Біз қалай сөйлейміз?

Біз қалай сөйлейміз?
жеке
блог

      Достар, біз күнделікті өмірде қалай сөйлейміз? Паразит сөздерден құтыламын деп мақсат қойғанмен, тіл тазалығын сақтай алмай жүрміз, солай ма? Біздің сөйлеу тіліміздегі басты кемшіліктер қандай екенін білесіңдер ме?! Ойланып көрмеппіз, солай ма? Олай болса, мен айтайын. Жастар арасында жиі кездесетін тіл нормасын бұзушылықтарға дөрекі сөздер, яғни, дисфемизмдерді,  сленг сөздер мен жаргон сөздерді, кірме сөздер мен заманауи «сәнді» сөздерді жатқызамыз.

Дисфемизм – қалыпты  қолданылатын зат, құбылыс атауларын неғұрлым дөрекі, тұрпайы атаулармен ауыстырып айту. Дисфемизм кеміту, жаратпау мағынасында қолданылады және әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Ауызекі сөйлеу стилінде жиі қолданылады. Дисфемизмді ғылымда “какофемизм”деп те атайды. Қазіргі таңда біз жап-жақсы сөздерді де өзімізше түрлендіріп, дисфемизмге айналдырып аламыз. Мысалы, ботаник – биологияның өсімдіктер саласын зерттейтін ғалым. Оны “Ботан” деп қысқартып алып, “Оқымысты” деген келемеж мағынасында қолданамыз. Сондай-ақ, дисфемизмнен дисфемизм жасап аламыз. “Жынды” деген сөзге орыс тілінің  -ский жұрнағын жалғап алып, “жындыларский” дисфемизмін тудырған да біз. Осындай дисфемизмдердің қатарын маймыл, тауық милы, қырт дейтін жғымыз өздер толықтырып тұр. “Іріген ауыздан шіріген сөз шығады” демекші, достар, осындай дөрекі сөздер біздің мәдениетсіздігімізді танытады. Сондықтан, абай болайық! Бірақ, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған бұл “паразит” сөздерден арылу қиынға түспек. Дегенмен, сөздік қорымыздағы осындай сөздердің қатарын азайту шаралары мектеп қабырғасынан бастап тұрақты жүргізілсе, тіл тазалығы сақталар еді.

Жаргон  сөздер – белгілі бір  әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі. Жаргон (jargon) – француз тілінен аударғанда шамамен, ал голло-роман тілінде бос сөз деген мағына береді.  Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін жаргон сөздер: “тормозы  ұстап қалды”, “зависать етіп қалды” -бір жағдайдан шешім таба алмай қалды мағынасында қолданылса, “типаж болу”, “блатной болу”- менменсу тіркесімен байланысты. “Құлаққа лапша ілу”- өтірік айту,  “маяк тастау”, “гудок тастау”- қысқа ғана қоңырау шалу, осы сияқты толып жатқан «крутой» сөздер де сәнге айналып барады.

Жасөспірімдер арасындағы жаргон сөздерді ғылымда “Сленг” деп атайды.  Сленг сөздер – белгілі бір ортада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер. Сленг сөздерді не үшін қолданамыз? Оның бірнеше себептерін анықтауға тырыстым.

1) елден ерекше болып көріну үшін;

2) тыңдаушыларға әсер қалдыру үшін;

3) екеуара әңгімелескенде өзгелер түсінбеу үшін;

4) белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін;

5) кей уақытта әзіл ретінде де қолданылады.

Балалар, байқайсыңдар ма, біз есейген сайын, жоғары сыныпқа көшкен сайын сленг сөздерді жиі қолданамыз. Мысалы “ата-анаң білмей ме?”-деп сұраудың орнына “мама-батялар курста ма?”- дейді.  “Дүкенге барсаң, тіске басар немесе тамақ ала келші” деудің орнына “магазиннен сущняк, хавчик ала салшы”, “кешкісін қолың бос болса үйге қонақ болып кет” деудің орнына “кешке если че маған қарай тартыл” дейді. Рас, өз ортамыздан алшақтамау үшін немесе «білімді» болып көріну үшін нормадан ауытқып жатамыз. Осынымыз дұрыс па?

Кірме сөздер – тіларалық қарым-қатынас нәтижесінде бір тілден екінші тілге ауысқан бөгде тілдік сөздер. Қазіргі қолданыстағы сөздердің көпшілігі орыс тілінен енген. Мысалы, ферма, визитка, электрик, трагедия, миллион, комедия, компьютер сөздерінің қазақ тіліндегі балама атауларын таба алмаймыз. Ал қазақ тіліндегі баламасы бар номер-нөмір, единица – бірлік, чайник – шәйнек, завод – зауыт, самовар – самаурын сияқты сөздердің орысша нұсқасын қолданғанды жөн көреміз. Бұл сөздер қазақ ақындарының өлең-жырларында да орыс тілінде беріледі. Аталған сөздерді қазақтың төл сөздері секілді еркін қолданамыз. Тіпті, кейбір кірме сөздердің қазақша баламасын таба алмай, тілімнің ұшында тұр бірақ айта алмай тұрмын деп сылтауратамыз.

 

Жастар жиі қолданатын орыс тіліндегі сөздер

Қазақша мағынасы

 вообще

мүлде

Да ну?

Рас па?

короче

Қысқасы

уже

Тіпті

давай

Қане, әкел

В общем

Жалпы

значит

демек

Типа (того)

Сол сияқты

Так что

 сондықтан

Оқушылар диалогінен кірме сөздердің  қолданылу аясын айқын аңғаруға болады.

 

 

 

 

            Оқушының сөйлеу тілінің жұтаңдануы жасөспірімдер арасында тілдесудің ажырамас бөлшегіне айналып бара жатыр.  Дөрекі,жаргон сөздер мен қысқа  қайырып сөйлеу – өз қатарластарым арасында да қалыпты жағдайға айналған. Бұл қазақ тілінің қоғамдағы рөліне зор нұқсан келтіргенмен, пайдалы жақтарын да қарастырып көрейікші.

         1) Бейәдеби лексиканы қолдану – белгілі бір ортадағы қарым-қатынас жасаушы адамдарға бір-бірін тез түсінісіп, ортақ тіл табысу үшін көмектеседі.

         2) Қабілеті төмен оқушыларға құбылысты, тақырыпты қарапайым, жеңіл тілде түсіндіру үшін қолданылады.

         3) Адамдар үйреншікті, қысқа сөздерді қолдану арқылы уақыттарын үнемдейді

         Әрине, мен мұны дұрыс санамаймын. Ал бұл нормабұзушылықтарға  кім кінәлі? Қоғам ба, әлде заман ба? Бұл сауалға берер жауабымыз дайын “заманына қарай адамы, сонда біз қатарластарымыздан қалып, “отсталый” болып жүреміз бе?” Если че көппен көрген ұлы той деген ата-бабаларымыз – деп бұған ата-бабаларымызды да қосып қоямыз, рас қой?  Әрбір жақсылық пен жамандық өзімізден басталады. Өз тілімізді кұнделікті дұрыс қолдана алмасақ басқа ұлт өкілдерінен қазақ тілінде сөйлеуді қалай талап етпекпіз? Тілім, дінім деп жанын қиған азаматтардың  азаппен өткен күндерін, аяқ асты етіп, басқа тілден енген былапыт, дөрекі сөздерді қолданбай, ана тілімізде, дана тілімізде сөйлеп, қазақ тілінің мәртебесін биіктетейік  достар!

                                      Дана Маратова

                                      Әл-Фараби атындағы

                                      ҚазҰУ журналистика факультетінің

                                      2 курс студенті