Болмысымнан өзгеше көрінбеуге тырысамын

Болмысымнан өзгеше көрінбеуге тырысамын
жеке
блог

Қоғам қайраткері, тележүргізуші, продюсер Аружан Сайын үшін өзіңе ұнаған нәрсемен айналысу шын бақыт. Бірақ көп адам бақытты байлықпен шатастырады. 
Аружан басқаларды қуантқысы кеп тұратын ізгі қасиетке ие жан. Соңғы жылдарда ол «Балаларға өмір сыйла» шараларын ұйымдастырып, күрделі аурумен ауырған талай отандастарымыздың балаларын емдеуге көмектесті.Өзгенің басындағы қиын жағдайға бейжай қарамауы осы игі істермен айналысып жүрген, тұла бойы позитивке тұнған қызды басқадан айрықшаландырып тұрады. Оның басшылығындағы «Мейірімділік» ерікті қоғамы қорына Елбасының өзі қолдау көрсеткені әлі есімізде. Көптеген қазақстандықтар Аружанның шынайылығы мен өз ісіне адалдығына сенім білдіргендіктен оның мүгедектер мен балаларға көмектесуге қол ұшын беруді мақсат тұтқан қорына қаражаттарын салды. Талай науқас балаларға көмектесуді алдына мақсат етіп қойған ол, ойын жүзеге асыру барысында барлық ұтымды жолдарды іздейді. Қайырымдылық саласындағы мүгедектерге көмектескені үшін «Алтын Жүрек» қоғамдық премиясына да ие болды. 
Жылдар жылжып өтіп жатса да Аружан әрдайым ізгілікті қалпында. Оның жасандылықсыз шынайы бейнесін көрермен бірден байқайды. Саяхаттауды және тігіншілікті жақсы көретін ол ешқашан да өзі туралы пікір қалыптастыру мақсатында әрекет еткен емес. «Болғаныңнан өзгеше көрінбе, мені қымбат киім мен пікір қалыптастыру үшін қолданылатын ұсақ-түйек заттар шын мәнінде бақытты ете алмайды. Түпкі мақсатым байлық емес», - дейді ол. Оның түсінігінде нағыз табыс – адамдарға, еліңе пайдалы болу, қажет болу және материалдық байлық адамзат игілігіне пайдаланылуы керек. Әңгіме барысында ол адамзат тарихындағы көптеген даңқты, табысты тұлғалардың материалдық байлықсыз-ақ бақытты өмір сүргенін мысалға келтірді. 
Табысқа жету жолында оның айналасындағы әртүрлі пиғылдағы адамдар тоқтатып, өзіне сенімсіздік туғызуға тырысып жатты. Талай адам мақсатына жетер жолда күмән туғызбақ болды. «Әрекет түбі – берекет» дейді Аружан. «Қимылдауға күмәнданып, қорқып отыра берсең ешқандай жақсы өзгеріссіз өмір сүре бересің. Беліңді бекем бу да мақсатыңа кірісіп кет», - дейді ол. 
Аружанды ата-анасы 6 жасында балетке берді. Өнердің бұл түрімен ол ҚР еңбек сіңірген артисі Н.В.Викентьевада 15 жасқа дейін айналысты. Содан кейін заманауи «Дивертисмент» балетімен айналысуға қызықты. Осы «Дивертисмент» балетімен өте көп іс-шараларда биледі. Оның өміріндегі үлкен бетбұрыс алғаш рет Қазақстан телеарнасының 1994 жылы «Таңшолпанға» шақыруымен байланысты болды. Осы кезде Аружанды байқаған режиссерлар оны таңғы дене шынықтыруды жүргізуге ұсыныс білдірді. 
Шынықсаң шымыр боласың. Аружанның алғашқы денені ширату жаттығулары музыкалық бейнебаян секілді шыққаны әлі есінде. Осы жылы «Аружан мен Компания» продюсерлік орталығын ашып шығармашылықпен айналысуын басқа арнада жалғастырды. Ол өзін тележүргізушілік саласында сынап көрмек болды. Бұдан соң 31 арнада «Дәмді әрі тез...», кейін «Еркем-ай» сияқты жобалар жалғастығын тауып кетті. Тәжірибе жинай келе өз жанына ұйымдастырушылық, менеджерлік жақын екенін түсініп, қазіргі кезде ірі жобалармен айналысуда. «Марат мен Жанна» атты 50 сериялы халықаралық форматқа сай фильм түсірілді, өзі де бұған дейін екі фильмге түскен еді. Бірақ актриса ретінде киноға түсуге әзір нақты жоспары жоқ. Әрі қарай болашақтың жоспарында романтикалық комедия жанрында кино түсіру ойларында бар. 
Аружан Сайын жаны жұмсақ, іскер, табысты отандастарымыздың бірі. Ол алдына игілікті істермен айналысуда мақсат етіп қойды. Сол жолда абыроймен еңбек етіп жүре беруіне тілектеспіз. 

Мақала «100 табыс тарихы» ұлттық жоба аясында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тапсырысы бойынша «Әлем» Волонтерлықорталығымен дайындалған