Мұхтар ШЕРІМ. БАСТАР

Мұхтар ШЕРІМ. БАСТАР
жеке
блог

 

   Халықтың қағанағы қарық, сағанағы сарық болмаса да, еліміз өркениетке өлімсірей қарамайды, небір заманауй техникаларды сатып алып-ақ, адамның дене мүшелері алмастыра береді. Бүйрегіңіз, бауырыңыз ескірді ме, есіңізден тандырып, ота жасайды, қысқасы, осындай оташылардың арқасында дімкәстер мүлде азайды... Сізге жүрек керек пе, күрек керек пе? Әрине, мықты жүрек керек, иттің жүрегі болса да алмастыра аласыз! Енді ежірейіп қарамаңыз, сасқалақтап, үш-төрт тал шашыңызды тарамаңыз, адамның басын да алмастыратын болыпты!

     Сонау 1865 жылы америкалық жазушы Майн Ридтің жазған «Бассыз салт атты» романындағыдай, бассыз көлік айдаған адамды МАЙ инспекторы тоқтатпайды ма?

–Кешіріңіз, жылдамдықты арттырып келесіз...–деген МАЙ инспекторы кабинаға басын сұғады да, қақиып қалады. Өйткені, «Джип» рульінде бассыз адам отыр еді. Галстуг таққан, мойны бар, бірақ мойыннан әрі басы жоқ... Мұндайды көрген кез-келген адамның жынданып кетуі ғажап емес қой?! МАЙ инспекторының жүрегі тоқтап қала жаздап, өтірік ыржияды:

–Ке-кешіріңіз, басыңызды кім шауып тастаған?

–Сіз де кешіріңіз, басым міне, кабинада ілулі тұр ғой!

   МАЙ инспекторы алдыңғы айнаға ілінген жұдырықтай пластмасса басқа қарайды. Жұтынып, ернін жалайды.

–Мынау кішкентай бас... сіздікі ме? –деп сұрайды сосын.

–Айналайын, «Бас модернизациялау» министрлігі құрылғанынан хабарың жоқ па не? Министрліктен арнайы квота бөлгізіп, ана тілімді білмегендіктен басымды «Интеграциялау» департаментіне өткізіп тастадым. Құдай қаласа, бір аптадан кейін бапсымды орныма қойғызып, қазақ тілінде, өз ана тілімде бұлбұлша сайрайтын боламын.

–Ал, мынау не?

–Е, бұл уақытша бас қой. Соның арқасында қазақша сөйлеп тұрмын. Соның арқасында жол көріп, машина айдап келемін. Айтпақшы, бүгін тіл мерекесі екен ғой, құтты болсын!

   МАЙ инспекторы енді ғана есінен танып, жол шетіне шалқасынан түсті. Сол екен, қала халқы үрейдің астында қалды. Бассыз адам қолтығына басын қысып алып, үйіне «Ассалаумағалей­кум!» деп кіріп келетіндей, бар мәселесін біліп келетіндей қорықты. Қыздар да шыңғыра беретін болды. Жігіттеріне жолығып, кездескен сәттен  бас сипалайтынды шығарыпты. «Өзіңніңң басың ба? Чо- то басың үзілейін деп тұрған сияқты?» дейтін көрінеді.  Ал енді бір жігіттер: «Кеватрым, жепатрым...» деп қазақ тілін қорлап сөйлеуші едің, басыңды басқа сауатты басқа айырбастап кел! Сонда ғана сені сүйемін!» деп көздерін алартыпты.  Айтпақшы, әнеукүні облыс әкімінің кабинетіне бассыз адам кіріп барған екен, әкім аяғына жығылыпты дейді: «Енді халыққа есеп бергенде өтірік ақпар бермеймін, қалай біліп қойдыңыз? Кешіріңіз...» деп жылаған көрінеді. Соған қарағанда, үкіметтен келген бас па?... Құдай сақтасын, тілім жазықты, бассыз адам туралы БАҚ біткен жарыса жазды. Еліміз бойынша, елімізі несі, әлем бойынша басы жоқ адам  сол ғана шығар? Кейін сұрастырып көрсем, арнайы көңіл бөлсем, «Бас модернизациялау» министрлігі құрылған екен, содан бері талай мәңгүрт бастар ұрылған екен.  Орысшасы судай, қазақшасы удай министрлердің біразы бастарын алмастырып жатыр дейді.  Қазақша білмейтін басыңыздың желке тұсына флешка сиятындай тесік жасап қояды екен, сол тесіке аударма сөздер жазылған флешканы тыға саласыз, бітті, миыңызбен байланыс орнатылып, қазақша сайрай бересіз! Егер флешканы біреу суырып алса, орысша сөйлеп кететін көрінесіз. Сондықтан, шенеуніктер бастарын ешкімге ұстатпайды!  Осы жаңалықтан кейін елімізде бассыз министрлер мен департамент басшылары, әкім қаралар көбейді. Тіпті базар ішінде де орыс тілді бассыз адамдардың жүргенін көріп, тұра қашқандар болды. Бастарын қазақшалатуға өткізгендер ғой...   «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген осы! Сіздің басыңыз аман ба, әйтеуір?