Маған сыйлы қария не дейді?
жеке
блог

Маған сыйлы қария не дейді?

 "Абай жолы" романын оқығандарға Отыншы бидің есімі жақсы таныс шығар. Құнанбай мен Бөжейдің арасындағы келіспеушілікке кесім айтып, аты алты алашқа әйгілі болған, аузы дуалы Отыншы бидің ұрпағы қазіргі таңда Үржар ауылының тұрғыны. Ардақты ақсақал Тоқтарғазы атаны асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы десек - артық айтқандық емес.

         Отыншы бидің шөбересі Тоқтарғазы ата Отыншы би туралы мынадай естелік айтады:

         "Үш жүзге Отыншы би білініпті,

         Аңызға он үшінде ілініпті.

         Он төртінде топқа түсіп, билік айтып,

         Алдына даулы адамдар жүгініпті.

         ...Өлсек те көңілімізден кете қалмас,

         Қадірін осылардың кім ұмытты?

         Қақ жарған қара қылды ортасынан

         Айырған бір қазаннан су мен сүтті."

         Сөзін жұрты ұйып тыңдайтын Отыншы би Керекуде Құнанбай мен Бөжейдің арасындағы даудың шешімін тауып, ел арасындағы мәртебесі асқақтай түсіпті. Жер дауынан шыққан ағайындар арасындағы дауға кесім айтқан Отыншы би:

         Судың түбін шым бітейді,

         Даудың түбін қыз бітейді,-деп, Құнанбайдың Айғыздан туған Кәмшат есімді сәбиін, Абайдың қарындасын Бөжейге асырауға бергізіпті. Кейіннен Кәмшаттың ауырып, Бөжейдің отбасында қайтыс болғаны "Абай жолы" романынан белгілі.

         Ел аузында Отыншы би былай деп айтыпты деген сөз әлі күнге дейін бар: "Орыстың қабағы биік, көзі шұңғыл, танауы үшкір,соғысшыл, түбінде жерімізге қастық қылады". Осыны айтып Отыншы би туыстарымен Қытайға көшіп кетіпті.

         Туған жерден жырақта жүрсе де, Отанына деген құрметін жоғалтпаған Отыншы ұрпақтары қазақ жеріне қайтып оралады. От тілді, орақ ауызды бидің ұрпағы саналатын Тоқтарғазы атамыз да елге оралған күнінен бастап ибалы ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Тоқтарғазы атаның бойындағы ерекшелігі - дінге беріктігі. Күніне бес уақыт намазын қаза қылмайды. Аллаға деген адал сеніміне селкеу түсірген емес. Тоқтарғазы атамыздың өнегелі ғұмыры мен ұлағатты сөздерін ауыл-аймақ, туған-туыс тегіс үлгі тұтады. Ол кісінің әрбір сөзі, ақыл-кеңесі санамызда сайрап тұр. «Жақсыменен сөйлессең, құмарыңды қандырады. Жаманменен сөйлессең,  көңіліңді қалдырады» дегендей көнекөз, дана қарияның әңгімесін тыңдасаң, жан-дүниең тазарып, ақыл-ойың толыса түсетіндей. Тоқтарғазы ата түннен-түнге ұласатын қисса-дастандарды жатқа біледі, бейне бір жыр сандығы дерсің. Әсіресе, Шәкәрімнің қиссаларын, өлең-жырларын ерекше ықыласпен нақышына келтіре айтып отырады. Маған аса ұнаған, Тоқтарғазы атаның аузынан естіген сегіз айғақ жайлы жырдың мазмұны мынадай:

         "Сұрақсыз қызметте иманды азады,

         Ораза-намазыңды малыңдай бақ.

         Тіл тұрар қылған ісін қылмады деп,

         Шығар сонда өн бойыңнан сегіз айғақ.

         Айғақтың екеуі - қол, екеуі - аяқ,

         Қызыл тіл төртеуіне бой бермейді.

         Сонда кеп куә болар көз бен құлақ.

         Шыққан соң өз бойыңнан 8 айғақ

         Тозаққа періштелер кетеді айдап."

         Халықтық педагогикасы жақсы меңгерген, отбасылық құндылықтарды қадағалап, ұрпағына ұлағатты тәрбие беріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып отырған Тоқтарғазы атамыз бүгінде өмірлік жары Нағият әжемізбен әдемі қартайып, кенжесі Жұмакәрім мен келіні Ақбаланың қолында немере-шөберелерін тәрбиелеп  отыр. Осындай қарапайым да ұлы тұлғаларды көргенде «жаныңда жүр жақсы адам» деген тіркес еріксіз ойға оралады екен. Сондықтан, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін тер төгіп жүрген ақсақалдың еңбегі ерен деп білемін. "Қарттарым - асыл қазынам" дегендей, осындай көнекөз қариялардың арамызда ұзақ жасауын тілеймін.

                                               Дана Маратова