Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар...

Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363-ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар...
жеке
блог

Былтыр желтоқсанның 11 жұлдызында жарық дүниемен қоштасқан Маңғыстаудың тумасы Әбіш атаның шығармасын оқып отырып, ойыма сан ойлар келді.

Халықтың жазушысы, қоғам-қайраткерінің Қазақстан мемлекетінде билік пен руханилықтың екеуіне бірдей адал қызмет еткен, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист-жазушы атанған ешкімге ұқсамайтын ерен тұлғасын ерекше құрметтеймін.

Әбіш Кекілбаев – қазақтың сөз өнерін ғана емес, саяси ой-өрісін де кемелдендіруге көп еңбектенген мол парасат-пайымын өзгелерге аямай үлестіріп келген, ұрпақтарының ұлы атасы!

1965 жылдан өмірден өткенше халқы үшін маңдай терін төге білді. Бірнеше жыл бойы Елбасымыздың жанында мемлекеттік хатшы болып қызмет атқарды. Бұл саладағы еңбегі де зая кеткен жоқ. Еліміздегі әрбір өзгеріске, жаңа белестерге өзінің ерекше еңбегі сіңді десек қателеспейміз. Бұл жағынан Әбіш атаны, оның асқан дарынын барша қазақ елі, тіпті шет мемлекеттер де мойындай білді. Сондықтан да мен атақты қаламгер туған топырақта, Әбіш өсіп, ержеткен өлкеде өмір сүріп жатқаныма шексіз қуаныштымын. Халыққа деген ерен қызметін елі ешқашан елеусіз қалдырмады, қалдырмайды да.

1968 жылы Жұмекен Нәжіменовтің Әбіш Кекілбаев туралы: «Ол – ақылдың, мол білімнің, терең сезімнің тұнбасы. Тұнба қашан да салмақты, қашан да баяу. Ол ақса ырғып ақпайды, ырғалып ағады, көпірудің орнына, тұңғиықтана түседі. Алыстан орман қып көрсетіп, жетіп келсең, бес түп ши тұратын сағым мінез оның талантына жат. Онда жылтылдап көрінетін жез құбылмалылық жоқ. Ол көңілді арбайды, бірақ көзді алдамайды. Ал шынайы өнердің асыл мұраты – сол, кімді де болса алдамау ғой. Алдамаған жерде ақиқат та бар» – деген сөздері шығармашылығының тек ақиқаттан тұратындығының куәсі ретінде ерекше әсер етеді.Әбіш Кекілбайұлы

Кейде мен де Әбіш ата секілді еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси – әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбайтын халықтың жазушысы, айтқан сайын тереңдей түсетін үлкен әлем, рухани ұлы тұлға болғым келеді. Шын жазушыны, шынайы талантты танып-білу, бағасын беру оқушының, оқырманның көзқарасымен айқындалады. Біз оның шығармаларымен мектеп қабырғасынан бастап-ақ таныстық.

Әбіш Кекілбаев атаның маңғаз далам Маңғыстаудың өткені, бүгіні, болашағы жайлы «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты тарихи танымдық баяны, «Шыңырау», «Дала балладары» сияқты повестер жинағы, «Үркер», «Елең-алаң» атты романдары бүгінгі және болашақтағы ұрпағының сусындап, қуат алар бұлақ көзі секілді.

Атаның қаламынан шыққан өлеңнен бастап, сын кітаптары, әңгімелер мен хикаяттары, тарихи романдары әдебиет әлемінде өз орнын айшықтап алған шығармалар. Кішкентай ғана Маңғыстауымнан Әбіш Кекілбайұлы сынды ұлы тұлғаның шыққанын мен үлкен мақтаныш көремін. Қазақтың әдебиет әлеміндегі сиқырлы сөздерді бір-бірімен байланыстыра білген, ата, сіздің шығармаларыңыз ешқашан ескірмейді.   Оның   куәсі – бүгінгі ұрпақ белсенді оқырмандарыңыз.

Мен Әбіш жүріп өткен қиын жолмен жүргісі келетін ұрпақтарының бірімін. Оның 1985 жылы Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты еңбегінің шыққанына 80 жыл толуына орай «Айқын да сара жол» деп аталатын көлемді мақала жазып, «соғысқұмар» Батыс әдебиетін айыптағанына қарап, батылдықты үйрендім.  Қазіргі уақытта жиі қолданылатын «мәңгүрт» ұғымын да алғаш рет Әбіш атаның шығармасында пайда болғандығына қарап, әрдайым өткенді бүгінгі өмірмен байланыстыра үйрендім. Кейде өз еңбектерінде жақсы мысал, үлгі аңыздарды ұтымды пайдаланатындығына таң қаламын. Әбіш атаның кісілік келбеті біз үшін ғаламат тұлға екендігінен-ақ байқалады.

Атаның шығармалары, ойлары – ел қазынасы. Өмірі, өнегесі - жастарға үлгі. Бұл абыройлы шың биігіне Әбіш ата табиғат-ана мен Ай-ана сыйлаған ақыл-парасатының, қажымас қайратының, дара дарынының арқасында жетті.

Ана! О, ананың құдіреттілігіне шек жоқ-ау! Ұлы алып та анадан туады. Ата, сіздің керемет қанатты сөздердің иесі болып, халықтың қошеметіне бөленуіңіз де марқұм анаңыздың арқасы шығар деп ойлаймын. Себебі, «Анасын сүйгеннің баласын сүй» деп халық бекерге айтпаған. Халқыңыз сізді ең біріншіден ананы сыйлай білгендігіңізден сыйлай білді. Анаңыз сонау балалық шағыңызда әке орнына әке бола біліп, сізді «халықтың баласы» ретінде тәрбиелеп өсірді. Сондықтан да, ананың адам баласы үшін орны бөлек.

Әбіш ата «Құс қанаты» арқылы анасына сөзден ескерткіш қалдырса, маңғыстаулықтар атаны дүниеге әкелген ананың құрметіне тастан мүсін тұрғызды.

                  «Ағайынның алтын сарайынан,

                    Ананың лашығы артық»           

екендігі, Әбіш Кекілбаевтің анаға деген құрметінен-ақ байқалады. Келешек ұрпағының да атаның осы қасиетін бойына жиып өссе, онда келешегіміз жарқын болатыны анық.

Әбіш ата Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алған. Мен де атаның ізбасарлары секілді осы университетке түсіп, қанатымды қатайтып жатырмын...

Марқұм атаның жатқан жері жайлы болсын. Ин ша Алла...