Семсер мен қылқалам шеберінің «Махаббат сыры...»
жеке
блог

Семсер мен қылқалам шеберінің «Махаббат сыры...»

    2016 жылғы 21 қазанда «Астана» Ұлттық сурет галереясында Қырғыз Республикасының суретшісі Бұзұрманкұл Мырзалиевтың «Махаббат сыры...» атты жеке көрмесі салтанатты түрде ашылды. Көрменің ашылуына Қазақстандағы Қырғыз Республикасы Елшілігінің өкілдері, «Қырғызстан-Астана» этномәдени орталығының төрағасы Шавкат Исмаилов, қазақстандық суретші әріптестері, жалпы өнер сүйер қауым өкілдері қатысты.  

 Kormede

Б. Мырзалиев көрменің ашылуында

  Көрмеде қойылған суреттердің көркемдік жағын ашпас бұрын,  суретшінің өмірбаянына қатысты деректерге, тұлғалық ерекшеліктеріне тоқталсақ. Себебі, Мырзалиев Бұзұрманқұлдың суретші ретіндегі ерекшелегін жоғарыда аталған жайттар айқындап тұрса керек.

  Мырзалиев Бұзұрманкұл 1957 жылы Қырғызстан Республикасы Талас қаласында дүниеге келген. 1973-1977 жылдар аралығында Фрунзе көркемөнер училищесін бітірген. Суретші 1982 жылы Талас (1982 ж.), Бішкек (1984, 2010, 2012 жж.), Мәскеу (2007 ж.), Сан-Янь (Қытай Халық Республикасы, 2013, 2014 жж.) қалаларында өткен аймақтық, халықаралық көрмелерге қатысып, лауреат атанған. 2014 жылы Сиань қаласында өткен халықаралық көрмеде суретшінің  «Ұлы Жібек жолы» атты көрмесіне құрмет грамотасы берілген. Бұзұрманкұл Жолдошалиұлы «Бусуй-арт»  қоғамдық қорының төрағасы, аталған қордың мақсаты ауылды аймақтарда бейнелеу өнерін насихаттау болып табылады. Бұзұрманкұл Жолдошалиұлы Қырғызстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы суретшілер Одағының құрметті мүшесі.

   Осы тұста Мырзалиев Бұзұрманқұлдың «сегіз қырлы, бір қырлы» азамат екенін атап өткен жөн. Ол өз бойында суретшілікпен қатар, проза жазу, өлең шығару, шығыс жекпе-жегі сынды өнер түрлерін де сіңірген. Бірақ, шебердің өзінің айтуы бойынша, ол өмірінде екі өнерге – сурет салуға және шығыс жекпе-жегіне басымдық берген.

 nat nam

 Қырғызстанда «Кунг-Фу Нят-Нам» федерациясының негізін қалаған кезі

   Б.Мырзалиевтың шығыс жекпе-жегі өнеріне деген сүйіспеншілігі балалық шағынан бастау алған. Оның бұл қызығушылығы бірте-бірте кәсіби деңгейдегі игеруге ұласты. 1990 жылы шығыс жекпе-жегін Шаолинь 6-шы дәрежелік Вьетнам шеберлерінен меңгеру үшін Минск қаласына шақырылып, әдіскер-тәлімгері маманы біліктілігін алды. Тәлімгер ретінде бұл бағыттағы ізденісін шыңдай келіп, 1996 жылы Қырғызстанда «Кунг-Фу Нят-Нам» федерациясының негізін қалады. Қазіргі таңда «Кунг-Фу Нят-Нам цыгун» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарады. Шығыс жекпе-жек өнерін зерттей жүріп, ол денсаулықты сақтау, ішкі қуатты қалпына келтіру, жан мен тәннің үндестігін табу бағытында өзінің авторлық әдістемесін дамытып, оны Қырғыз Республикасы Білім министрлігінің лицензиясымен бекітті.  Спорттың арқасында жауынгерлік күрес шеберлері Стивен Сигал, Марк Дакаскос және Боло Янгпен достасты.

bolo

  Б. Мырзалиев Боло Янгпен бірге

 dagaskos

Б. Мырзалиев Марк Дакаскос және шәкіртімен

 sigal 

Б. Мырзалиев Стивен Сигалмен

  Шебердің шығармашылығының өзіндік ерекшелігі бар. Ол реализм, импрессионизм, классика және абстракционизм сынды стильдерде жұмыс жасайды және де осы туындыларын замандастары ыстық ықыласпен қабылдап жүр. Шебердің еңбектері түрлі жанрлармен, техникалармен, көркемдік тұжырымдамалармен таныстырады. Оның шығармашылық топтамаларының толтырып жүрген туындылардың басты критериі – кескіндеме әсемдігі.

  Қылқалам шеберінің «Астана» ұлттық сурет галереясындағы көрмесіне негізінен пейзаж, натюрморт, портрет туындылары қойылды. Оның осы тақырыптағы туындылары таңғажайып түстік шешімдерімен, жан мен тән бірлігінің  сезілуімен ерекшеленеді.  Оның кей жұмыстары нағыз жауынгердің болаттай мінезін ашып көрсетсе, кейбір суреттері тіршілік қуаты мен шуағына толы.  Ол өзінің ғұмыр жолындағы түйсінуі мен сүйсінуін, тамсанысы мен таңданысын, арманы мен аңсарын қылқаламы арқылы суреттеген. Шебердің айтуынша, шығыс жекпе-жегі өнерінің философиясы да туындыларын салуға көмек беретін көрінеді.

  Өнер қайраткерінің қаламынан жарық көрген туындылардан туған жер табиғатына, салт-дәстүріне, тарихына, сондай-ақ жалпы әсемдік атаулыға деген  сүйіспеншіліктің лебі есіп тұр.

Көрмеде қойылған туындылардың ішінде «Бестас шатқалы», «Ыстық көл», «Қызыл өзен ауылы» сынды картиналарды ерекше атап өтсе болады.

 /userdata/uploads/u75067/1478513663_l.JPG

«Бестас шатқалы», кенеп, майлы бояу

  «Бестас шатқалында» тұмса табиғат шебер бейнеленген. Пейзажға қарағанда сарқырап аққан тау өзенінің шуы құлағыңызға келіп, тау суынан ескен салқын бірден бойыңыз бен ойыңызды сергітіп, тау баурайындағы көкті шанши өскен шыршалардың хош иісі жаныңызды жадыратып қоя бергендей. Ал ортадағы ақ қарға оранған асқар шың дәл осы сұлулық атаулының кульминациясы іспетті.

 /userdata/uploads/u75067/1478513708_l.JPG

«Ыстық көл», кенеп, майлы бояу

  Қырғыз елінің інжу-маржаны Ыстық көлді жырламаған ақын,  суреттемеген суретші кемде-кем шығар сірә?!. Бұзұрманқұл Мырзалиев те табиғаттың осынау бір керемет көрінісін айналып өте алмаған. Алайда шебер Ыстық көлдің сұлулығын өздігінше суреттейді. Теңіздей толқып жатқан Ыстық көл шебердің сол сәттегі көңіл толқынысынан, ал алыстан мұнарлаған асқар таулар автордың көңіл аңсарын білдіргендей.

 kisil

«Қызыл өзен ауылы», кенеп, майлы бояу

   «Қызыл өзен ауылы» шығармасынан суретшінің туған ауылына деген ыстық ықыласын айқын көреміз. Күзгі бояуларға малынған қарапайым ауыл, ауылдың маңында алаңсыз жайылып жүрген үй құстары қаланың күйбең тіршілігінен мүлдем ада. Осы күй сіздің көңіліңізге де ауыл тіршілігіне тән тымықтық пен қарапайымдылықты сыйлайды, еріксіз баурайды.

   Бұзұрманқұл Мырзалиевтың қаламынан туындаған портреттердің ішінде қырғыз халқының дәстүрлі эпосындағы батыр – Манастың бейнесі бір төбе. Көрмеде Манастың екі портреті қойылған – «Жауынгер» және «Манас жорықта».

 voin

«Жауынгер», кенеп, майлы бояу

     «Жауынгер» атты туындыда Манас батыр тақта отырған қалпында бейнеленген. Портреттен жорыққа шығуға тас түйін дайын, ойы мен бойы ширақ, қолында сертке жұмсар семсерін ұстаған батырды көресіз. Жауынгердің артында қалқанда айдаһар бейнеленген. Автордың айтуынша, айдаһар Шығыстан шыққан ұлы қолбасшылар мен жауынгерлердің бітім-болмысын дәл сипаттайтын көрінеді. Себебі, айдаһарға қаһарлы мінез бен айбат қана емес, парасаттылық пен даналық, жұмсақтық пен икемділік  те тән.

