Туған күнге тосын сый: Қорқыныш пен қуаныш

Туған күнге тосын сый: Қорқыныш пен қуаныш
жеке
блог

Жақын адамыңды таңғалдырып, қуантқанға не жетсін! Әсіресе, меншікті мерекесі - туған күні жақындағанда ерекше сый жасап, түнгі 12-де есте қаларлықтай етіп құттықтағың келеді. Ол үшін жақсы идея керек. Студенттік кезең қызықты өту үшін сабақты да, іс-шараны да жандандырып жіберетін біздің оқу тобы мұндай «тосын, шытырман оқиғаны» құрастырудың шеберлерінен құралғандай.

20-ға аяқ басқан Мерейдің туған күнінде «алып қашу операциясын» ұйымдастырдық. Әрине, басты «әртістер» құрамында мен жоқпын. Қолымнан келмейтінін білем ғой.

Кешкі мезгіл. Сабақтан қайтып келе жатқан Мерейді екі жігіт ұстап алып, көлікке отырғызады. Бірі сол оқу орнында оқитын таныс жігіт. «Сені алып қаштық, Жақын ауылда ағам бар. Соған әпермекпіз» деп телефонын алып қояды. Алғашында таңқалып, сенбеген ол көліктің қаладан шыққалы жатқанын байқап жылап қоя береді. Қасындағы бала «орамал дайын ба» деп әлдекімдерге хабарласқан сайын, қорқып, жолға да қарай алмай, көзінен жасы моншақтап, айқайлап қояды. Бір уақытта көлік кілт тоқтайды.

Жағалай шарик ұстап, суретін шығартып, «туған күніңмен» деп әндеткен өз достары... Гүл мен сыйлықтарын ұсынып, құттықтаудың өзге жолын ойластырған оларды көргенде қалай күлмесін. Алдаған группаластары да, алданған ол да мәз.

Бірақ бұлай құттықтау дұрыс емес қой негізі... Тәртіп сақшыларына әлдекім хабарласып, бір қызды жігіттер алып қашқанын айтыпты. Солай «әртістердің» бұл ойын үшін жауап беруіне тура келді. Бірақ бәрі жақсы аяқталды.

Ал екінші бір қызық қыс айында болды. Ақпанның аязы бетіңді шымшып, ақ қар қаланың кешкі жарығына шағылысады. Түнгі 12-ден кейін Гүлмираның дүние дадарымен қауышқан күні. Арай, Асылзат үшеуі бірге тұратын. Сол күні кинотеатрға барам деп Арай үйден ертерек шығып кетіп, қайта-қайта, «ертең туған күнің, не апарайын» деп «звандап» қояды. Алайда түнгі 23:30-да тыныштыққа күтпеген жағдай килікті. «Жол полициясы» Гүлмираның телефонына хабарласып, орталық алаңдағы көшенің бойында досының «көлік апатына» (Алла сақтасын) ұшырағанын айтып, тез келуін сұрайды. Әрине, басында сенбейді. Біздің «жол полициямыз»  даусын қатайтып, өзінің аты-жөнін, соңғы терілген номер Гүлмиранікі екенін айтып, сендірді-ау. Оған үйдегі Асылзат та үлес қосып жатыр. «Бүгін бірдеңе болатынын сезіп едім» деп, жылағысы келген боп Гүлмираны асықтырып, үрейін ұшырады. Ебіл-себіл боп көліктен түскен туған күн иесін қорқынышты жағдай емес, алаңдағы керемет отшашу қарсы алды. Тағы да сол түрлі-түсті шариктер, гүлдер, тілектер... Арайды құшақтаған Гүлмира жылап тұрып күледі...

Бірақ бұған дейін де ұйымдастырушылардың біраз кедергіден өтуіне тура келді. Алаңда қытымыр қыстың күні күйбеңдеген бізді көріп, «не бүлдіргелі жүрсіңдер»  деп тәртіп сақшылары жетіп келсін. Дереу төлқұжат сұрады. Достарым көрсетіп жатыр. Ал менікі жоқ. Облыстық кітапханада қалған. «Осы күні адам кітапханаға барып кітап оқушы ма еді? Онда төлқұжат қалдыра ма?» деп ағай сенімсіздікпен қарағаны. Біртүрлі боп қалдым. Бірақ жағдайды түсінген соң олар да жөніне кетті.

Бір сәтте қорқыныш пен қуаныш. Есте қаларлық туған күн. Жылап тұрып күлу. Сізде осындай қызықтар болды ма? Қалай ойлайсыз, мұндай тосын сый дұрыс па?

 Бірақ енді бұлай етпейтініміз анық. Оқу бітірдік. Жиырманың жон арқасындамыз. Ұятты...