Әзілхан ағаймен сырласу

Әзілхан ағаймен сырласу
жеке
блог

 Журналистика факультетінде "Заманалы журналистиканың пішіні мен қызметі" атты пән өткен едік.  Бұл дәрісті профессор Кәкен Камзин жүргізді.  Осындай дәрістердің бірінде біз "Сұхбат және оның түрлері" туралы мәлімет алған болатынбыз. Сұхбат жанрының аса қиын түрі-ретроспективалық сұхбат. 

         Ретроспективалық сұхбат дегеніміз-өмірден өтіп кеткен қайраткер, танымал адамдармен сұхбат жүргізу. Журналист сұрақ қояды, ал жауабын сол адамның шығармасынан алады.

        Мен осы тақырыпқа байланысты қазақ әдебиетінде елеулі орын алатын белгілі қаламгер, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романына сүйене отырып, қаламгермен сырласып көрген едім.

 

-Әзілхан ағай,бірінші сұрағым халықтың жүрегіне етене жақын "Махаббат,қызық мол жылдар" жайлы болмақ. Бұл романды жазудағы мақсатыңыз қандай болды?

-Бұл романды жастар өмірінен алып,жастарға арнап жаздым. Бұрынғы ата-бабаларымыздың мекеніне ұя салып,бүгінгі біздің орнымызды басатын,ісімізді жалғастырып,алға апаратын,болашақ ұрпаққа,солардың жүректерінде асыл адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына титтей де болса өзімнің себімді тигізу романды жазудағы ең басты мақсатым еді. Саналы өмірдің бар қызығы махаббатқа тіреледі. Махаббатқа соқпай кететін сезім аз. Адам бойындағы ең асыл сезімдердің бірі адамгершілікте махаббатпен сабақтас. Кітабымның негізгі арқауын махаббат ете отырып,жастарымыздың жанына,жүрегіне,ойына қарапайым халқымыздың кейбір асыл қасиеттерін:ананы ардақтаушылық,қызды қадірлеушілік,алған жарын жанындай сүюшілік,ағаны құрметтеушілік сияқты қасиеттерді сіңіргім келді.

-Сіз сияқты қазақ жастарының өмірін жырлаған адамдардан кімді ерекше бағалайсыз?

-Мен ерекше бағалайтындар:Саттар Ерубаев пен Мұқан Ианжанов. Біріншісін көре алғаным жоқ. Ал,екіншісімен 1954-жылдың күзінде бірінші рет жақын танысуымның сәті түсті.

-Шығармаларында махаббатты,жарды аялауды жырлаған жазушының қазіргі "заманы" басқа  жастарға айтар ақылы қандай?

-Менің жастарға айтар ақылымның бәрі шығармаларымнан көрініс тапқан. Қазақтың жастарының бәрі Меңтай мен Ерболдай болса деп армандаймын.Ұлттық дәстүрімізге қарсы жат қылықты істеп жүрген жастарымыз бен қыздарымызды көргенде әрине ренжисің. Бұл үлкен трагедия,ол үшін ата-ана мен ұстаздардың мықты да тегеурінді тәрбиесі қажет.

-Сіз бұл жайында "Қыздар-Ұлт айнасы" деген баяндама да жасаған едіңіз ғой?

-Иә,дәл осы баяндамада жазылғандай қазақтың қызы ұлттың анасы болғандықтан,бар жақсы қасиетті жинап өсуі керек. Қыз-ана тілінің анасы,академигі,қоғам қайраткері. Ол қоғамның ең тиянақты қызметкері,жаны,жүрегі.Қай  ғасырда да ұлттың тәрбиешісі бола білген қыздарымыз ХХІ-ғасырда да осы қалпынан,осы тәрбиелілігінен айырылмауы керек.

-Жастайыңыздан Ұлы Отан соғысына қатысып,ел үшін,жер үшін қан төктіңіз. Ел ағаларымен етене араласып,сырлас дос болдыңыз. Шығармаларыңыз халықтың көңілінен шығып,сізде халыққа қалаулы ел ағасына айналдыңыз. Жалпы,өмір жолында кеткен кемшіліктеріңізбен,жеткен жетістіктеріңізден қандай сабақ алдыңыз,ой түйдіңіз?

- Жақсы адам магнит сияқты емес пе? Жақсы болсаң жаныңа да жақсы адамдар үйір болады,артыңнан халық ілеседі. Жаман болсаң, жалғыз қаласың. Ал,орташа болсаң, жақсының жанында ілесіп жүретін халықтың бірі боласың. Жақсылық жасауға ұмтылған абзал.

Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп,барша ой мен ақылды жұмсап,жер бетін,тұрған үйді жұмақ ете білу керек екен.

Інжу теңіздің терең түбінен алынады емес пе? Теңіздің суығына тоңып,суына тұншықпағанның інжу мен меруертке қолы жетпейді. Сол сияқты бар қиындыққа төзе білу керек. Ісіңнің бәрі ақ көңіл мен ақ ниеттен туған болса ісің сүйкімді болады. Ал,айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті болады. Осыны ұмытпау керек.