи технологияларды ұтымды қолданып барын салуда. Мемлекет тарапынан да отандық өнімді дамыту және дизайнерлерге қолдау көрсету саясаты жүруде. Оның дәлелі көптеген конкурстар, жиын конференциялар және сән апталықтары.

Сұхбатыңызға рақмет!