Мені асқақ еткен үш орда
жеке
блог

Мені асқақ еткен үш орда

Томпаң-томпаң қағып осы мектепке алғаш қадам басқаным әлі есімде. Себебі, бұл ордада шатаспасам, 4 жасымнан бастап шалқып жүрдім. Бұл мектеп мені жатсынбады, мен де оны өз үйімдей көрдім. Бірде анамның артынан қалыспай, бірде әкеме жармасып жүріп (екеуі де осы мектепте мұғалім) бауыр басып кеткен ордам бұл менің. Отқа кеудесін қасқайтып қойған Мәліктейін батырдың атымен аталатын білім ошағы менің болашаққа деген сеніміме іргетас болды. Қайсарлықты үйретті. 7 жылдық білімін берді. Балалықтың бал дәмін таттырды. Талай сүрінгеніме де, жеңістеріме де куә болып келді. Бұл мектептің мұғалімдері мен үшін бір төбе. Бастауыш сыныптан бастап мені батылырақ болуға да үйреткен солар. Бар білгендерін аямады. Мен де қолымнан келгенше барлық нәрсені қағып қалуға тырыстым. Оған қоса анам айтпақшы, мұғалімнің баласы оқымаса, қалғандары қайтіп оқымақ! Дәл осы сөздер өзіме мотивация болып қалыптасқан. Аса қатты даңқты мектеп болмаса да, оқимын дегенге білімнің алтын кілтін ұстатары сөзсіз. Бұл мектеп-менің ең алғашқы қалам ұстап, ең алғаш буындап оқығаныма, ең алғашқы әңгімелеріме, ең алғашқы спорттық (волейбол) жеңістеріме, ең алғашқы армандарыма куә мекен. Дәл осы үшін Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектеп менің жүрегімде мәңгілік. Осы ұядан қанат қаққан әр шәкірт менің ойыммен келісері сөзсіз. Ал ең бастысы бұл мектеп мені Дарынға апарар алтын көпір болды. 7 жылдық өмір майданынан өткізді. Кім білер егер осы ордада оқымағанымда, барлығы басқаша болар ма еді? Менің болашағыма жарық жұлдыз іспеттес бағдар берген ұям, алғысым шексіз өзіңе!

Арман. Сенім. Үміт. Дәл осы үш ұғым мені Дарынға әкелді. Алғаш емтихан тапсыруға келгенде, сен маған сондай суық едің. Сұп- сұр болып қасқайып, үрей тудырғансың. Ең алғаш бұл мектеп туралы естігенде де үрейлендім. Шыны керек, сенен қатты қорыққанмын. Сонда да сені өзіме жақын тарттым. Содан не керек, әйтеуір емтихан тапсырып, оқу жылы басталғалы жатқанда «Дарынға түстің» деген хабар келді. Әлгі қорқыныш атаулы мүлдем жоқ. Анам 6-сыныптан бастап «Қызым интернатта тұрады, Дарында оқитын болады» деп үнемі айтатын. Енді сол анамның жетектеген оқу орнының оқушысы болғаныма сену қиын болды. Кеудемді қуаныш кернеді еріксіз. Алайда, бұл қуаныш көпке созылмады.  Алғашында интернатқа келдік, жайғастық, таныстық бәріменен. Көктөбенің қасқайған көк төбесі мен суық түсті сұр ғимарат мені жатсынды ма, әлде мен жатырқадым ба, әйтеуір оқу басталғалы төрт күн өтер өтпестен анамды шақырып алып, қалмаймын дегенім бар. Оған қоса оқу, таң ертең алтыда тұру тағы бар дегендей сылтауларды үйіп-төгіп, анама алып кетіңізші дегем. Жылағаным соншалық, тағы бір-екі күн көзім ісіп жүрген. Иәәә, қазір дәл осыны айтып қүлесің еріксіз.  Осы сынды қызықтардың талайы өтті басымнан. 2 жылдық оқу, жоқ жай ғана оқу емес, 2 жылдық майдан десем болар... Міне сол 2 жылдық майданда өмірге деген көзқарасым 180 градусқа өзгеріп кетті бірден. Дарындықтардың ең жақсы қасиеті – бауырмалдық. Иә, мен интернатта өзіме әпке, аға тіпті іні, сіңіліні де осы ордадан таптым. Қиын кезде әрқашан жүзіңе күлкі ұялатар адамдар болғаны қандай жақсы. Бір қазаннан ас ішіп, бір үйдің балаларындай болып кеткен Республиканың әр шетінен келген тарландар Дарында бас қосқан. Иә, Дарындықтар – үлкен жанұя. Жалпы, интернат өмірі адамды өзгертеді. Жақсы жаққа, әрине. Балалық көңіліңді, еркелігіңді үйде қалдырып, дәл бір мектепке емес, жоғарғы оқу орнына келгендей боласың. Сапалы білім мен қазақы тәрбие бере білетін бұл орда шынымен де, киелі. Дарын-менің болашаққа нақты мақсат қоюуыма септігін тигізді. Дарын-мені биікке жетеледі. Дарын-мен үшін даралардың ордасы. Мен жатсынған Дарын-енді мен үшін таптырмас мекенге айналды. Түсі әлі суық болса да, жаныма жылулық береді. Алдағы 2 жылда да талай-талай қызықтар басымнан өтері анық. Себебі бұл-қызығы мен шыжығы жарасқан Дарын.

Арман-үміт пернесі. Армандай білмеген адамды мақсатсыз десек те болады. Ал мақсатсыз болашақ жоқ. Демек, арман - болашақтың бастауы. Менің болашағымның бастауы – ҚазҰУ. Мен жатырқамайтын, мені жатсынбайтын Дарыннан кейінгі жалғыз мекен – менің ҚазҰУ-ым. Әлі шәкіртің бола қоймасам да, ҚазҰУ-ым деп тәуелдеп айтуым – саған деген сенімім. Алып болсаң да, кішкентай жүрегіме сыйып кеттің. Өзіңе барған сайын бөлек, ерекше сезімде боламын. Жеткенше, өзіңмен қауышқанша, асығып, аптығып тұрамын. Тіпті барған сайын, зәулім ректорантыңның алдына міндетті түрде суретке түсіп кетемін. Кайтарда да, қимай-қимай Көктөбеге қарай бағыт аламын. Мені өзіңе сондай тартатын қандай күшке иесің ҚазҰУ? Иә, талай адам «Асықпа! Ерте шешім қабылдаған сияқтысың! Біраз ойлан!» деген сынды пікірлерді айтқан маған. Бірақ, меніңше, армандаудың ертелі-кеші жоқ. Тіптен адам болашағын ес жиғаннан – ақ жоспарлауы керек деген ойдамын. Сол себепті де, таңдауды ертерек жасадым деп айта алмаймын. Маған маза бермей жүрген  ҚазҰУ-дың журфагі ғой. Журналист – қоғамның бөлшегі. Журналист – қоғам пен халық арасын жалғаушы көпір. Осы сынды анықтамаларды журналистерге бере берсең, таусылмайды. Дәл осы мамандықты таңдау үшін адамға асқан ерлік керек. Жүректегі батылдық пен өзектілікті, өткірлікті талап ететін журналистика саласы мен үшін өте қызықты. Егер мен журналист болсам, халқыма адал қызмет етемін. Адал қызмет атқау үшін адал оқимын. Ант етемін. Арманыма жету үшін аянбай еңбек етуге де дайынмын.  Мені өзіне ғашық еткен мекен, сенің майданыңа Дарындықтардың бар күш-жігерін жиып, терең біліммен барамын. Мен сенімен, ал сен менімен мақтанасың әлі!