Алақанда жазылған адам тағдыры

Алақанда жазылған адам тағдыры
жеке
блог

Әлемдегі жеті миллиардқа жуық адамдардың қайталанбас ерекшеліктерінің бірі болып саусақ және алақан сызықтары саналады. Сондықтан да, саусақ пен алақан таңбалары жеке адамның өзіндік кодтық таңбасы. Дүние жүзінде қылмыскерлерді тек қана осы таңбалы белгі арқылы анықтайды. Бұл құпияны ағылшын ғалымдары 1884 жылы ашқан және бұл ғылымды «хиромантия» деп атаған.

Хиромантия сөзі грек тілінің “cheir” – қол және “manteia”- бал ашу сөздерінен құралған және алақандағы сызықтар мен төмпешіктерге қарап, адамның тағдырын айту деген мағынаны білдіреді.

Хироманттар әрқашанда адамның алақанындағы негізгі үш сызыққа қарап, болжамын айтады:

1. Өмір сызығы, бұған қарап адамның жалпы денсаулығына баға беріліп, өмір ұзақтылығы айтылады. Мысалы, бұл сызық неғұрлым ұзын, айқын көрінсе, ол адамның денсаулығының жақсы екенін көрсетеді.

2. Жүрек сызығы арқылы адамның мінез-құлқын, жанының тазалығын, сезімін анықтайды. Мысалы, жүрек сызығы алақанның бір шетінен екінші шетіне түгел жетіп жатса, бұл адамның ерекше сезімталдығы мен нәзіктігінің белгісі болып саналады.

3. Ақыл-ой сызығы арқылы адамның ойлау қабілетінің деңгейін, саналылығын, жігерлілігін біле алады. Мысалы, бұл сызық тура тартылса, әрі ұзын болса, онда иесінің жарқын ойлы, жігерлі, саналы адам болғаны.

Алайда,кез келген адамның өмірі туралы толық ақпаратты алу үшін тағы да үш көмекші сызықты қарастыру керек. Олар: тағдыр, күн және денсаулық сызықтары.

Алақанда тағдыр сызығының болмауы адамның алдында ауыр да сұрықсыз өмір, сәтсіздіктер күтіп тұрғанын білдіреді. Ал үзік-үзік қисық тағдыр сызығы иесінің өмірінде жиі-жиі өзгерістердің болатынын білдіреді. Алақанда Күн сызығы жоқ болса, өмірде адам айтарлықтай табысқа да жетпейді, ерекше бір қуанышқа да кенелмейді. Денсаулық сызығы айқын әрі түзу болуға тиіс. Бұл адамның дені сау, ары таза екенің білдіреді. 

Қорытындылай келе, хиромантия әр адамды ерекшелендіретін белгілерді ұдайы бақылау нәтижесінде пайда болған ғылым. Әрине, жоғарыда жазылған фактілерді ескере отырып, адамның тағдырын толығымен болжау мүмкін емес. Алайда, хиромантияның қаншалықты жалған немесе шындық екенін өздеріңіз шешесіздер.