Өнерде нұрлы жолы бар Нұрғали аға

Өнерде нұрлы жолы бар Нұрғали аға
жеке
блог

Әйгілі дирижер, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиев өзінің «Саржайлау», «Жетісуым», «Балдызым», «Әкеме», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» әндерін күміс көмей, жез таңдай әнші Нұрғали ағаның дауысына арнап жазған екен. 
Ол он жасында халықтық «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындап көзге түсті. Тумысынан қарапайым жан Жетісудың көркем табиғатынан ләззат алып, тау бөктеріндегі таза ауамен көкірегін кере тыныстап өсті. Он тоғыз жасында журналист А.Брагиннің кеңесімен ол консерваторияға оқуға барып, дауыс мүмкіндіктері бағаланып, халық әртісі Н.Н.Самышинаның класына оқуға қабылданады. Кең тынысты, естіген құлақта қалып қоятын әсем тембрлі дауысты ұстазы қиындығы мол өнерге жеті жыл тәрбиеледі. 
Бұдан кейін Н.Нүсіпжановтың кейін нұрлы да, табысты еңбек жолы басталды. Ол Абай атындағы Мемлекеттік Опера және балет театрында, кейін Қазақ телерадиосында ол он жылға жуық қызмет етті. 1976 жылдан бастап Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші боп қызметке орыналасып, еліміздің шалғай аймақтарында, жақын, алыс шетелдерде өнер көрсетті. 
Репертуарына ән жинағанда ол ақындар мен композиторлардың атақ-мансабына қарап емес, сезімге толы сырлы әуенге, өлеңінің мағынасы мен үйлескен әнді таңдады. Тыңдарманына талай көркем туындыны жеткізіп жүрген әнші Шәмші мен Әсеттің, Әблахаттың әндері, Ғ.Жұбанова, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, С.Мұқамеджанов, Б.Жұбаниязов, М.Маңғытаевтың ән-романстарын тамылжыта орындайды. Өзінің өнердегі ұстанымына сәйкес, атағы шықпаған болса да, танымал болмаса да шалғай аймақта туып, мәдениет орталықтарына жете алмай, өз тыңдарманына жол таба алмай жүрген, шығармаларын насихаттай алмай жүрген қабілетті композиторлардың жанды тербер әндерін шабытпен орындап келді. Қазақ әндерін әлемнің отыздан астам мемлекетінде насихаттады. 
Қазіргі қаптап кеткен әншісымақтардың талайына Нұрғали аға сыни пікірін айтты. Бағыт беріп, жөн көрсетті. Тәрбиенің ең жақсысы – үлгі болу дейміз. Оның сахнаға алып шығатын әрбір әні кейінгі ұрпаққа үлгі. Ол өз дауысымен, талғамымымен, өнерге адалдығымен, жүріс-тұрысымен, сахнада шынайы байқалып тұратын ішкі дүниесінің мәдениетімен халықтың ықыласына бөленген әнші. 
Әр концертінен соң тыңдарманға ой сала білсем, әсемдік пен парасаттылыққа құлшынысын оята білсем маған сол зор бақыт деп келеді. Иә, Нұрғали аға әнге деген жоғары талғамымен, байыпты мінезімен тыңдарманы мен жастарды сахнадан түспей тұрып-ақ тәрбиелеуде. «Қазақ елінің өнері мен руханияты алдымен қазақтарға, қазақ жастарына қажет. Оны ең бірінші Отанымызда өркендетуіміз керек», - дейді әнші аға. 
Амандық болса келер жылдың 5-қаңтарында халық артисі, Мемлкеттік сыйлықтың иегері, көркем шығармашылық иесі Нұрғали Нүсіпжанов 80 жасқа толмақ.