Мұхтар ШЕРІМ. ҚОЛТЫҚТАСЫП ЖҮРЕЙІК!

Мұхтар ШЕРІМ. ҚОЛТЫҚТАСЫП ЖҮРЕЙІК!
жеке
блог

  Қазір адамдар өзгеріп «өшіп» кеткен, адамгершіліктері алты қыр асып, басқа жаққа көшіп  кеткен... Егер естен танып талтайып, аузың аспанға қарап, аңқайып, көшеде құлап жатсаң, «бір тамшы су!» деп көмек сұрап жатсаң, айнала қоршай тұра қалып, ұялы телефондарымен суретке түсіре бастайды.  Қызық үшін.  Террористер шабуыл жасап, полицейлеріміз жараланып жатса да, жапа-тармсағай суретке түсіріп жатамыз... Қызық үшін...

   Мен де бір күні сол қызық үшін, ұялы телефоныммен аузым тынбай сөйлесіп келе жаттым да, бір әйелдің қолтығынан алдым. Ол бетімнен бит іздегендей, бажырая қарады да:

–Мен сізді танымаймын? Сіз кімсіз қолтықтай жөнелетін?–деп қолын сілкіп жіберді. Оған қарайтын  мен бе, адамдардың пейілін байқағым келіп, келесі бір ер кісіні қолтықтай алдым. Ол селк ете қалып:

–Жарқыным, еркек еркекті қолтықтамайды. Былай итеріп жібереді! –деп кеудемнен итеріп жіберді. Екпініммен  мұрттай ұшып түсе жаздасам да, телефоныммен «сөйлескен» болып, тағы бір қыздың қолтығына жармастым. Ол бетіме де қараған жоқ. Ұрсып келеді:

–Мен енді сенімен жүрмеймін. Астыңда не «Джипің» жоқ, қуырдақтай қызметің де жоқ, базарда арба айдағаныңа болайын? Құрып кет ары, енді маған жолама! Неге үндемейсің? Білем, сен мені сүйесің? Бірақ, құрғақ махаббат ерін жыртады деген... Неге үндемейсің, а?

   Ол менің бетіме енді қарады да, қақиып тұрып қалды. Сосын барып, сылқ ете түсіп: «Өлә–ә, кімді құшақтап келе жатқанмын?» – деп бетін басып, қаша жөнелді. Осы адамар неге бір-бірімен өштеседі? Неге қылмыс көп? Қылмысты құрықтайтындар қылмыскерлермен неге ауыз жаласады? Неге біздер, адамдар бір-бірімізбен қолтықтасып жүрмейміз? «Қолтықтасып жүрейік!» деген акция өткізетін болсақ қой? Адамдар танысын, танымасын бір–бірімен бір мезгіл құшақтасып жүретін болса... Мен енді тағы бір кемпірді қолтықтай жөнелдім: «Рахмет айналайын, көшеден өте алмай жүр едім...» –деді. Арғы бетіне өткізгенімде: –«Ойбуу, шырағым, жаңағы тұрған жағыма өтуім керек екен ғой...» – деді. Өткіздім. Қолтықтап. Өтіп болған соң: – «Жоқ, қателесіппін. Ана жаққа өтуім керек екен...» –деп тұр. Аузында бірдеңе, жалпылдатып жеп тұр. Қолымды бір сілтедім де, галстуг таққан, көлігінен енді түсе берген шенеуніктің қолтығынан алдым. Ол қолымды қағып жіберді.  Онымен қоймай, пистолетін суырып алып, ата жаздады. Сөйтіп, мына көкең арам қата жаздады. Ұялы телефонымды құлағыма жабыстырып алып, кешірім сұрап, келесі апайдың қолтығынан... Апай да телефонымен әлдекіммен сөйлесіп келеді екен. «Жер деймін, жер! Жерді бір адамға қалаған гектарын сатпайды дейді ме? Қашан шыққан заң? Біздің отағасы ол заңды неге білмеген? Отағасы Өгемді сатып алғысы келеді, Өгем қорығын! Немене? Терещенко баяғыда сатып алып қойған?» Екеуміз қолтықтасып келеміз. Мен де әңгімеге кіріп кеттім: «Апай, енді... Бар мүмкіндікті қосамыз!» – дедім. Апайым  қояр емес: – «Мен ештеңе білмеймін! Мараторий мені қызықтырмайды!» «Көреміз апай, жер болмаса, аспаннан аласыз ба?» деп сұрадым. Ол мені қолтықтап келе жатып: «Аспаны несі?» деп сұрады. «Жаңа заң бойынша, аспан гектарлап сатылып жатыр дейді...» Апайым аң–таң... «Аспаны несі? Аспанға не егеді сонда?» Екеуміз қолтықтасып, бір үйдің ашық тұрған пәтеріне кірдік. Тура кеңестік кинокомедиядағы Шуриктей болдым.  Екеуміз қолтықтасқан күйі ас бөлмесіне кіріп, отыра кеттік. «Әй, Ләтипа, қызым, шәй  қойшы!» – деді бір кезде ол. Қызымен тапнысқым келіп тұрды да, ұят қысып, қолымды апайдың қолтығынан ақырын суырып алдым да, аяғымды еппен басып, сыртқа қарай қаша жөнелдім. Апайымның артымнан: – «Әй, жүз гектар аспан сатып аламын, қайда кеттің? Біздің аспанымыз да жекешеленіп кеткен!» деп мақтанайын да!» –деген даусы естілді. Жүгіріп келе жатып, ернімді жаладым. Сосын аспанға қарадым... О, аспан, төбемізде болғаның қандай жақсы болған, өйтпегенде, сен де сатылып кетер ме едің?  Адамдар, одан да, бір-бірімізбен қолтықтасып жүрейікші?