«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем аңғары

«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем аңғары
жеке
блог

«Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің Өгем аңғары

 Жалпы мектеп бағдарламасындағы Қазақстанның физикалық географиясы сабағынан Батыс Тянь-Шань тау жоталары Талас Алатауы, Қаратау, Өгем, Піскем және Шатқал тау жоталарынан тұратынын оқыған боларсыздар.

Аталған тау жоталары ежелден қазақ халқының ата қонысы болып келді. Батыс Тянь-Шань таулары өзінің қайталанбас табиғаты, флорасы мен фаунасымен ерекшеленеді. Таулы аймақтың осы экологиялық жүйесінің биологиялық әртүрлілігін, табиғи кешендерінің ерекшелігін, табиғи қорғалу қорының нысандарын, мәдени-табиғи мұраларды сақтап қалу мақсаты – «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркін құруға негіз болды.

Өгем тауы

Ұлттық табиғи парктің жалпы территориясы 149053 га болса, соның 76573 га, яғни 51,37% Қазығұрт ауданының аумағында жатыр. Осынша территорияны қорғау үшін Өгем, Бақшелпек және Келес орманшылықтарынан тұратын ұлттық парктің Өгем филиалы құрылған.

Сарқырама

Сусіңген сарқырамасы

Біз бүгін жоғарыда аталған орманшылық бөліністерінен қайталанбас табиғатымен ерекшеленетін Өгем орманшылығына қарасты Өгем аңғары туралы айтпақпыз.

Өгем аңғары


Теректі тоғайы

Теректі тоғайы

Биіктігі теңіз деңгейінен (ең биік нүктесі Сайрам шыңы, 4299м) 3000-4000м биіктегі мәңгі қар басқан Өгем тау жотасының қыраттарынан бастау алатын Өгем өзені табиғи әдемі су аңғарын жасаған. Өзен атауынан көне түркілік су культін көрсететін гидронимдік сөз жасаушы «-хем», «-кем», «-гем» жұрнағының байқалуы - өзеннің бір кездері халық санасында сақталған мифтік тарихи маңызы болғанын көрсететін секілді. Бұған жергілікті тұрғындар арасында айтылатын аңызға толы Өгем тауының Ордақонған, Ұлыжұрт пен Кішіжұрт жайлау-қоныстары қосылғанда өзеннің тарихи қатпары тереңдей түседі. Өгем өзені етек жағында Өзбекстанның Шарбақ бөгені маңында Шыршық өзеніне құяды.

Қызылбас шыңы

Қызылбас шыңы (3889 м)

Өгем аңғары - ауданымызда нағыз экотуризмді насихаттаудың қайнар көзі. Мұнда еліміздің азаматтарынан бөлек, алыс-жақын шетелдіктер де демалуды әдетке айналдырып келеді. Таза ауа мен табиғат аясында тыныққысы келетіндерден басқа да, Өгем жотасының сирек кездесетін жан-жануарлар әлемі мен фаунасына қызығатын келушілер көп. Мұнда 6 орындық шағын қонақ үй мен аңшылық үйі, 1-бақылау бекеті, 2-демалыс орындары  қызмет етеді. Атпен саяхатқа арналған Сусіңген мен Мақпалкөл көлдері бағыттарына 2 туристік соқпақ (маршрут) ашылған.

Аңшылық үйі мен қонай үйлер

Аңшылық үйі мен қонақүйлер

 

монша

Демалушыларға арналған монша

Көру алаңқайы

№1 көру алаңқайы

Сусіңген көлі – көпке танымалдығы аз, жету жолы қиын, Өгем тауының інжу-маржаны саналады. Сусіңген көлі теңіз деңгейінен 1907 м биіктікте Өгем жотасының оңтүстік бөлігінде, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан . Көл аумағы 3,5 мың ш.м. Әр жылы жаз маусымында көл жай өзен болып калып, кейін басқа маусымдарда қайта көлге айналады. Көп бұлақтан бастау алған Сусіңген өзені көлге келіп құйылады. Халық аузындағы кей аңыздарға сенсек, осы көлден сіңген су Шымкент қаласының ортасындағы Қошқарата өзенінен және Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура бұлағынан бастау болып шығады екен. Көлде дақты форель-осман балығы тіршілік етеді. Көлге ең жақын ауыл – Өгем елді мекені. Көлге алып баратын тура жол болмағандықтан, жаяу немесе атпен баруға тура келеді. Өгем елді мекенінен  31 км, (барып-қайтуы). Мезгілі мамыр-қыркүйек айлары аралығы. Бару жолы: Өгем елді мекеніндегі тексеру-бақылау бекеті - Өгем өзені - Айғыржыққан өзені  –  Жаужүрек  асуы (1873м) – Ақкөйлек шатқалы – Тоғыт асуы (2060 м) – Сусінген асуы. Жүру уақыты – 3 күн (барып-қайтуы). Аудан орталығы Қазығұрт ауылынан жалпы 106 км қашықта.

