Мұхтар ШЕРІМ. МЕН СОНДАЙМЫН!

Мұхтар ШЕРІМ. МЕН СОНДАЙМЫН!
жеке
блог

  Біреулер әйелін ұрып жатады, араларында махаббат өлген, сонда да тұрып жатады.  Енді біреулер әйелін қызғанып пышақтайды, пышақтайды да , «ойбай кешір, жаным!» деп құшақтайды. Әйелін ағаш сиқты көріп, бензин шашып өртей салатындар да бар, балтамен ұрып, басын жаратындар да бар! Нәзік жандыларды, әлсіз жандарды қалай қорлайтындарын түсінбеймін.  Құдайға шүкір, өз басым, әйелім үшін мұңайып, күрісінбеймін!

   Кеше көршім айтады: «байқайсың ба? Әйелің жүретін сияқты...» дейді. Жүру керек! Керек десеңіз, жүгіру керек, жүрмегенде, еңбектеу керек пе екен? Аяқ не үшін берілді? Жер басып жүру үшін де! Мен де жүремін. Жүргенде қандай? Автобустарға отыруды суқаным сүймейді.  Өткенде іс сапардан келіп, түнде­летіп есік ашып кірсем... үйімнің төрінде... әйелім бөтен еркекпен қатар жатыр. Қуанып кеттім! Қуанғаным соншалық, әйелімнің көңілдесін құшақтай алдым: «Құдайым-ау, маған да келіншегімнің көңілдесін көретін күн бар екен-ау! «Көрмей, көңілдесінің қызығын көрмей өліп кетемін бе?» деп уайымдап жүрсем. Неткен бақытты жан едім! Менің жоғымды жоқтатпай, келіншегімнің дүрсілдеген жүрегін тоқтатпай, ең бастысы, жалғызсыратпай, қамқорлық қолын созғаны! Мен қызғанбаймын! Мен сондаймын! Қызғаныш түбі түрмеге апарады. Ал, екеуін де өлтіріп тастадым... Сонда не болды? Әйелім көңілдесінсіз, көңілдесі менің әйелімсіз, өзім жалғыз қаламын ғой?  Қызғаныш деген қызыл ит! Мән бермеу керек! Жүре берсін әйелім. Ел көрсін, жер көрсін, төсек көрсін... Отбасымызды сақтауым керек шығар? Онсыз да қаншама шаңырақ шайқалып, суық жүрісті әйелдердің қылығы байқалып... Мен ойлайтынмын, мұрыны пұшық, ұсқынсыз әйеліме тірі еркек те қарамайды деп... Сөйтсем... Пұшыққа пұшықтар қарап, еміренеді екен ғой! Әйелімді бағалап, құрметтегеніне рахмет! Қарамай қойса ше? Әйелімді құшақтағанына қуанамын. Адам адамға қасқыр емес қой? Құшақтасын! Құшақтаса, қақиып өліп қалатындай қызғанатындар бар... Мен әйелімді шексіз жақсы көремін!  Көңілдесін де... Өткен жолы оны үйге шақырып, қонақ етіп күтіп, сарайымыздың қабырғаларын сылатып алдым. Байғұс әйелімді жақсы көреді екен... Әйеліме қараймын деп біздің сарайға жапсарлас салынған көршінің сарайын да сылап жіберген ғой... Әне, мен сондаймын. Қызғаныш деген атымен жоқ. Көпшілмін. Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген бар. Біздің үйде күнде ұрыс емес, күнде той. Мен қалай іс сапарға кеттім болды, анау жылмаңдап жетіп келеді. Мен жоқта үйдің қисайған есіктерін жөндеп, есік алдын тегістеп қоятынын қайтерсің?  Кейде келмей қалса, әйелімнен бұрын өзім сағынатын болдым. «Әй, Пәленшең көрінбей кетті ғой? Не, ренжітіп жібергеннен саусың ба?» деп алаңдаймын. Басқа көңілдес тапқанын қаламаймын, мынаусына бауыр басып қалғандаймын...

  Ия, мейлі күл, мейлі жыла, мен әйелімді қызғанып көрген емеспін! Мен сондаймы–ы–ы–ын!