"Талант" туралы миф немесе жеңіске не жетелейді?

"Талант" туралы миф немесе жеңіске не жетелейді?
жеке
блог

Әр адам баласы жастайынан бақытты болуды, жемісті жұмыс тауып, үлкен жетістіктерге жетуді армандайтыны шындық. “Ертең мен миллионер болсам екен, ойдағы армандарыма жетсем екен” деп тілейді. Жетістікке жету жолындағы адамдардың көбінде жеңіске не жетелейді және оған қалай жетуге болатыны туралы сұрақ туындайды. Осы жерде: “Менің қолымнан еш нәрсе келмейді; Бойымда қажетті табиғи талантым жоқ; Осындай дәрежеге ешқашан жете алмаймын”- деп қателесетіндер де аз емес. Алайда олар қажымай еңбек ету, істі ертеңге қалдырмай керек кезде кешікпей орындау, дағдылану мен үйрену сияқты аса маңызды нәрселерді жиі ескермей кетеді...

Сонымен ұлы жеңіске апаратын жол неден құралады? Адам бойындағы табиғи таланттан ба, әлде жылдар бойы ерінбей-жалықпай еңбек етуден бе?  Неліктен кейбір адамдар бір өнер саласын игеру үшін немесе бір іске дағдылану үшін маңдай терін төгіп, бүкіл өмірін арнаса, ал тағы біреулер сол істі ешбір қиындықсыз тез-ақ үйреніп алады?

Менің ойымша, ұлы жеңіске жету жолында жалғыз ғана таланттың болуы жеткіліксіз. Талпынысы бар адам кез-келген салада, қолөнер не спорт болсын, тынбай еңбектеніп өз-өзін жетілдірсе, талай шыңдарды бағындыра алуы мүмкін. Мысал ретінде, талай құлдырау мен биіктерден өткен, Гиннестің рекордтар кітабының рекордсмені және Азияның, Африканың, Австралия мен Американың барлық шөл далаларын жүгіріп өткен әлемдегі жалғыз адам болып саналатын Марат Жыланбаевты айтуға болады. Марат ағамыздың өміріне қысқаша тоқталатын болсақ, ол Екібастұз қаласында дүниеге келіп, сол жердегі балалар үйінде тәрбие алған. Бала кезінде Маратқа жүгірумен айналыса алмайтыны туралы айтылады... Бұған қарамастан, сол кезден бастап Марат Жыланбаев бойындағы күш-қуатын жинап, біршама жылдар бойы тоқтамай жаттықты. Нәтижесінде, оның рекордтарын бірде-бір адама қайталамайтындай етіп, өзіне және бүкіл әлемге мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін дәлелдеді. Міне осындай табысты адамдардың тәжірибелеріне сүйене отырып, үлкен жетістік- ерең еңбек пен таланттың қосындысынан тұрады деген қорытынды шығаруға болады. Қандай да болмасын іске қабілеті жоқ адам болмайды.

Өмір-өзен, ал адамзаттың тағдыры- сол өзеннің ағысы боымен жүзіп жатқан кеме. Кез-келген адам сол кеменің ішінде отырып, оның бағытын өзі өзгертіп қадағалай алады. Сондықтан, адамның жетістіктерге жетуі- табиғи талантының бар-жоғына қарамастан, тынбай еңбектенуіне, ынтасына және өз күшіне деген сенімділігіне тікелей байланысты.

Осы жазған мақалам оқырмандарды ерекше әрекеттер мен жетістіктерге жетелеп, өздеріне және өз қабілеттеріне жаңа көзқараспен қарайтынына үміттенемін.