Арманның да арманы бар екен...
жеке
блог

Арманның да арманы бар екен...

Бала кезімде барша балалар сияқты мен де анамды қатты қуантқым келетін.Құлағына бриллиант тағып,керемет сәнді көйлектер мен туфлилердің түр-түрін алып берсем,әлемнің түкпір-түкпірін аралатсам деп армандаушы ем.Әлі де солай...Бірақ, ол кісі үлкейіп қалды. Сәнді көйлектердің орнына кемпірлердің кең етек көйлегін киіп,ақ жаулығын тақты. Ал алтындарын болса,оны да тақпай сандығының түбіне сүңгіте салатын болды.Үлкейген кісіде қайбір денсаулық болсын,қаладан қалаға қатынауы қиындай түскенде,әлем елдерін аралату деген ой адыра қалды. Әсіресе,мерекелерде қиын. Ештеңеге қызықпайтын болғандықтан,ол кісінің талғамынан шығатын зат таппай әбігерге түсесің."Туу,мам,анау пәленгүлдің шешесі барын тағып,небір костюмдерін жарқыратып киіп жүреді.Неменеге ештеңеге қызықпайсыз?",-  деймін ғой сол баяғы ренжіген сыңай танытып. Сөйтсем,анашым:" Жүрегінде нұры жоқ адамдардың көкірек-көзін шел басады. Мансап қуып,байлық жисам дейді. Өзін-өзі жұртқа дәлелдеп-бағу үшін "қуыс кеуде" пенделікпен мазасыз ғұмыр кешеді.Сөйтіп, алысқан ит-тірлікпен өмірі қалай өтіп кеткенін білмей қалады. Ал, Алланы таныған сайын, дүниенің  "жылтырағы"  бос боп қалады екен. Мынау өмірдің өткінші екенін мимен түйсініп,жүрекпен сезінетін хәлге жеткенде,жаныңды жеп,үздіксіз іздеген әлдебір тылсым дүниенің сырын ұғасың. Ол  сырды ұққан сайын жүректе ғаламат тыныштық орнайды. Қызым-ау,біз өмір бақи шарқ ұрып іздейтін Бақыттың кілті - Алланы тануда ғой. Сендер Алланы танымай кете ме деп қорқам. Мынау діни кітаптардың ішінде бәрі бар. Бірақ,сендер оқымайсыңдар ғой ",- деп жанары тұңғиық ойға батып,мұңая қалады... Балалық арманымды орындау бұрын алмас асудай боп көрінетін. Анамның бұл тілегін орындау одан миллион есе ауыр екен. Бірінші тілекке еңбекпен жету оңай, екіншісіне жүрексіз жету мүмкін емес...