Районы

Еліміздің барлық кинотеатрларында белгілі режиссер Ақан Сатаевтың су жаңа туындысы "Районы" фильмі көрсетіліп жатыр. Бұл киноны Sulpak Cinema Kazakhstan компаниясының шақыруымен елден ерте Esentai Kinopark кинотеатрында көріп алған жайым бар. Көрсетілім алдында Ақан Сатаев кинода басты рөлдерді сомдаған жас актерлермен бірге БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Режиссер фильмнің 32 күнде түсірілгенін, көркемдік кеңестің болғанын, жас актерлерді іріктеп алудың оңайға соқпағанын айтты. Ал жас актерлер атақты режиссердің киносына түскендеріне қуанышты екендерін жасырмады, осы фильмнен кейін өмірге деген көзқарастың өзгергендігін айтты.

Фильм желісін жазып, уақыт алмайын. Бір айтарым, меніңше, өз-өзіне қол жұмсаған Хабиб пен әділеттілікті таңдаған Арсенге обал болды. Әдетте, тура жолды таңдаған балалар сорлайды. Ауданның, көшенің, мектептің қатал заңына қарсы тұратындар сорлайды. Ал бұзақы балалар өз өмірлеріне балта шауып не теріс жолға түседі, не өз орнын таба алмай қалады.

Бұл кино маған да ұнады. Фильмді көргенде мектепте оқыған күндер, қызықты сәттер еске түсті. Біздің де жігіттер төбелестерге қатысатын. Класс-класс, мектеп-мектеп болып төбелесетін. Ертесі күні ештеңе болмағандай, мектепке келетін. Мұғалімдер мен директор біліп жатса, жиналысқа салатын, ата-аналары шақырылатын. Әрине, бұл да бір заңдылық шығар. Алайда, әркім өзі үшін жауап береді, ертеңгі күні өз қолында екенін ұмытпағаны жөн. Дер кезінде ақылға келмесе, тентек балалардың тағдыры теріс жаққа қарай бұрылады. 

Фильм аяқталғанда бір сыныптасымды еске түсірдім. Тентектің тентегі еді. Мектеп бітірген соң, институтта оқып, тентектігін жалғастырып, оқудан шығып кетті-мыс. Ауқатты жанұяның баласы бола тұра біреудің үйіне ұрлыққа түсіп, сотталып кеткен еді. Түрменің өз заңдары бар ғой. Қазір бостандыққа шықты деседі. Ақылға келіп, ел қатарлы тіршілік етіп, жаман жолға қайта түспейтін шығар деген үмітім бар.

Ал сіздер киноны, міндетті түрде, көріңіздер! Ақан Сатаевты жаңа туындысымен құттықтаймын!



Бөлісу: