Тері күтіміндегі 4 қылмыс

Тері күтіміндегі 4 қылмыс
жеке
блог

Менің мінсіздік пен тері сұлулығына деген құмарлығым, жәй қызығулықтан фанатизмге айналып кеткелі қашан. Алғаш, косметикалық өнімдер сататын сауда нүктемді ашқан сәттен бастап, нәзік жандылардың алып армиясы күтім туралы сұрақтармен шабуылдай бастады.

Ащы шындығын айтсақ, біздің аруларымыздың сұлулық сауаты толығымен ашылмаған. Тіпті көпшілігінің терісіне деген қарым-қатынасы жаға ұстады, ал айналарының алдындағы крем құтыларының құрамы парабен мен силикон сияқты құдай атқырлардан тұнып тұр. Жеке блогымды жүргізуімнің басты себебі осы. Сіздерді зияннан алшақтатып, пайдалыға нұсқаулық жасау.
Бүгін, теріге қатысты жиі кездесетін 4 қылмыс туралы айтамын. Осы 4 нәрсені жасау теріні қорлау деп түсініңіз.

1. Жуынудағы қателіктер. Естіп ығыр болсаңызда айтайын! Әр күтімнің бастапқы этапы, іргетасы тазалау. Теріңіз дұрыс тазаланбаса қымбат кремдеріңіздің нәтижесі нөлге теңеледі. "Тек сумен ғана жуынамын..." немесе "Бетімді сабынмен жуамын" деушілер арамызда өте көп. Судың макияжды жуу былай тұрсын, күнделікті шаң мен тозаңды теріден аластатуға шамасы жоқ. Ал бірер жылдан соң бетіңіз кепкен мейіз құсап қалмасын десеңіз, сабынмен жуынуды да тоқтатыңыз.

2. Ұзақ деген тұзақ! Күтім деген кірпияз нәрседе әр нәрсенің шегін білу керек. Мысалға, шүберек маскаларды бетте жарты сағат ұстап, тіпті түнге қалдыратындар да бар. Біз барлығын асқындырғанды жақсы көреміз ғой, ұзағырақ ұстаған масканың нәтижесі бекемірек сияқты болып көрінеді. Бұл қателік, 15 минутта шүберек маска сіздің бетіңізге ылғал берсе, 20 минуттан асқан соң ылғалды өзіне қайта сіңіріп алады !

3. Балалар косметикасының "жанкүйерлері". 25 асып тіпті 30 ға келген шағында да дүкен сөрелерінен "әжімге қарсы" деген жазуды көріп, төбе шашы тік тұратын xанымдар да маған жақсы таныс. Балаларға арналған кремде әрине, бөтен қоспалар аз. Бірақ оларды балаларға қалдырыңыз! Нәрестенің терісі мен ересек адамның терісінің құрылымы екі бөлек. Ондай кремдердің құрамындағы минералды май біздің терімізде шөгіп қалады да ,ылғал өткізбейтін қабат түзеді. Уақыт өте келі құп-құрқақ терінің иесі болғыңыз келмесе, "ересек" косметикадан қашпағаныңыз жөн!

4. Тон құралдары, bb және сс кремдер қанша жерден қымбат болсын, құтысында бесеуі біреуінде деген жазуы болсын, мейлі , оларды жалаң теріге жағуға болмайды. Ешқашан! Олар соңғы бөлімнің ойыншылары . Яғни тек қана күтім құралдарынан ( тонер, сарысу, крем т.б. ) кейін жағуға рұқсат бар.

Осындай, сұмдық қателіктерден аулақ болып, кем дегенде күніңіздің 20 минутын теріңізге бөліңіз. Кейін ол сізге міндетті түрде алғыс айтады.