Жанарыма жас толған күн...

Жанарыма жас толған күн...
жеке
блог

Бүгін «қарттар үйіне» бардық. Негізі өзімді рухани дайындау керек екенін білдім. Жол бойы түрлі нәрсені ойлап, қалай жеткенімді  білмей де қалыппын. Меңгеруші бізді ыстық ықыласпен күтіп алды. Қарттар да біздің келгенімізді көріп, көңіл-күйлері көтерілді. Ән де айтылды, би де биленді, сыйлықтар да болды. Ұзақ уақыт қарттардың қимыл-қозғалысын, эмоцияларын байқай отырып, түйгенім:

1. Жыламаңыз. Керісінше, қарттардың көңіл-күйін көтеруге тырысыңыз.  Сонда, өзіңіздің де серігіп қаласыз.

2. Домбырамен күй тартудың керегі жоқ. Онсыз да күңіреніп жүрген жандардың күйігін еске түсіресіз.

3.  Қайрат Нұртастың, әуендері бір-бірінен аумайтын Төреғалидың, «қызыл өрікті» мүлдем қоймаңыздар. Өйткені, оларға «өтпейді». 70-80 жылдардың хит әуендерін қосыңыздар. Жастық шақтарын еске ала жүріп, сіздермен билеп, рухани демалады.

4. Өз энергияңызды сыйлай біліңіз. Әңгімелесіңіз. Қариялардың әрдайым айтары бар...

5. Сый бергенде, әрбіреуіне жетті ме, байқаңыз?! Көңілдеріне алып қалады. Олар да бала секілді. Мұқият көңіл бөлуді қажет етеді.

6. Қоштасарда тілек айтып кетіңіз. Сізге де ақ-тілегін арнары анық.

 Міне, осы жазылғандарды орындасаңыз, қарттардың бір күнін, ең бақытты сәттерге айналдырасыз. Кеш соңында, Айторы әженің айтқаны: «Бізге уақыт бөлгендеріңе рахмет. Ұзақ жасаңдар. Ата-ананың қадіріне жете біліңдер. Далаға тастамаңдар. Біздің күйімізді кешпесін. Балалар үйінде меңгерушілерді мама, папа дейді екен. Біздің де мама, папамыз аман болсын»-, деп жыларман күйде сөзін аяқтады. Бәріміз тығылып жылап алдық.

Ата-ананы аялайықшы. Мейірімді аямайық.Сан түрлі ой мазалап, қарттар үйінің биік ғимаратына қарап, жанарыма жас толып, ҚазҰу-ға қайттым.