Супер Серкеш

 Супер Серкеш
жеке
блог

Кеше Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында жаңа "Супер Серкеш" атты қойылымның тұсаукесеріне барып қайттым. Қойылымның қоюшы-режиссері Жанат Хаджиев.

Қойылым, басында сізге "не көріп отырмын?" деген ой тудыруы мүмкін. Дегенмен, қойылымның өз айтар ойы бар. Яғни, ол күнделікті өзіміз көріп жүрген заманның сиқы. Ақша, атақ деп бар адами қасиеттерінен айырылған адамдардың көрінісі. Қыздар, әдемілік үшін, әдемі деген атаққа ие болу үшін жүрсе, шалдар мен байлар сол жас қыздардың қыздары мен немерелерімен жасты болғанына қарамастан өздерінің пенделік мүдделеріне пайдаланғысы келетінін тілге тиек етеді.

Қызметі үшін бәріне дайын Серкеш бастығының көңілін табу үшін, облыстың ең әдемі қызы Меңсұлу мен бастыңы кәрі шал екеуін табыстырмақ болады. Алайда, осы тұста ол жоспарламаған нәрсе болады. Меңсұлу мен Серкеш бір-біріне ғашық болып қалады. Бірақ, бұл махаббат па, мақсатқа жету жолындағы айла ма?... 

Қойылым ұятынан айырылған ата деп жүрген кейбір үлкен кісілердің сиқын, аға деп жүрген бай ағаларымыздың мақсатын, көшеде қайыр тілеп отырғанына қарамастан "менің елім", "менің атам" деп өтірік намысқа тырысатын қазіргі жігіттердің жай-күйін, қыздардың "ең сұлу", "ең әдемі" деген атақтарға құштарлығын, аналардың бай азаматтарды ғана қолдайтынын ашық көрсеткен. Қойылымға қарап отырып, ақша үшін сатылып кеткен қазіргі қоғамды көре аламыз. Бір түрлі ұяласың, бір түрі мына кір қоғамнан жерисің... 

Маған ұнағаны: қойылымдағы актрисалардың әдемілігі. Динара Абдуллина жас болса да өз рөлін жақсы алып шыға алды. МС.Сайлаубектің әнінің қойылымда қолданылуы, күтпеген нәрсе болды. 

Маған ұнамағаны: актрисалардың ашық-шашық киімдері. Үш бомждың образын бірден танығаным, ұқсастық бірден көзге ұрып тұр. "Кавказская пленница" өлеңдері ұнамайды, сол кезді аңсаған сияқты, қазіргі қоғамға сай басқа өлеңдер қолданылса аздап дұрыс болар ма еді. 

P.S. Өзіміз өмір сүріп жүрген қоғамның бір уақыт көрермені болу адамды қызықтырады, барып көруге шақырамын.