Шетелде ақысыз баспана табу (CouchSurfing) туралы

Шетелде ақысыз баспана табу (CouchSurfing) туралы
жеке
блог

Couchsurfing (коучсёрфинг) дегеніміз не?

Қазақстанда couchsurfing (коучсёрфинг) туралы көп адам әлі күнге дейін білмейді. Алдымен, couchsurfing (коучсёрфинг) - бұл 7 миллион адам мен 246 елді біріктірген ашық интернет бағдарлама. Қолданушылар бір-біріне қонатын төсек немесе бөлмені ақысыз жалға береді немесе алады. Кей жағдайда, қолданушылардың өзара келісімі арқылы тамақ немесе басқа шығындарға ақша төленеді. Сол арқылы екі ұлттың адамы бір-бірімен жақындасып, тілімен, салтымен тереңірек танысады. Оған қоса, бағдарламаға тіркелу барысында әрбір қолданушы кіммен келетінін еңгізу керек және әрбір қолданған адам пікір қалдыруға міндетті. 

Бағдарламаның авторы - Кейси Фентон (Casey Fenton). Ол 2000 жылы Исландияға ең арзан билетті алып, саяхаттауға жол тартады. Бірақ қонатын жері болмаған соң, Исландияның 1500 студентіне хат жазып, оны ақысыз көрші ретінде қабылдауын сұрайды. Сөйтіп, ол көп студенттерден қолдау тауып, ақысыз түнейтін жер табады және жаңа жақсы адамдармен танысады. Міне, осы оқиғадан кеін, ол әлемде барлық саяхатшылардың өмірін жеңілдету мақсатында интернет бағдарламаны ашуды ұйғарды. Сол ұйғарым бойынша 2004 жылы сайт жұмысын бастап, қолданушыларға ұсынылды.


 

Пайдасы:

Біріншіден, бұл интернет бағдарлама саяхатта жүрген адамдарға өте қолайлы. Олар баспанаға шығынданбай, бағдарлама арқылы ақысыз түнейтін орын таба алады.

Екіншіден, сол елдің салты мен тілін тереңірек зерттеу. Бағдарлама саяхатшыға барған елдің тұрғынымен бір баспана астында тұруға ықпал етеді. Осы арқылы саяхатшы сол елдің салтымен, тілі мен діліне ікші жағынан үңілуге мүмкіндік алады. 

Үшіншіден, жаңа адамдармен танысуға мүмкіндік. Сайтта  әлемнің түкпір-түкпірінен әңгімеңіз жарасатын адамдарды табуға болады.

Сонымен қатар, өзге тілді жетілдіру. Бағдарлама арқылы өзге елде жүріп, сол елдің азаматымен уйде де, түзде де шет тілін жетілдіруге мүмкіндік аласыз.

Оған қоса, бұл өзара көмек пен ұлтаралық қатынастын тамаша үлгісі.


 

Алайда, коучсёрфинг бағдарламасының бірқатар кемшіліктері бар:

Алдымен жалға алушының қауіпсіздік мәселесі. Бұл мәселені алдын алу бағдарламада қарастырылған. Өзге адамға қонаққа бармастан бұрын, қолданушы ол адам туралы басқа қоныстанушылардың пікірін оқи алады. Мысалы, егер жалға беруші адамға 30 елден 30 адам жақсы пікір қалдырса, қорықпай сол адамға баруға болады. Басқа жағдайда мұқият болған жөн. 

Екіншіден, жалға берушінің қауіпсіздігі. Ол адам тапсырыс түскен кезде, тапсырыс берушінің профилін қарап, осыған дейін кіммен, қайда тұрғаны туралы, қанша адам және олардын жынысы туралы мәліметті ала алады. Сол мәліметтерден соң ғана, жалға беруші шешім қабылдайды.

Үшіншіден, алған баспананың жағдайы және тазалығы нашар болуы мүмкін. 


 

Сөз соңында, менің ойымша, бұл бағдарлама жаһандану үрдісіне өте жақсы қосалқы үлесін тигізуде. Менің жеке тәжіребиеме сүйене отырып, барша оқырманға осы бағдарламаны қолдануды ұсынамын. Алайда, бұл бағдарламаны қолдануда қыз бала жалғыз қыдырғанда мұқият болуы керек ал, топпен немесе отбасымен (сәбисіз) саяхаттаған кезде өте қолайлы.