Сусіңген көлі

Сусіңген көлі

Мақпал көл - Өгем жотасының солтүстік беткейінде, теңіз деңгейінен 2290 метр биіктікте орналасқан. Осы ерекшелігіне қарай, кейде «Оңтүстіктің Титикакасы» деп те әспеттеліп жатады. Көл маңындағы шатқал баурайында итмұрын, сиверс алма ағаштары, арша және зерек кездеседі. Көлдің шығысы биік жартастармен жабылған, батыс бөлігі мықты тұйыққа тіреліп тұр, оңтүстік бөлігіне өзен құлап ағады, ал басты бөлігі – бұл сирек арша орманды кең альпілік шалғын. Көл аумағы шамамен 2000 шаршы метр, тереңдігі шамамен 15 м, суы мөлдір – көгілдір түсті, шілде-тамыз айларында су температурасы шағын жағажай орындарында 18 градусқа жетеді. Жергілікті тұрғындар арасында Мақпалкөл туралы аңыз-әңгімелер көп. Солардың ең қызықтысы - осы көлдің терең суын мекендейтін «су жылқысы» туралы аңыз кең таралған.

Мақпалкөл

Мақпалкөл көлі

Мақпалкөлге баратын туристік соқпақ альпі жайлауымен өтеді, қызыл кітапқа енген кауфман қызғалдағы жиі кездеседі. Аң кұстардан тау бүркіті, тау ешкілері, тян-шань аюы да мекендейді. Қазығұрт ауданынан Өгем елді мекеніне дейін авто көлікпен 75 км, Өгем елді мекенінен Мақпал көлге  дейін 45 км. Өгем елді мекенінен ары қарайғы бағыты жаяу–атты, бару мезгілі шілде-қыркүйек айлары аралығы. Бару бағыты: Өгем тексеру-бақылау бекеті – Өгем өзені – Диірменбастау шатқалы – Папутный асуы (2790) – Мақпал көлі, жалпы 45 км. 3 кундік туристік соқпақты жаяу немесе атпен жүру керек.

Мешіттас

Мешіттас жартасы

Қырыққыз– көне тарихи, табиғи ескерткіш. Бұлай аталатын ескерткіш Қазығұрт аумағында екеу. Біреуі – Өгем аңғарында, екіншісі Аққұм ауылының жоғары жағында. Ел сенімінде көп замандардан бері табиғаттың өзі жаратқан киелі ескерткіш болып саналады. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелерге сүйенсек, бұрынғы жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп жатқан 40 қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар құдайға «Елімді, жерімді жауға таптатқанша, мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр!» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады.

Қырыққыз

Қырыққыз табиғи тас мүсіндері

Күйеутас

Күйеутас табиғи тас мүсіні

«Сайрам-Өгем» табиғи ұлттық паркінің Өгем филиалы территориясын мекен ететін 7 сүтқоректі аң (қар барысы, тяньшань қоңыр аюы, үнді жайрасы, мензбир суыры, тас сусары, сібір тау текесі, құлақты кірпі), 7 құс (бүркіт, қоңыр кептер, көк құс, жыланшы қыран бүркіт, қара ләйлек, үкі, ұлар),  өсімдіктердің 62 түрі (Мыңжылқы усасыр папоротнигі, шолпаншаш сүмбіл, Зеравшан аршасы, Қаратау қауы, Корольков шаяноты, Леман иткүшаласы, Сары лапыз, Кессельринг лапызы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Піскем жуасы, Афлатун жуасы, Северцов әсиясы, Альберт құртқашашы, батпақ жылантамыр, т.б.) ҚР қызыл кітабына енген.

Қоңыр аю

Тянь-Шань қоңыр аюы

Ұлттық парктің территориясының Қазығұрт ауданына қарасты Өгем аңғарында Қырық қыз, Күйеутас секілді табиғи тас мүсіндері, Ордақонған, Ұлыжұрт, Кішіжұрт тарихи қоныстары мен тарихы тас дәуіріне кететін үңгірлер және олардан өзге де 25-тен астам тарихи нысандар тіркелген. Аздап болса да зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ірі-ірі ортағасырлық қалалар мен қоныстардың қирандылары көп. Егер, жан-жақты зерттеліп, насихатталса, "Сайрам-Өгем" ұлттық табиғи паркінің экотуризм туристік соқпақтарына тарихи танымдық маршруттары да қосылып, қызықты бола түсер еді.

Таутеке

 

Мақала Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі туризм секторының материалдарымен дайындалған