Ташкентте татами шеберлері бас қосады.
жеке
блог

Ташкентте татами шеберлері бас қосады.

Қазанның 6-8 күндері аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан әлемдік гран при турнирі өтеді. Байрақты бәсекеде 15 елден 135 спортшы сынға түседі. Оның ішінде Әзірбайжан, Беларусия, Хорватия, Венгрия, Жапония, Қазақстан, Қырғызстан, Люксембург, Моңғолия, Черногория, Ресей, Словения, Тәжікстан, Америка Құрама Штаттары, Өзбекстан елдерінен барлығы 81 ер, 54 әйел спортшылар бақ сынайды.

Дзюдодан Қазақстан құрамасы бұл турнирге 22 спортшы қатыстырмақ. Оның 12-сі ерлер, 10-ы әйелдер. Жеребе тарту рәсімінен кейін спортшылардың жарыстағы алғашқы қарсыластары белгілі болды. Жарыстың алғашқы күнінде ерлер -60 кг, -66 кг, әйелдер -48 кг, -52 кг, -57 кг татамиге шығады.

Қазақстан құрамасынан ерлерден Сейдуалы Асылжан, Бауыржан Жауынтаев -60 келіде, Айбек Имашев, Азамат Мұқанов -66 келіде сынға түседі.

Әйелдерден Сайыл Ұлдана -48 келіде, Алмұханбетова Гүлдана мен Түйтекова Айкүнім -52 келіде, Казиулина Анна, Севара Нышанбаева -57 келіде ел намысын қорғайды.

Қазанның 7-сі күні ерлер -73 кг, -81 кг, әйелдер -63 кг, -70 кг салмақтарда медальдар жиынтығын сарапқа салады.

Бұл жарыс күнінде еліміздің атынан -73 келіге дейінгі салмақта Елдос Жұмақанов, -81 келіде Арман Махамбетов пен Ерназар Хамзин жүлдеге таласады.

Әйелдерден -63 келіде Тасболат Әйгерім, -70 келіде Аелита Щербакова құрама намысын қорғайды.

Жарыстың соңғы күні, қазанның 8-де ерлер -90 кг, -100 кг, +100 кг, ал әйелдер -78 кг, +78 кг салмақтарда жарысты қорытындылайды.

-90 келіге дейінгі салмақта Жаңғабай Мейрамбек пен Әзиз Қалқаманұлы, -100 келіде Виктор Демяненко және Никита Азаров, +100 келіде Ержан Шынкеев бақ сынайды.

Әйелдерден -78 келіге дейінгі салмақта Зарина Райфова, Альбина Амангелдиева, +78 келіде Гүлжан Иссанова татами төрінде белдеседі.

 Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы турнирді қабылдаушы ел ретінде осы жарысқа 55 спортшы қатыстырмақ.