Ақ халаттарыңды кір шалмасын...

Биыл 80 жасқа толып отырған белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәрігер Каюпова Нина Әмірқызы өмірі өнегеге толы тұлға. Оның жан-жақты, қоғамдық, ғалымдық, басшылық, дәрігерлік жемісті еңбек жолы туралы ұлттық «Табыстың 100 қадамы» жобасы аясында жазылып отыр. 
Отанына адал қызмет етіп, өзі сүйген дәрігер мамандығының шыңына шыққан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нина Әмірқызының өмірі қоғаммен біте қайнасты... 
Қазақ медициналық институтын бітірісімен 1959 жылы Алматыдағы №1-перзентханада акушер-гинеколог болып қызметке тұрғаннан бастап, ол осы саланың барлық қырын меңгерді. 1965-1971 жылдары «Ана мен баланы қорғау» ғылыми-зерттеу орталығында, кейін Алматы медицина институтында, ал 1976-1981 Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет етті. Соңғы жылдарда Н.Ә.Каюпова Республикалық ана мен баланың денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды. 
Бұл жылдарда Н.Каюпова медицинадағы перинатальді мәселелерді зерттеу барысында аяғы ауыр аналардың арасындағы «аса қауіпті топты» анықтаудың әдістерін айқындады. Нәтижесінде ана мен бала өмірін сақтап қалу жолдары дер кезінде қолға алынды. Сонымен бірге ғалым гинекологиялық ауруларды әйелердің жас ерекшелігін ескере отырып емдеуді және эндоскопиялық операциялар жасауда аса қажетті заманауи техникаларды енгізді. 55 жылдық еңбек жолында кәсіби дәрігерге клиникаларға, шеберлік сағаттары мен кездесулерге, халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға шақырулар толассыз түсіп жатты. Алыс және жақын шетелдік ғылыми орталықтармен тығыз байланыста болған, әйгілі дәрігерлермен тәжірибе алмасқан маманның біліктілігі бұрынғыдан да арта түсіп, дами берді. 
Саналы ғұмырын отандық медицинаның дамуына арнаған ғалым докторлық диссертациясын «Аса қатерлі топтағы екіқабат әйелдерде кезігетін акушерлік асқынуының алдын алу» тақырыбында қорғады. Жиырма ғылыми монографияның авторы өзінен кейінгі акушер-гинеколгогтардың мықты легін тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен 25 ғылым докторы мен 40 ғылым кандидаты қорғап, елімізде және шет жерлерде осы саланың өркендеуіне атсалысуда. 
Нина Әмірқызының көпжылдық зерттеулері нәтижесінде медицина ғылымында экологиялық репродуктология жаңа бағыты қалыптасты. Ғылыми-зерттеу жұмыстары нашар экологиялық ортаның қыз балаларға, әйелдерге, жалпы болашақ ұрпаққа зияндылығын айқындап, аталмыш аймақтардағы аурудың ұрпақтан ұрпаққа жалғаспауын қарастыратын бағдарламалары жасалып, алдын-ала шаралар қолданылды. Осылайша 1997 жылы Каюпованың белсенділігінің арқасында ТМД елдерінде алғашқы боп Ұлттық генетикалық регистр жасалып, қолданысқа енді. Бұл туабітті кемістік пен тұқымқуалаушылық мәселелерін шешуде өте тиімді әдіс болды. Осы ғылыми жетістік негізінде жалпыхалықтық репродуктивтік денсаулық сақтаудық стратегиясы құрылды. 
- менің ізбасар шәкірттерім және мен өмірге аман келуіне себепші болған бірнеше мың сәбилер – менің қуатым, менің байлығым, - дейді Нина Әмірқызы. Ол 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы, әйел және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы. 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Бұл қызметінде Нина Каюпова елінің денсаулық сақтау саласында өлшеусіз еңбек етті. Ол үшін алған марапаттарын тізбектеудің өзі артық. 
Нина Әмірқызы Қазақстан келешегінің аса дамыған, мықты зияткерлік және ғылыми-техникалық пәрмені бар жарқын болатынына сенеді. 
Әріптестеріне «ақ халаттарыңды кір шалмасын» деген ұстаздық, аналық ақ тілектегі құрметті дәрігер, абзал ана, бақытты тұлғаның толағай табысты өмірі мен еңбек жолы бізге сөзсіз үлгі болмақ.



Бөлісу: