Mes Que Un Club
жеке
блог

Mes Que Un Club

Менің бұрынғы жазбаларымды оқып көрген болсаңыз, бұл жазбаның неге қатысты екенін білерсіз. Футбол көру - менің ең сүйікті істерімнің бірі. Біріңіз 90 минут ұзақ қой дерсіз, біріңіз футболы несі дерсіз. Бірақ, маған сондай ұнайды. Ең алғаш, ӘЧ-2014 ті көруден бастадым. Сөзсіз, Аргентина ұнады. Себебін білетін боларсыздар...

Осыдан 5-6 жыл бұрын маған сыныптасым: "Месси ме, әлде Роналду ма?" -деп сұрақ қойған. Сондағы менің жауабым: ""МЕССИ". Ол кезде, Месси тұрмақ, Испанияның президентінің кім екенін білмейтін кезім ғой. Мүмкін, тегінің өзінде адамды тарту бар шығар. Дәл өзінің ойыны секілді.

ӘЧ кейін Мессидің ойынына деген қызығушылығым артты. Қандай команда да ойнайды, нендей жетістіктері бар, бәрін қарап шықтым. Әлемнің ең үздік ойыншыларының бірі әрі Барселонаның шабуылшысы екен. 

Барселона. Камп-Ноу. Өмірімде бір рет болсын, барғым келетін, аурасын сезінгім келетін дүниенің бір бөлігі.  Рас, басында тек Месси үшін қарап жүрдім. Кейіннен, Барсада әрбір ойыншының өз орны бар екенін түсіндім. Мен үшін, Дани Алвес- Барсаның эмоциясы (әттең, қазір Юведе), Иньеста-клубтің бет-бейнесі, Бускетс- ең үздік жартылай қорғаушы. Ал, Роберто жан-жақты футболшы. Пикенің команда үшін "ойланбай-ақ" жасайтын ерліктеріне тәнтімін. Суарез тәрізді гол салуға деген "құштарлықты" ешкімнен байқаған емеспін. Неймар секілді  жас әрі талантты ойыншысы бар, Барса  бақытты. 

Менен, Барса деген кім десе, Хави дер ем. Өз клубын беріле сүйетін футболистерді жақсы танимын. Алайда, Хави ол Хави. Камп -  Ноудағы соңғы секундтарына шейін, жанарына жас алып тұрып, Барсафандармен қоштасқанда, жыламауға дәрменің жетпей қалады екен. Барсаға қарсы ойнағысы келмеді. Қалай қарсы шықсын? 11 жасынан Ла-Масияда тәлім алды емес пе? Әйтпесе, Европаның алпауыт клубтары өздеріне шақырған болатын.

Месси ме? Месси- қазіргі Барсаның "жүрегі". Ол-феномен. Таласыңыз жоқ шығар? 19 жасында "Реалға" хет-трик жасап, 29 жасында 5 "алтын доптың" иегері. Арадағы 10 жылда жеткен жетістіктерін жазбай-ақ қояйын. Тым ұзақ. Тіркеген рекордтарын көріп таңдай қағасыз. Алаң сыртындағы өмірі де қызығарлықтай. 

Бастысы - бұл емес. Барса бір ғана ойыншыдан тұрмайды.Ұжымның күші- бірлікте.  Әрбірінің жүрегінде, командаға , әріптестеріне,  жанкүйерлеріне деген махаббат бар. Олар - бір жанұя. Дәл ұранындағыдай, "MES QUE UN CLUB".