Махаббат хаттары
блог
Хат жаза білу – құрып бара жатқан өнер
Ең алғашқы махаббат неден басталады? Мектептен, партадан... Әркім әр түрлі пікір айтады. Ал менің ойымша, алғашқы сезім ұшқыны хаттардан пайда болады. Әдеттегі, мектепте жазысып, жолдауға бата алмай жүретін сезімге толы, сырға толы, ұяңдық пен ұялшақтықтың иісі аңқып тұратын ашық хаттардан басталады. Балалық сезімді білдіруге бата алмай, хат жазуға сөз таба алмай жүретін сәттер көңілімізде керемет естеліктер қалдырғаны рас қой, иә?
Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Альберт Генридің «Махаббат хаттары» драмасын тамашалаған едім. Ұнады. Қойылым сюжеті тек екі кейіпкердің бейнесі арқылы ғана суреттеледі екен. Драмадағы Мелиссаның рөлін Тынышкүл Сұлтанбердиева, ал Эндидің рөлін Қадырғазы Қуандықов сомдайды. Екеуі де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері. Екі кейіпкер, екі жүрек, екі әлем арасын ақ параққа жазылған хаттар ғана жалғайды. Екеуінің арасын бөліп тұрған да сол хаттар жазылған шымылдық. Театр сахнасындағы көрініс осы жәйтті айқын аңғартады. Энди мен Мелисса алғаш рет Мелиссаның туған күнінде кездеседі. Мелисса ауқатты отбасының ерке қызы болса, Энди бірлігі бекем қарапайым отбасының баласы болады. Мелиссаның Эндиге жолдаған ең алғашқы хаты мынадай мәтінмен басталады: «Қымбатты Энди! Туған күніме берген сыйлығың үшін рахмет. Менде Оз елі туралы көп кітаптар бар. Бірақ, дәл осы «Оз елінің ғайып болған ханшайымы» жоқ еді. Сен неге маған нақ осыны сыйладың? Құрметпен Мелисса». Энди оған: «Мен сенің кітап туралы сұрағыңа жауап берейін. Сен алғаш мектепке тәкаппар күтушіңе ілесіп келгенде маған адасып қалған ханшайым сияқты көріндің» деп жауап береді. Осы күннен бастап екеуі жиі хат алмасып, сырлас-мұңдас болады. Бір-бірін іздеу, сағыну, аңсау, күту... Өмір жолдары екі арнаға бұрылса да, хат жазуды серік еткен екеуі жақын жандарға айналады. Екі кейіпкердің хаты арқылы қоғамның тыныс-тіршілігі, адамзаттың ғұмыры, мәнсап пен билік, махаббат пен күйік бәрі-бәрі бейнеледі. Энди мен Мелиссаның мектеп бітіруі, оқу оқып, өмірден өз орындарын табуы, Эндидің теңіз лейтенанты атанып, әлемді шарлауы, құқықтану ісіне араласуы, саясаткер атанып, сенатор болуы, Мелиссаның тұрмысқа шығуы, сәбилі болуы, кейін анасы секілді ащы суға құмартуы, емханаға аттанып, аналық құқығынан айырылуы, күйзелісі мен қиналуы, өмірден өз бақытын тапқан Эндидің мәнсап буына мастануы хаттар арқылы суреттеледі. Америкалық өршіл сенатор ғұмыр бойы өзімен хат алысқан әйелдің қазасынан кейін өткен өмірін бір сәт еске алады. Қойылымның соңын «Мен оны сүйгенімді енді ғана сезіп тұрмын. Ол менің өмірімнің жүрегі еді ғой. Мен қазірдің өзінде оны ессіз сағынып үлгердім. Мен осының бәрін тек сіздерге және оған ғана айтып тұрмын. Құрметпен Эндрю» деп аяқтайды. Эндрюдің әкесі айтқан «Хат жазу – құрып бара жатқан өнер» дейтін сөздер қойылымның негізгі арқауы.
Екі актердің кәсіби шеберлігі қойылымның жоғарғы деңгейін аңғартты. Адам өмірінің барлық кезеңдерін өз ерекшеліктеріне сай етіп көрсету – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Тынышкүл Сұлтанбердиева мен Қадырғазы Қуандықов сәби сезімнің пәк көрінісін, жасөспірімдердің қиялы мен арманын, албырт жастық шақтың қызғанышы мен құштарлығын, отбасылық өмірдің маңызын, мәнсап пен биліктің буына мас болатын шақтарды, сағыныш пен өкінішті бір жарым сағатта сомдап берді. Қойылымда тек қана терең психологиялық толғаныс пен сезімдер сергелдеңі ғана бар. Бұлардан басқа еш нәрсе қажет те емес!
Қойылым бізге хат жаза білуді, сырлас бола білуді, ең бастысы, жанымызда жүрген жақсы адамдарды барында бағалай білуді үйретті. Егер біреуді сағынсаңыз, хат жазыңыз. Сырласқыңыз келсе, тағы да хат жазыңыз. Себебі, хат жазу – құрып бара жатқан өнер.
Дана Маратова