...

...
жеке
блог
Кеше де жатақханада тыныштық болмады...Бірақ, оларды жазғырайын деп отырған мен жоқ. Керісінше кеше олар менің ет-жақындарым тəрізді көрінді. Кеш қарайған сайын ұлғайған қорқынышымды басып, жалғыз еместігімді сездіргісі келгендей...
Дегенмен, əлгі сүйкімсіз күлкінің иесі жоқ бұлардың арасында. Шеткі жақтан қоңыр самал желмен бірге қоңыр дауыс естілді құлағыма. Жүректен жүрегіме жеткен əн еді...Ғашық адам ол...Белгілі. Өнерге, өмірге, бір адамға...Жанындағылардың қошеметі де бала көңілін көкке көтеріп, одан сəйін əнін əуелетіп жатыр.Қандай бақытты жан! 
Ал, мен ше? 
Қатты суық болмаса да, өз-өзінен тоңып отырған мені ыссы шайы да, оранған көрпе де жылыта алмады. Өйткені менің жаным еді тоңған. Түрлі "көзге  көрінгіш бейнелерден" қорқып бала секілді жарықты қосып жатқанымен қорқыныштан ба, басқадан ба көзім ілінер емес. Мазасыздық бар əйтеуір. Мына қызыл кітаптың жанымда, жастығымның тұсында жатқанына үшінші күн. Əлі қолыма алмадым. Əлде бұл оның "мəңгілік махаббат жыры" болғандығынан ба екен?! Қалғандары ше? Қалған кітап та, ішіндегі сəл эпизодында болса да махаббат бар. Ал менің оқығым келмеді...Жоқ, мен махаббаттан жиренбедім, жауапсыз махаббатымды жырлап, түңілмедім. Маған əлі кездеспеді ол.
Ақыл айтқыштар мені сондай мұңлы санап, күтуімді сұрайды. Бəрекелді. Сабырым сыналып жатыр ғой. Ал мен күте алар емеспін. Туғаннан махаббатты аңсап туғандаймын бір. Ақын болғандықтан ба екен? 
Мен ғашық жанардағы жарқылды аңсаймын...Жүректің мазасыз соғуын, есалаң адамдай бір күліп, бір жылап, бір-ақ сəтте өмірден баз кешіп, бір-ақ сəтте бақыттан басым айналып, өзімді əлсіз сезініп,барлық менің санамдағы ауыр ойлардан, өткенімнен қорғанымның құшағына тығылып, қашып құтылғым келеді. Жай ғана еркелегім келеді. Жай ғана маған бір қос жанардың ерекше махаббатпен, мол сеніммен қарағанын қалаймын. Көп нəрсе ме?! Немесе мен дайын емеспін. Тəңіріме еш өкпем жоқ,  қарсы келмеймін. Тек кейде жансыз төрт қабырға төрт жағымнан қысқанда, аяқ асты жауған бұршақтан, соққан дауылдан қайда қашарымды, қалай төтеп берерімді білмеген сəтте...
Түнде түсімде, күндіз қиялымда...Кездеспесе де, қиялымда болса да тəтті...
Таң. Жаңбыр. Кофе. Балкон. 
Жаңбырдан өзімді көрем.
Жанымыз егіз тəрізді.
Түні бойы өлең тумай аласұрған кеудемді, мұң жеп қойған жанымды жұбатуға келгендей...