manas

"Манас жорықта", кенеп, майлы бояу

   «Манас жорықта» туындысында Манас өзінің сарбаздарымен жорықта жүргені суреттелген. Манас батырдың сол жағында атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың  бейнесі аспанмен астастырылып берілген, ал оң жағында қыранның кескінін көре аласыз. Автор осындай көркемдік шешім арқылы жорықтағы Манастың бейнесі манасшы Саяқбай Қаралаев атақты эпосты жырлап отырғандағы қырандай қалықтаған қиялынының көрінісін екендігін меңзегендей. Осылайша Сіз картинаны тамашалау барысында Манас батырдың бейнесін көріп қана қоймай, атақты жыршының эпосты жырлап отырған сәтін де көз алдыңызға елестетесіз, эпостың жыр шумақтары құлағыңызда жаңғырады...       

  Қылқалам шеберінің қалам тартқан тақырыптарының бірі ­– ұлттық салт-дәстүр сарындары. Осы тақырыпта суретшінің көрмеде қойылған туындыларынан «Көкпар» және «Бүркіттің олжасы» атты картиналары бірден назарға ілінеді.

 kokpar

«Көқпар», кенеп, майлы бояу

   «Көкпар» туындысында көкпаршылар мен олардың тұлпарлары динамикада бейнеленген. Олардың бәрі бар ынтасымен тартыс қызығына еніп кеткен. Сіз де бір сәтке сол тартысты қызықтап, оның немен аяқталатын білгіңіз келіп, бір сәтке аялдап қалғаныңызды байқамай қалуыңыз да әбден мүмкін.

   berkyt

«Бүркіттің олжасы», кенеп, майлы бояу

    «Бүркіттің олжасы» деген туындыда қазақ халқына да етене жақын ұлттық спорт түрі саятшылыққа арналған. Екі бауырлас халықтың саятшылық десе ықыластары өзгеше екені айтпаса да белгілі. Шебер осы спорт түрінің ең бір шешуші әрі тәтті сәті – қыран құстың түлкіні олжалау сәтін әдемі суреттеген. Екі тіршілік иесі өмір үшін күрес үстінде, ал алыстан олжаға ұмтылған, қызықты та толқынысты сәтті жіберіп алмауға асыққан салт атты бейнесі.

    Байқасаңыздар екі туындыдағы көрініс те әсемдегі көз тұндыратын табиғат аясында бейнеленген. Негізі Бұзұрманқұл Мырзалиевтың суреттерін ерекшелендіретін тұстардың бірі осы болса керек. Ол өзінің суреттеріндегі сюжеттердің барлығын әсем табиғатпен байланыстырады. Осылайша суретші адам мен табиғат ажырамас, біртұтас дүние екенін меңзеген де болуы керек.

    Біздің осы шолуымызда шебердің көрмедегі туындыларын талдап шығу мүмкін емес, әрі оған ұмтылу жансақтық та болар еді. Сезіммен салынған дүниені тікелей тамашалау арқылы сезінгенге жетпесі анық...

    Жалпы алғанда қырғыз қылқалам шеберінің туындылары тамашалаған адамға жеңіл тиеді, баурап алады, қанық әрі жарқын бояулары жанға шуақ сыйлайды, ойландырады, бірақ тұңғиыққа батырмайды, мұңайтпайды. Автордың өзі айтқандай, оның пайымдауынша, өнер адамдары, оның ішінде суретшілер, адамға ең алдымен шаттық сыйлауы керек. Сондықтан да болар, шебердің суреттері өз көрерменін көтеріңкі көңіл күйге жетелейді. Оған қоса, суреттердің мазмұны махаббатқа толы. Жоғарыда атап өткендей, ол махаббат – туған жерге, туған жердің тұмса табиғатына, бай салт-дәстүріне, өмірдің сыршыл сәттеріне арналады. Қылқалам шебері әсемдікті қарапайым дүниелерден де көре біледі. Көріп қана қоймай, өзінің қылқаламы арқылы жырлап жүр. Оның махаббатының сыры осы болса керек...

Мақала авторы: Досан Қаумен, "Астана" ұлттық сурет галереясы Өнер тарихы бойынша ғылыми-шығармашылық лабораториясының жетекшісі