О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым!

О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым!
жеке
блог

...Жер-ана тағзым еттім, басымды иіп,
Тұрады сен дегенде жаным күйіп,
Алғансың сұлулықтың бәрін жыйып,
Жартасың, шатқал, мүйіс, жалың биік...

Бөледің жақсылыққа барыңды үйіп,
Қой тасың домаланған,тағым дейік,
Аңсайды таза ауаңды жаным сүйіп,
Шарладым құмарлана саным ұйып...

Маңғыстау қорғаштаймыз арың биік,
Ойнақтап қыр басында сағым киік,
Туған жер қуат алдым құдіретіңнен,
Ашылды көкірегім шаңың тиіп.

Самал Адай

Ең алғаш қолға қалам алғанда бәріміз де «туған жер» тақырыбында шығарма жаздық қой. Пах, шіркін, сол кішкене кезімізден қалыптасқан «туған жерге деген махаббаттың» бүгін тағы да жан дүниемді баурап алуын-ай...

Маңғаз далам Маңғыстауым, қасиеттім, киелім! Мен сенің топырағыңда жаралғанымды қалайша қуанышпен айтатынымды білсең ғой, шіркін! Әбіш Кекілбаев: «Жасаған Ие осы бір құлазыған былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғамасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсың»,  – деп айтқанындай бұл өлкені көрмей жатып, көзбен шарлап ұғына алмайсың.

Маңғыстаудың Үстірті

Кішкене кезімнен жатқа білетін, үнемі айтып та, жазып та жүрген басты ақпарат: Академик Қ.И.Сәтбаевтің Маңғыстау түбегінің үстінен тікұшақпен ұшып бара жатып, бұл аймақты «ұйқыдағы аруға» теңеп кеткендігі. Қандай ғажап десеңізші...

Қарт Каспий – менің махаббатым! Кейде қатты қуанамын, осы Каспийдің болғанына... Мен оның жаратылысына, суының мөлдірлігіне, Маңғыстаудың шұқыр-шұқырында әр жерінен әртүрлі болып жатқандығына таң қаламын. Мен оның әр адамға шабыт беріп, мұңайып келгенді жұбатып, шабыттанып келгенді шарықтатып, жасып келгенді жадыратып, жамандап келгенді жабырқатып жіберетін өзіндік күшіне ғашықпын! 

Каспий

Айта берсең өте көп қой, әрине! “Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет” деп Бекет атамды, «Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстау» деп Маңғыстауда мекен еткен үш жүз алпыс екі әулиені, сан мыңдаған ескерткіштері мен тау тастарын, «Адай» деп ұрандаған ақын, әрі батыр Сабыр Адайларды, бұл өлкеден шыққан Әбіштер мен Әминдерді, бір бастасаң айта беретін бағалылары бір-бір тақырып қой...!

Шет мемлекетте жүрсеңіз, Қазақстанды сағынасыз, әрине! Бірақ бәрібір соның ішінде шыққан жеріңізді аңсайсыз ғой. Ол айдан анық. Сол сияқты мені де «жершіл» демеңіздер. Әрине, Қазақстанның бір түкпірінде өмір сүріп жатырмын. Шүкір.  Бірақ «ат айналып қазығын табар» демекші, мен де өз мекеніме сағына ораламын.

Сағындым! Бақытты сезінетін дархан ордам! Бір жерің бір жеріңе ұқсамайтын маңғаз далам! Жүрегіме жылулық сыйлайтын алтын қалам – Ақтауым! Менің отбасым... Мақтанышым - Маңғыстау!

Маңғыстау деген ақшағыл менен аппақ нұр,

Ар иманыңменен ақ босағасын аттап кір!                                                                                        

Не дегенменен тектіден туған тентектер,                                                                                 

Атаның салтын, ананың тілін сақтап тұр!

Сабыр Адай

Абылова Шалқар Абылқызы