ҚазҰУ-да  100 кг бауырсақ таратылды
жеке
блог

ҚазҰУ-да 100 кг бауырсақ таратылды

Елімізде 22 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері мерекесі деп аталып келе  жатқанына 25 жылдың жүзі  болды. Ширек ғасыр ішінде ұлан ғайыр жерімізде  жүз  отыздан  астам ұлт өкілдері тату-тәтті  өмір кешіп, әрбір ұлттың ана  тіліне  құрмет көрсетіліп, мемлекеттік  тілге  ерекше  ықылас  бөлінуде. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының өз ана тілінде  сөйлеуге  құқы  бар.  Туған тілін өлтірмей  ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізу ұлтының ертеңін  ойлаған әрбір халықтың  жүрегінің  түбіндегі орындалуы  тиіс армандардың бірі.

 «Тілі жоғалған  жұрттың  өзі де жоғалады»,- деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ана тіліміздің ауқымын  кеңейтіп, мерейін  үстем ету үшін түрлі  іс-шаралар өтуде. Қара шаңырақ Әл-Фараби  атындағы  Қазақ  Ұлттық университеті де  тілдер күнін назардан тыс  қалдырмады. «Сұңқар» студенттер мен  магистраттар кәсіподағының ұйымдастыруымен дәстүрлі  түрде өтетін «Бауырсақ Party»  науқаны биыл да өз жалғасын тапты. Акциянының мақсаты ана  тіліміздің мәртебесі  мен ұлттық  дәстүрімізді ұлықтау. Қазақ  тіліне  деген құрметтің  жоғары екендігін көрсете  білу. Акция ҚазҰУ кампусының барлық аймақтарын қамтыды. Факультет оқу  корпустары мен «Мәңгілік ел» студенттер мен  түлектердің салтанатты  қақпасының алдында  бауырсақтар  таратылды. Бауырсақтан дәм  тату  үшін  алдымен  тіл туралы  мақал-мәтел немесе  қара  өлең  оқу керектігі басты  назарда  болды. Сонымен қатар, І Халықаралық "Бір белбеу - бір жол" атты симпозиумына келген шетелдік қонақтар да бауырсақтардан дәм татып, разы болды.

ҚазҰУ-ға келген шетелдік қонақ бауырсақтан дәм татуда

ҚазҰУ-ға келген шетелдік қонақ бауырсақтан дәм татуда

Ерекше  акцияның  соңы  университеттің өнерлі  жастарының  шағын  мерекелік  концертімен  аяқталды.  Ұлттық  аспаптарымыз  домбыра  мен қобыздан күй  шертіліп,  ән  айтылды. 

Сұңқардың өнерлі жастары

Сұңқардың өнерлі жастары

"Бұл ҚазҰУ  деңгейінде  өтетін ауқымды  шаралардың  бірі. Осы  акция  арқылы  студенттердің  тіл  мерекесіне салғырт  қарамайтындығын, ана  тілімізге  деген  құрметтің  жоғары  екендігін  көрсететін бірден-бірі  орны  ерекше науқандардың  бірі",-деді кәсіподақ төраға  міндетін атқарушы Шұғыла  Бүрлібаева.

Университет оқытушыларымен белсенді жастар

Университет оқытушыларымен белсенді жастар

Тіл - халық  қазынасы, ұлттың жаны. Бүгінгінің кешегіден қалған, ертеңгіге  аманат етер асыл  байлығымыз.  Мерейін  асқақтатып абыройын  артыратын да, түрлі жаргон  сөздермен  ластап құтын қашыратын да өзіміз. Сондықтан да әкеміздің  қанымен,  анамыздың  ақ  сүтімен  дарыған  ана тілімізді  ардақтай  білейік. Мереке құтты болсын!

 

  Дайындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика  факультетінің  студенті Күнту Арынбек