Мұхтар ШЕРІМ. ҚҰМЫРЫСҚАЛАР ҚҰДАЛЫҚТА

«Махаббатта кеден бекеті болмайды!» – деп жатады ғой, Конго –қырым кенесі  қазақстандық құмырысқа қызға өлердей  ғашық болып қалды. Екеуі жасыл шөптің арасында кездесіп, жапырақтар үстінде тербетіліп, серуендейтін.

–Мен сені бір көргеннен сүйіп қалдым! Сен сондай әдемісің! Мүсінің керемет! Қыпша беліңізді айтсаңызшы! Аяқтарың қандай!–деп тамсанды аш кене.

–Қойыңызшы Кенебай ағай...

–Илеугүл қарындас... Мен... Мен сізді бүгін кешке алып қашамын... Маған тұрмысқа шығасыз ба? –деп сұрады Кенебай бойдақ.

–Сізді жөнді танымаймын да... Кім болып істейсіз?

–Адам өлтірушімін. Адамдарды шағамын. Олар менен өлердей қорқады...

–Зұлымдықпен айналысады екенсіз де.. Мен онда ойланамын... Бұрынғы жігітім осырақ қоңызбен хабарласамын...

   Конго-қырым кенесі құмырысқа қызды сол жерде зорлап, достарымен бірге алып қашты! Илеугүлдің ата-анасы мен мыңдаған туыстары «Бөтен ұлттың өкіліне тұрмысқа шықты! Өзіміздің еңбекқор құмырысқа жігітті менсінбеді ме?» деп алғашқыда айқай салғанымен, «Қайтып келген құмырысқа жаман» деген сөзден қорқып, ақырында тыныш тапты. Содан кенелер әулеті құмырысқа келіннің ата-анасын құдалыққа шақырды. Құдай басқа салмасын, құдалыққа қырық мың құмырысқа келгенде, кенелердің жүректері тоқтап қала жаздады. Жиған-тергендерінің бәрін шашты. Бас құда Сары құмырысқаға бидай дәні берілді. Құдағи құмырысқаға алтын жалатылған  қурай сынығы кигізілді. Шмал құдашаларда есеп жоқ, оларды қалай риза етулерін білмей, бастары қатты.  Ал, құмырысқа келіншектің артынан келген киім-кешек, азық-түлікте есеп жоқ! Жапырақ юбкелер, ағаш қиқымынан жасалған туфли дейсіз бе, қойдың құмалағы, құстың жүні...

   Құдалықтан кейін құмырысқалар әулеті қарсы құдалыққа шақырды. Құстар мемлекетінен Сандуғаштар сайрап, Шымшықтар асаба болды. Не керек, құдалық өтісімен,  Кенебай келіншегін Конгоға, өз еліне әкетті.  Арада ай  өтпей жатып, Кенебай адамдардың улауынан қайтыс болды деген қаралы хабар келді... Жесір құмырысқа жылап-сықтап, еліне қайта алмай, күн көрісінің нашарлап кеткенін айта алмай, қонақүйлердің бірінде жезөкшелікке салынып кетіпті... Туыстары оған ұялы телефон арқылы: «Бөтен елде қатын болғанша, өз еліңде отын бол!» деген СМС жіберді. Қайран, дәстүрі берік құмырысқалар-ай, қайда барасыңдар өзі? 



Бөлісу: