Ежелгі дәстүрлер

         Халқымыз ежелден-ақ салт-дәстүрге бай. Қазақтың өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азықтардың, яки, дәстүрлердің барлығы дерлік бүгінгі күнге дейін сақталды деп айта алмаймыз.Ұмытылып кеткен, не халық жадында жүрсе де орындалмайтын дәстүрлер баршылық. Әрине, ғасырлар бойы бодандық тәртіптің қырсығынан дәстүрлердің ережесі де бұзылған болар. Десек те, дәстүрді өмір сүрумен тең құқылы дәрежеде алып жүруіміз қажеттілік секілді. Ежелгі дәстүрлердің ішінде, азын-аулағына тоқталып өтейік:

         Дегене – деген ұғым қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық көне дәстүрлерінің бірі. Ертеде екі немесе үш жігіт өзара бас қосып, өз аулындағы дәулетті деген үйге арнайы барып, "дегене жеуге келдік" – деп базыналық білдіретін болған. Дегененің де өзіне тән шарты бар. Қожайын бір семіз қойды сояды да, басы мен сирағынан, ішек-қарынынан және басқа мүшелерінен мол етіп асып, әлгі жігіттердің алдына қояды. Дегене жеуге келген жігіттер өздеріне арнап сойылған қой етінің пісірілген  мүшелерін түгелдей жеп және сорасын ішіп кетуі шарт. Егер де осы шартты орындаса, қойдың құны сұралмайды. Ал, етті тауыса алмаса, қойдың құнын төлеуге тура келеді. Дегене дәстүрі халқымыздың жомарттығы мен мәрттігін  және айтқан сөзде тұратындығын айғақтай түседі. Сонымен қатар, бұл дәстүр ұлтымыздың бауырмашылдығы мен қонақжайлығын білдіретіндей.

          Қазақ халқында нағашы мен жиен арасындағы шынайы сыйластық пен татулықты білдіретін ертеден келе жатқан дәстүрдің бірі – "Жиенқұйрық" деп аталады. "Еттің дәмдісі – бүйен, нағашыға жақыны – жиен" деген мәтел осы тұста ойға оралады. Халықтық дәстүр бойынша жиен нағашыларға еркелеп қалаған затын немесе қалаған малын, яғни "жиенқұйрық" алуына толық еркі бар. Ал нағашылары жиеннің бетін қайтармай, сұраған затын не малын үш ретке дейін ешбір қарсылықсыз әрі қынжылмай беруі тиіс. Өйткені, жиеннің анасы өз бауырың болғандықтан, жиенге қарсы келуге болмайды деп есептелінеді. Сондықтан да, жиен де нағашыларына ерекше еркелеуге құқығы бар. "Нағашыңды сыйлай біл, ақ сүті үшін анаңның, жан жарыңды сыйлай біл бақыты үшін балаңның" деген нақыл сөз нағашы мен жиен арасындағы шынайы сыйластықты айғақтай түседі.  Ертеде жиені нағашысының үйіне алғаш рет еркелеп келгенде, "бәсіре" деп тай немесе  құнан беретін дәстүр болған.

         Ерте кездерде халқымыз әр түрлі айтулы тойларға ерекше мән беріп, алдын ала жан-жақты дайындық жасаған. Келін түсіріп, ұл балаларды үйлендіру тойының жөн-жоралғысына, сән-салтанатына жасалатын түрлі ұлттық кәделерге ерекше көңіл бөлген. Осындай қуанышты тойлардың бірі – келін түсіру тойы деп есептеп, соған орай "той малы" деген дәстүр қалыптасқан. Бұл дәстүрге әрбір құда жағы өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе қой және т.б мал әкелуге ұмтылған. "Той малы" дәстүрі екі жақтағы татулығы мен ынтымақтылығы дәнекер болатын ерекше дәстүр деп есептелінеді.

         Ежелгі көшпенді қазақ халқының дүниетанымында тотемдік табынуды білдіретін ұғымдар бойынша жануарлардың ішіндегі ең киелісі және қасиеттісі болып саналатын түйеге байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүр және түрлі ырымдар көптеп кездеседі. Соның ішінде "түйе шешу" ойыны көнеден қалған әрі сирек орындалатын ойындардың бірі болып есептелінеді. Бұл ойын туралы тарихшы ғалымдар арасында да әр түрлі пікірлер бар. Бұл ойын кей жерлерде "тайлақ тарту" деп те аталады. "Тайлақ тарту" немесе "Түйе шешу" ойыны ертеде көбіне тойларда немесе ас бергенде ғана ойналады. Ойынның шарты бойынша қазыққа боталы інген байланады. Оның үстіне қалы кілем жабылады. Кісі қазыққа байланған інгеннің жібін тісімен шешіп алуы тиіс. Осы шарттар орындалса, боталы інген мен үстіне жабылған қалы кілем де сол кісіге сыйға беріледі.

         Тағы бір дәстүріміздің бірі – қымызмұрындық. Ол – халқымыздың ежелден жылқыға байланысты қалыптасқан шаруашылық дәстүрінің ең айтулысы. Қымызмұрындық – қазақ халқының  Ұлыстың ұлы күні – Наурыздан кейінгі үлкен мерекесі болып саналады. Бұл мереке – Сарыарқа алқабында "биемұрындық", Батыс Қазақстанда – "қымызмұрындық", Шыңжанда – "биебау", ал Монғолияда – "биебайлар" деп аталады. Қыстан қысылып шыққан ел көктем туысымен жаны жадырап кең жайлауға қоныс аударып, төрт түлігін төлдетіп қуанышқа бөленеді. Қымызмұрындық дәстүрі кезінде желі басына жұрт жиналып, бие желініне, сауырына, құлынның кекіліне, қазық басына, желіге май жағылып, "құтты бол, сүтті бол, өсімтал бол" деген тілек айтылып бата жасалады. Қымызмұрындық салтанаты тарқамай жатып-ақ биенің алғашқы сауымы басталады. Бұл дәстүр кейде "Қазық майлау" деп те аталады.

         Қымызмұрындық мерекесі қазір де еліміздің кейбір аймақтарында тойланады екен. Бұл дегеніміз дәстүрге деген сыйлылық деп білеміз. Осындай дәстүрлерлер барда, қазақ қашаннан да қазақ болып қала бермек.

Дәстүр де, дәстүрді жаңғыртатын ұрпақтарымыз да көп болсын!



Бөлісу: