Контактілі линза құдіреті

Контактілі линза құдіреті
жеке
блог

                            Контактілі линза: пайдасы мен  зияны     

Көз – адамның айнасы. Алайда, жаңалығы жарысқан жаһандану заманында жаңа технологиялардың кері әсерінен жастардың көру қабілеті төмендеп барады. Көру қабілетін қалпына келтіру үшін біреулер арнайы көз жаттығуларын жасап, дәрумендер қабылдайды, тіпті болмаса, көзілдіріктің көмегіне жүгінеді. Көзілдірік тағудан қысылатын жандар ше? Олар көзілдіріктің орнына контактілі линзаның құдіретін қолданады. Контактілі линзаның түрлі-түсті түрлерін сәндік үшін тағатындар да бар. Көру қабілетін қалай сақтау керек, көзілдірік пен линзаның пайдасы мен зияны қандай? Осы сауалдарға жауап алу үшін маманның көмегіне жүгінген едік.

- Мадияр Қанатұлы, көру қабілетінің төмендеуіне не себеп болады? Көру қабілетін сақтау үшін қандай шаралар жүргізген жөн?

- Қазіргі таңда көру қабілетінің төмендеуіне көп жағдайда заманауи гаджеттер, яғни, күнделікті өмірде жиі қолданатын компьютер, смартфондар себеп болатыны айтпаса да белгілі ғой. Алайда, көз ауруларының тұқым қуалайтын түрлері бар екенін естен шығармаған жөн. Көру қабілетін сақтаудың ең тиімді жолы - дәрумен. Дәрумендердің ең бай қоры – бақшада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерде. Жаз уақытында бұл қолжетімді және пайдалы. Компьютердің алдында ұзақ отырғанда көздің беткі қабаты қабынып, шаршап, қызара бастайды. Сондықтан, көзге мынадай гимнастика жасап отыру қажет. (Көз жаттығулары, сурет)

-  Көзілдірік тағу көру қабілетін қалпына келтіруге септігін тигізеді ме, әлде керісінше әсер ете ме?

 - Адам аяғы сынғанда көмек ретінде балдақпен жүреді ғой. Көзілдірік те сол сияқты, көру қабілеті нашарлағанда жақсы көру үшін көмектеседі. Көру қабілеті төмен адам айналасындағы заттарды дұрыс көре алмай, көзін сығырайтқан сайын көру қабілеті нашарлай түседі. Жастардың арасында миопия, яғни, алыстан көрмеушілік жиі ұшырасады. Миопияның тұқым қуалайтын түрлерінде немесе операциядан кейін көзілдірік тағатындар көру қабілетінің төмендеп кеткенін айтып шағымданады. Бұл жерде көзілдіріктің еш әсері жоқ. Адамның организмі өскен сайын көру қабілеті де өзгереді. Алыстан көрмеуді оптика тілінде «минус», жақын қашықтықтан көрмеуді «плюс» деп атайды. Миопияның деңгейі 25 жасқа дейін өзгеріп отырады да, 25 жастан 40 жасқа дейін «минустары» азайып, жасына байланысты «плюстары» көбейеді. Осы уақытта миоптардың көру қабілеті біршама жақсарып, қалпына келуі мүмкін. Бірақ, бұл барлық миоптарда бірдей деңгейде бола бермейді. Әр адамның организмі әр түрлі.

 - Жастар арасында сәндік үшін линза тағу белең алып отыр. Қандай қағидаларға  сүйеніп линза тағуға кеңес беріледі?

 - Линза тағу үшін алдымен көз дәрігерінен кеңес алу керек. Себебі, кейбір организмдер полимерлерді қабылдамауы мүмкін. Организм аллергия берсе немесе көзге микроб түссе көз қабынуы туындайды. Бұл қауіпті жағдай. Контактілі линза қолданушылар аса сақтықпен, тазалықпен қарағаны дұрыс. Линзамен ұйықтап қалуға, суға түсуге болмайды. Уақытында шешіп, көзді демалдырып тұру керек. Себебі, линза көздің беткі қабатын жауып тұратындықтан, көзге оттегі бармайды. Барлық ережелерді қатаң сақтай отырып қолданса, контактілі линзаның еш зияны жоқ.  

- Линзаның қандай түрлері бар?

 - Мерзіміне қарай контактілі линза біркүндік, бір айлық немес бірнеше апталық болып бөлінеді. Линзаның «тыныс алатын» түрлері бүгінде сұранысқа ие. «Тыныс алатын» линзалар көзге оттегін өткізетін материалдан жасалады. Сондықтан, ол жиі ауыстыруды қажет етпейді. «Жалқауларға» арналған линзалармен ұйықтай беруге де болады. Контактілі линзаның сапасыз түрлері көру қабілетін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан, линза аларда міндетті түрде маманның  кеңесіне жүгінген жөн.

- Линза мен көзілдіріктің айырмашылығын талдап берсеңіз.

- Контактілі линза көзілдірікке қарағанда көп қаражат жұмсауды, көп күтімді қажет етеді. Бір алған көзілдірікті ұқыпты кисең кемінде 1-2 жыл пайдаланасың, ал линзаны мерзіміне байланысты үнемі жаңадан сатып алып отыру керек, оған қоса линзаға арналған ерітінділер де қолданушыны біраз шығынға батырады. Көзілдірік кию көп уақытыңды алмайды әрі көзіңді тынықтырғың келсе шешіп қоя саласың, ал линзаны тағу алғақолданушыларға біраз машақат тудырады. Көзге тікелей жанасатындықтан мұқият тазалықты талап етеді. Артықшылығы
— линза дұрыс таңдалған әрі тазалықпен киілген болса, оның көзіңде бар-жоғы білінбейді. Күн салқында көзілдірік буланып әбден мазаңды алады, шақырайған күн сәулесі болса көз жанарын «сорып» тастайды, ал линза тақсаң, күннен қорғайтын көзілдірікті киіп ал да жүре бер. Спортпен айналысқанда линза өте ыңғайлы, ал көзілдірікті шешіп қоюға тура келеді.

 - Сұхбатыңызға рахмет!