Мұхтар ШЕРІМ. ЖЕЙ БЕРСІН!
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. ЖЕЙ БЕРСІН!

Осы жұрт көре алмайды, біреудің қуанышын бөле алмайды, қызғаныштан қытығы келіп, не «өле» алмайды... Жетісайдың жеті әкімі қызмет бабын пайдаланып, жеген екен, «ойбай, жеті жалмауыз жеп кетті!» деп басылым біткен жарыса жазды, ал менің көршім: «Парақорларды да құрметтеу керек!» деп кетті. Дұрыс айтады. Жей берсін! Ауыз болған соң жейміз ғой. Онда тұрған не бар? Немене, қарның ашып, аш өзегің талып, ішің құрылдап, асқазаның шұрылдап, желкең үзілгенше жүре беруің керек пе? Жеті әкім жетіскеннен жеді дейсіз бе? Қарындары аш... Аш болған соң, «обедте» мемлекет  есебінен 100 миллион теңгені жеп қойған. Ойпырмай, жүдә өздеріңіз ақшаға қызықпайтындай? Алдарыңызда ақша жатса, албастыға айналып кетерсіздер? Негізі бар ғой, сіздер жеген адамды көре алмайсыздар! Қызғаншақсыздар! Немене, сол әкімдер сіздің үйге келіп, жалмауыздай жапырып, етіңізді жеп кетті ме?  Көрер едім, аш болсаңыздар! Африкада аш балалар тыриып, бастары қазандай болып, бұратылып, өлейін деп жатыр! Не, сонда біздің әкімдер аштан өлсін дейсіздер ме? Көшеде қабырғалары ырсиып, «нан... Бір үзім нан!»–деп ыңырсып жатқандарын қалайсыздар ма? Жесін! Ас болсын! Өткенде Шымкентте бір топ құқық қорғаушылар көлік жүргізушілерден емтихан аларда жеген екен, тағы да көре алмай, шулап кеттіңіздер! Олардың он шақтысы бірден ұсталғанда уралап шықтыңыздар! Аш адамдарға күлгенді сіздерден көрдім! Осы сіздер ештеңе жемейсіздер ме? Ауа жұтып жүрсіздер ә? «Ойбай, біздің елді жемқорлар жайлап алған, министрлерге дейін жейді!»– деп қоясыздар. Обшым түсінбеймін сіздерді, сонда немене, біздің елдің адамдары ештеңе жеместен, тек кококола іше береді деп ойлайсыздар ма? Премьер- министрімізді соттап тындыңыздар. Өмірінде бірінші рет тойып жеген екен. Сонда премьер- министр кабинетінде аш-жалаңаш, қарны қабысып, кіндігі қуығына жабысып, өлетін өгіздей өлімсіреп отыруы керек екен ғой? Сол керек пе сіздерге? Құдай бастарыңызға бермесін, әлемде аш адамдар бір үзім нанға қолы жетпей, бақилық болып жатыр! Ондай пәктілер менде толып жатыр! Аш болсаңыз, тауықтың тарысын тартып жейсіз, «Камазды» жүгімен артып жейсіз! Аш адамдарға қамқорлық жасап, «Жегеніңіз дәмді болсын, өміріңіз мәнді болсын!» деп тәтті тілек айтудың орнына сыртынан өсектейміз, болмаса түрмеге тоғытып, өтектейміз. Алматыда «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының президенті Василий Ни бір миллион доллар жеп еді, қызғанып шыға кел­діңіздер! Аш қой ол да! Аш адамға арыстандай тап бергенді қойсаңыз­даршы! Қайта бірігіп жеңіздер! Кім не жемей жатыр? Жегендерді бірінші көргендей таңданасыздар келіп! Адам болған соң жейміз де! Мал болсақ екен... Сиыр, бұқа емес шығармыз, жайылып жүрген? Ал, айтқыш екенсіздер, ешкілердің жемейтіні жоқ, неге соларды күндемейсіздер? Сосын «Анау анаған пара берді, өз тірлігін тындыру үшін бара берді!» дейсіздер. Әй, біреу «мә» деп беріп тұрса, ат терлетіп алдыңа келіп тұрса, неге алмасқа? Ұят қой! Менсінбеген сияқты... Алмасаң ертең қарғайды. Немесе саған беретін ақшасын жоғалтып алса ше? Ұрылар ұрлап кетсе ше? Обшым, адам емессіздер, тым қызғаншақсыздар, көре алмайсыздар! Мен де ашпын... бірдеңе жегім келеді!